Қазақстан • 29 Мамыр, 2019

Энергетика жабдықтарымен қамтамасыз етеді

981 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары Подольск машина жасау зауытымен келісімге қол қойды.

Энергетика жабдықтарымен қамтамасыз етеді

Ресейлік компаниямен келі­сім­ді қазақстандық «Maker (Мэйкер)» ЖШС, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ және «Қазэнергомаш кор­по­рациясы» ЖШС жасасып отыр. Индустрия және инф­ра­құ­рылымдық даму министр­лігін­де өткен шараға министр Роман Скляр, министрлік өкілдері, Подольск машина жасау зауы­тының басқарма төрағасы Алексей Рубцов, қол қоюшы кәсіпорын басшылары қатысты.

̶ Келісім интеграциялау үде­рісін нығайтуға үлесін қоса­­ты­нына, екі ел кәсіпорын­дары арасындағы байланыс­ты те­реңдетуге ықпал ететі­ніне сенім­дімін. Бүгін де көлік құрас­тыру кешені – Қазақ­стан эко­но­микасының өсім драйвер­лерінің бірі. Ынтымақтастық орнату мақсатында Подольск машина жасау зауыты мамандарының қазақстандық кәсіпорындарға іріктеу жүргізгені үшін алғыс айтқым келеді, – деді Р.Скляр өз сөзінде.

Министрдің айтуынша, екі ел кәсіпорындарының мұндай тығыз ынтымақтастығы Подольск ма­шина жасау зауытының халық­аралық тәжірибесіне негіз­деле отырып, отандық және шетел­дік электр стансаларын энергети­ка­лық жабдықтармен қамтамасыз етеді.

Қол қойылған келісімдер екі ел кәсіпорындарына генера­ция­лаудың, жаңғыртудың және жұмыс істеп тұрған нысан­дар­ды қайта жаңартудың жаңа мүмкіндіктерін ашпақ. Сондай-ақ аталған келісім жылу энергетикасы сегменттеріндегі жабдықтар мен жинақтаушы қосалқы бөлшектерді жеткізу, тәжірибе алмасу, энергетикалық және өзге де машина жасау жабдықтарын өн­діру, бірлескен ғылыми-зерт­теу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік береді.

Айта кету керек, екі жақты кездесу Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) мерейтойлық саммитін өткізу аясында, сондай-ақ ЕАЭО құру туралы шарттың 5 жылдығын және Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Еуразиялық интеграциялық бірлестік құру туралы идеяның 25 жылдығы сияқты айтулы оқиғалар қарсаңында өтті.