Әлем • 29 Мамыр, 2019

Нұр-Сұлтаннан Ұлан-Батырға ұшатын рейс бағасы анықталды

3637 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

SCAT авиакомпаниясы Қазақстан мен Моңғолия астаналары арасындағы тікелей әуе рейсінің егжей-тегжейін баяндады.

Нұр-Сұлтаннан Ұлан-Батырға ұшатын рейс бағасы анықталды

Авиакомпанияның коммерциялық директоры Николай Буряковтың айтуынша, Нұр-Сұлтан - Ұлан-Батыр бағытындағы алғашқы рейс 2 маусымда жүзеге асады.

«Менің ойымша, бұл шын мәнінде тарихи оқиға. Қазақстан мен Моңғолия астаналары алғаш рет тікелей рейспен қосылады. Рейстер әр бейсенбі және жексенбі күндері Boeing 7З7 әуе кемесімен жүзеге асырылады. Бір бағытқа ұшу уақыты үш сағат он минутты құрайды», - деді Николай Буряков. 

Ол жаңа бағыттың артықшылықтарын атап көрсетті. Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан - Ұлан-Батыр рейсі Алматы, Шымкент, Тараз және Өскемен қалаларымен жалғасқан. Сонымен қатар, рейспен әуекомпанияның жаңа халықаралық бағыттары: өткен жылдың желтоқсанында ашылған Душанбе рейсі және 2 маусымда ашылатын Нұр-Сұлтан - Прага тұрақты жаңа рейсі түйіседі.

Сондай-ақ әуе компаниясы жаңа рейстің тағы бір артықшылығы туралы хабарлады. Николай Буряковтың айтуынша, жаңа бағыттағы жолаушылардың Ұлан-Батырдан Жапонияға, Кореяға және Қытайға арнайы тариф бойынша ұшуға мүмкіндігі болады.

«Бір бағытқа ұшатын рейс құны 240 доллардан басталады және онда барып-келу келу құны 470 доллардан басталады. Біздің еліміздің азаматтарына Шыңғысханның отанын көру, экотурлар жасау қызықты болады деп ойлаймын және Моңғолия тұрғындарына Қазақстанды көрсету өте маңызды»,  деп толықтырды Николай Буряков.