Руханият • 29 Мамыр, 2019

ҚазҰУ қабырғасында лингафон кабинеті ашылды

1358 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінің қабырғасынан лингафон кабинеті ашылды. Соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жарақталған орталықта университет шәкірттері ілеспе аударма ісін меңгерудің қыр-сырына қанығатын болады.

ҚазҰУ қабырғасында лингафон кабинеті ашылды

Халықаралық қатынастар факультетінің деканы Сағынғали Айдарбаев бүгінгі күні елімізде бірнеше тілде қатар тікелей аударма жасайтын мамандар тапшы екендігін айтады. Профессор оқу ошағынында шымылдығын түрген аталмыш орталықтан шыңдалып шыққан әлеуетті аудармашылар осы олқылықтың орнын толтырса деген тілегін  жеткізді.

«Басты мақсатымыз – Қазақстанда дипломатиялық аудармашылар мектебін қалыптастыру. Бұл бағыттағы жұмыстарға университет басшысы академик Ғалым Мұтанов бастамашы болып отыр. Шәкірттеріміз БҰҰ-ның барлық тілдерін қазақшаға және керісінше қазақшаны аталмыш тілдерге тікелей аударатын озық маман болса дейміз», дейді Сағынғали Айдарбаев.

 Орталықтың ашылу рәсіміне арнайы келген Швейцарияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Урс Шмид, екі ел арасындағы сауда-экономикалық әріптестік байланыстар жыл өткен сайын өрістеп келе жатқанын мәлімдеді.

«Еуропа елдерінің ішінде Швейцария Қазақстанға инвестиция құюшы мемлекеттердің арасында үшінші орында. Қос мемлекет арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынастар да жоғары мәнге ие. Бұл мектептен шыққан болашақ аудармашылар осы байланыстардың одан әрі өрбуіне сеп болатын кадрларға айналатынына сенемін. Швейцариядағы Женева аударма мектебі бұл саланың көшбасшыларының бірі екенін білесіздер. Осы орайда екі ел студенттерінің өзара тәжірибе алмасу ісіне де қолдау көрсетуге дайынбыз», – дейді Швейцария елшісі Урс Шмид.

Халықаралық қатынастар факультетінде төрт бірдей мамандыққа француз тілінде сабақ беріледі. Басқа да әлем тілдері маман даярлау ісінде қолданылады. Жуырда ғана білім ошағының ұстаздары француз, ағылшын, орыс, тілдеріндегі дипломатиялық терминдерді қамтыған аударма кітабын құрастырып шығарған. Оқулық авторы, Дипломатиялық аударма кафедрасының меңгерушісі Алмаш Сейдикенова аталған еңбек тіл мамандары үшін үлкен көмек құралы болатынын, бұл бағыттардағы ізденістер әлі де жалғасын табатынын жеткізді.