Қасиетті Рамазан айында Шығыс Қазақстан облыстық Халифа Алтай мешіті және «Зекет» қоры Өскемен қаласындағы «Ертіс концерт» сарайында «Берекелі Рамазан» атты қайырымдылық концертін өткізді. Аталған іс-шара тұрмысы төмен ауру балаларды қолдауға арналды. Концертке шығысқазақстандық өнер жұлдыздары қатысты. Шараны ұйымдастыруға мешіт қызметкерлері де өз үлестерін қосты. «Сахнаға шығып сөз сөйлеген Шығыс Қазақстан облыстық Халифа Алтай мешітінің бірінші наиб имамы Дәулет Қабидолдин: «Қасиетті Рамазан айында қайырымдылық шарасын өткізіп отырмыз. Бұл іске тамшыдай болса да қосқан үлестеріңізге Алла сауаптан жазсын» дей келе, концерттен түскен қаржыны ауру балаларға табыс етті. Сонымен қатар ол көрермендерге және өз өнерлерімен сауапты іс жасаған өнерпаздарға алғысын білдірді. Көмекке ие болған балалардың ата-анасы осындай игі шара ұйымдастырып, баласының сырқатына аз болса да көмек жасаған Халифа Алтай мешітіне және «Зекет» қорына алғыстарын білдірді» делінген Шығыс Қазақстан облыстық Халифа Алтай мешітінің баспасөз қызметі таратқан баспасөз мәліметінде.
ӨСКЕМЕН