25 жыл деген тарих үшін аса көп мерзім емес. Осыдан 25 жыл бұрын 1994 жылы 29 наурызда М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз мемлекеттердің көпжақты тең құқылы ынтымақтастығы форматында еуразиялық интеграция идеясын жария еткені белгілі.
Сол профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттер алдында Нұрсұлтан Назарбаев посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттердің даму перспективалары туралы дәріс оқып, өз сөзінде Елбасы «Еуразиялық экономикалық одақ – құлаған Кеңес Одағын көксеу емес, бұл – Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің нақты ұстанымы. Саяси тәуелсіздік сақталады және оған ешкім қол сұқпайды», деген болатын.
Сонымен осынау екі мерейтой қарсаңында өткен іс-шараға Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Молдова Президенті Игорь Додон, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян, ТМД Атқару комитетінің төрағасы – атқарушы хатшысы Сергей Лебедев қатысты.
Алдымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысы өтіп, онда Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саммиттің Елбасы Н.Назарбаевтың еуразиялық интеграция туралы идеясының 25 жылдығы мен Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы келісімнің 5 жылдық мерейтойларына орай өткізіліп отырғанын атап өтті.
– Елбасының саяси сұңғылалығының, стратегиялық көрегендігінің арқасында бүгінде еуразиялық интеграция идеясы жүзеге асты. Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына қосқан тарихи үлесін ескере отырып, «Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы» атағын беруді ұсынды. Қазақстан Республикасының атынан Ресей Президентіне аталған бастамасы үшін және мұны бірауыздан қолдаған Кеңеске мүше мемлекеттер басшыларына алғысымды білдіремін, – деді Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының 2018 жылғы Еуразиялық экономикалық одаққа жасаған төрағалығына жоғары баға беріп, Армения Республикасының төрағалығы да халықаралық ұйымның нығая түсуіне ықпал ететініне сенім білдірді.
Шағын құрамдағы басқосудан кейін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы басталып, алдымен сөз алған Нұрсұлтан Назарбаев «Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы» атағын беру жөніндегі бастамасы үшін Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің барлық мүшелеріне Ресейдің осы ұсынысын қолдағаны үшін ризашылығын жеткізді.
Қазақстанда Одақ елдерімен бірлесе құрған кәсіпорындардың саны 11 мыңға жетті. Бүгінде 40 шақты әлем елдері Одақтың жұмысына қызығушылық танытып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Егер сөзіміздің сөлін арттырып, нақты цифрларға көз тастар болсақ, Еуразиялық экономикалық одақтың қазіргі жағдайында сыртқы сауда айналымы 750 млрд АҚШ долларынан асқан, кіріктірілген ішкі жалпы өнім бағасы 2 млрд долларды еңсерген, халқының көлемі 180 миллионнан асқан алып кеңістік. Бұл – Елбасы ұсынған бастамадан түсе бастаған көл-көсір қаржының көзі, бастауы. Енді осыдан үлесімізді еселеп алып, ұлттық мүдделерімізді көздің қарашығындай қорғап қалудағы басымдықтар сақталып қала бермек.
Сонымен қатар Қазақстанның Тұңғыш Президенті Еуразиялық экономикалық одақтың бес жылда атқарған жұмыстарына тоқталып, тең әріптестік пен бір-бірінің нарығына еркін кіруге қатысты Одақтың реттелмеген мәселелерін де атап өтті. Сөйтіп Н.Назарбаев «Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы» ретінде әлемде қалыптасқан жағдайға және өңірлік үрдістерге байланысты интеграциялық үдерістерді одан әрі дамытуға қатысты өз ойларын ортаға салып, бірқатар ұсынысын айтты.
– Біріншіден, Еуразиялық экономикалық одақтың стратегиялық аясын кеңейтіп, интеграция идеясын ілгерілету керек. Елдеріміздің ортақ ғылыми-өндірістік әлеуетін оңтайлы іске асыруды қамтамасыз ететін өнеркәсіптік кооперация әзірге интеграцияның өзегіне айналмады. Одақ алғашқы бес жылдықтағы қарқынды даму сатысынан кейін ілгерілеудің күрделі әрі баяу кезеңіне қадам басты. Біз Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері ассоциациясы арасында жан-жақты экономикалық ынтымақтастық орнатуымыз керек. Еуразиялық экономикалық кеңістіктің мәнісі тұйықталуда емес, керісінше, оны жаһандық өзара іс-қимыл үшін барынша ашық етуде, – деді Елбасы.
Тұңғыш Президенттің тоқталған үшінші мәселесі импорттауға қатысты болды. Бұл ретте инфляцияның біраз бөлігі тауар импортынан келетінін атап, ішкі нарықты барынша дамытуға күш салу керектігіне баса назар аударды. Сөйтіп машина жасау өндірісінен бастап күнделікті халық тұтынатын тауарларға дейін өндіріп, өзімізді толық қамтамасыз ету қажеттігін, тіпті ішкі аймақтардың арасын жалғайтын ұшақтарды да шығару керектігін айтты.
– Сондай-ақ Одаққа мүше мемлекеттердің ішкі өндірісін дамытуға бағытталған «ақылды интеграцияны» жүзеге асырудың маңызы зор. Сауда текетіресі жағдайында нарықтарды жаулау үшін жаңа стратегия қажет. Мысалы, АҚШ пен Қытайдың бір-біріне санкция енгізуіне байланысты өндіріс тізбегінде белгілі бір тапшылық болады. Осы тұста босаған нарықты толтыру үшін өз тауарымызды неге ұсынбасқа? Біз бұл жағдайды ұтымды пайдалана аламыз. Осы және басқа да бастамаларды ескеріп, 2025 жылға дейінгі Жол картасын әзірлеуді ұсынамын. Бұл орайда экономикалық мақсаттарға беріктік және міндеттерді тек экономикалық қажеттілік тұрғысынан жүзеге асыру ниеті институттарымыздың жұмысындағы негізгі басымдық болуы тиіс. Баршаңызға толағай табыс тілеймін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасынан кейін биыл Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңеске төрағалық етіп отырған Армения Премьер-министрі Никол Пашинян сөз алып, екі мерейтойдың қарсаңында өтіп жатқан бұл басқосу ерекше маңызға ие екенін, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, жоспарлы түрде дамып келе жатқанын айтты.
– Біздің Одақтың халықаралық әріптестерінің қатары артып, аясы кеңіп жатыр. Жақында Қытайға жасаған ресми сапарымда ЕАЭО-мен ынтымақтастық ең негізгі фактор ретінде аталды. Сингапурмен тауар айналымы, қызмет көрсету және инвестицияға қатысты жүргізіліп жатқан келіссөздер осы жылы аяқталады деп ойлаймын. Алдағы шілде айында Сингапурге арнайы барып, осы бағытты алға жылжытуға күш саламын. Сондай-ақ қазір Иранмен еркін сауда айналымын жүргізу туралы келісім күшіне енуде. Бұған қоса Вьетнам, Мысыр, Сербия және Үндістан елдерімен қарқынды келіссөздер жүргізілуде. Бұл келіссөздерден нақты нәтиже шығып, біздің елдердің экономикасы жаңа сатыға көтеріледі деп сенемін. Біз, Армения үкіметі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің төрағасы ретінде ЕАЭО-ны одан әрі дамыту, оны одан сайын тиімді ету, халықаралық әріптестеріміз үшін тартымды ете түсу үшін жұмыс істейміз. Біздің бүгінгі ортақ шешіміміз Одақ келешегіне оң серпін береді, – деді Никол Пашинян.
Ал Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко Еуразиялық экономикалық одақтың құрылғанына көп уақыт бола қоймаса да, мүдделері ортақ елдердің экономикасының өсіміне жаңа дем беріп, өзінің тиімділігі мен дербестігін дәлелдеп үлгергенін мәлімдеді.
– Осыдан бес жыл бұрын осы қалада Қазақстан, Беларусь және Ресей елдері тарихи құжатқа қол қойды. Кейін бізге Армения мен Қырғызстан қосылды. Соңғы жылдары бұл мемлекеттердің өзара тауар айналымы артып келеді. Нақтырақ айтсақ, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер тауар айналымының көрсеткіші 2017 жылы 2016 жылмен салыстырғанда 127 пайызды, 2018 жылы 2017 жылмен салыстырғанда 119 пайызды құрады, – деді Беларусь Президенті.
Кеңестің кеңейтілген отырысының күн тәртібі ЕАЭО жұмысын жандандыру мақсатындағы жаңа бағыттармен толығуда. Атап айтсақ, экономиканың цифрлық трансформациясы, нақты сектордағы трансшекаралық байланыстарды жандандыру және инновациялық-инвестициялық жобаларды іске асыру тетігін құру. Осыған байланысты Александр Лукашенко:
– Бұл – біздің ынтымақтастығымыздың барлық маңызды және перспективалық сегменті. Сонымен қатар осы күнге дейін жасалған келісімдердің сапалы орындалуы басты бағыт болып қалуы керек. Бірыңғай нарықты қалыптастыру, капитал, тауар, қызметтердің еркін қозғалысын қамтамасыз ету жұмыстарын ұдайы назарда ұстау қажет. Барлық салада тең жағдай жасап, ұлттық деңгейдегі протекционистік шешімдерден бас тартуымыз керек. Біздің әрбіріміз, мемлекет басшысынан сарапшыларға дейін, жалпыға ортақ кеңістік қалыптастырып жатқанымызды терең түсінгеніміз маңызды, – деді.
Өз кезегінде сөз алған Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков еуразиялық интеграция идеясының сәтті ұсынылғанын айта келе, тарихи ұмтылыстарға тоқталды және Нұрсұлтан Назарбаевтың идеялары жүзеге асқанына ерекше қуанышты екенін жеткізді. Сондай-ақ ол алдағы міндеттердің бірі ретінде ұйымның кеден құрылымдарының цифрлануы, Одақ елдерінің тек құқықтарын қамтамасыз етуші ортақ жүйе болуы керектігін айтты.
Ал Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақтың қысқа мерзім ішінде халықаралық аренада маңызды әрі танымал ұйымға айналғанын атап өтіп, еуразиялық интеграция белгілі бір қиындықтарға қарамастан жақсы нәтиже беріп отырғанын көлденең тартты.
Қазақстан Президенті осы өсім қарқынын қолдау үшін өнеркәсіпте, энергетикада, халықаралық қызметте және басқа да салаларда орта мерзімді даму перспективасының негізгі бағыттары айқындалғанын айтты.
– Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі қабылданды. Қызмет көрсету және жұмыс күшінің ортақ нарығы құрылуда. Ұлттық реттегіштен жоғары келісімдер аясындағы әкімшілік рәсімдер жетілдірілуде. Әлемнің 40-тан астам елі Еуразиялық экономикалық одақпен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ниет білдірді. Біздің бірлескен жұмысымыз әлемнің көптеген елдерінің қызығушылығын туғызатынына және келешекте ірі әрі экономикалық қуатты Еуразия құруға мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді Қазақстан басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта интеграциялық бірлестіктің алдында тұрған маңызды міндеттерді де атап өтті. Оның пікірінше, Еуразиялық экономикалық одақтың инфрақұрылымдық мегажобаларын және цифрлы күн тәртібін жүзеге асыру керек. «Астана» халықаралық қаржы орталығының да әлеуетін пайдалану қажет. Сонымен қатар алда ортақ нарықты дамытып, оны үшінші елдер тарапынан болатын демпингтен, контрафактілік тауарлардан және лас бәсекеден қорғау, тиімді кедендік әкімшілендіруді қамтамасыз ету жұмыстары тұрғанын айтты.
– Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жедел темір жол және «Еуразия» су арнасын салуды ұсынды. Бұл жобалар еуразиялық интеграцияның символы болып, елдеріміз экономикасының дамуына тың серпін беріп, Үлкен Еуразиямен байланысты нығайтар еді. Нәтижесінде мемлекеттеріміз Шығыс – Батыс – Шығыс транзиті үшін бәсекеге қабілетті әрі тартымдырақ болады, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы тауарлардың жаңа нарыққа шығуын қамтамасыз етуге, саудадағы және транзиттегі кедергілерді жоюға бірлесіп күш бағыттау керек екенін айтты.
Қазақстан Президенті сөзінің соңында жиын қорытындысы табысты ынтымақтастықтың іргесін бекітіп, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің серіктестігін нығайтатынына сенім білдірді.
Бұдан соң сөз алған Ресей Президенті Владимир Путин бірігудің тәуелсіздікті сақтап қала отырып, басқалармен байланысты үзіп алмауға мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.
– Бұл идеяның авторы – Нұрсұлтан Әбішұлы аталған салаға жан-тәнімен беріліп, қыруар жұмыстар істеді, оны қалыптастыру мен біріктірудегі жұмыстарды істеп те жатыр. Енді сауда, қаржы, әлеуметтік салалардағы қарым-қатынастарымызды одан әрі жандандыра түсу керек, – деді В.Путин.
Ресей Президенті бұған дейінгі сұхбаттарының бірінде: «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу мемлекеттік университеті қабырғасында ұсынған тең құқықты елдерді біріктіру идеясынан экономикалық одақ дәрежесіне дейін жеткен Еуразиялық интеграция жобасы өз тиімділігін толығымен дәлелдеді. ЕАЭО-ға мүше елдер сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық байланыстарын нығайтып келеді. ЕАЭО аясындағы интеграциялық процестер бауырлас халықтар игілігі үшін Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас пен стратегиялық серіктестікті және одақтастықты нығайтуға қосымша септігін тигізеді» деп, одақ жұмысын жоғары бағалаған болатын.
Бұдан әрі Молдова Президенті Игорь Додон 2017 жылдап бастап Еуразиялық экономикалық одаққа қарай тартыла бастағандарын айтты.
Ал Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қазақстан тарапына дәстүрге айналған жылы қонақжайлық ұстанымдарына алғыс айта келе, Нұрсұлтан Назарбаевты Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы болып сайлануымен құттықтады.
Жалпы, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындысы бойынша мынадай құжаттар қабылданып, қол қойылды:
Жоғары кеңестің «Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы туралы» шешімі;
Жоғары кеңестің «Қытай Халық Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекаралары арқылы өтетін тауарлар мен халықаралық жүк тасымалының көлік құралдары және ақпарат алмасу жөніндегі келісімдерге қол қою мәселелері туралы» шешімі;
Жоғары кеңестің «Еуразия экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің 2019-2020 жылдарға арналған негізгі макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарлары туралы» шешімі;
Жоғары кеңестің «Еуразиялық экономикалық одақтың өнеркәсіптік саясаты жөніндегі кеңес туралы» шешімі;
Жоғары кеңестің «Еуразиялық экономикалық одақтың дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттау туралы» шешімі;
Жоғары кеңестің «2017-2018 жылдардағы мүше мемлекеттердің сауда, көрсететін қызметтері, мекемелер мен жұмыстарын реттеу тәртібімен қарастырылған Ереженің орындалу мониторингінің нәтижелері туралы» өкімі;
Жоғары кеңестің «Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің бірыңғай қағидаттары мен ережелері туралы хаттаманың 20-тармағы 5-тармақшасына сәйкес ақпарат ұсыну туралы» өкімі;
Жоғары кеңестің «Трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестік ахуал және 2018 жылғы бәсекелестіктің жалпы тәртібі бұзылуының алдын алу жөнінде қабылданған шаралар Еуразиялық экономикалық комиссияның жылдық есебі туралы» өкімі;
2014 жылдың 29 мамырындағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама;
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бюджеттері арасында кедендік баж салығының кіріс сомасын бөлу туралы хаттама;
Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімге қол қойылуының 5 жылдығына орай Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелерінің бірлескен мәлімдемесі;
2014 жылдың 29 мамырындағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі хаттамаларға қол қою туралы;
Еуразиялық экономикалық одақтың кеден аумағына енетін тауарларды бақылау механизмдері туралы келісім;
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу хаттамасы.
Сонымен ширек ғасыр бұрын айтылған ұсыныстың нақты өмірде жүзеге асқанына күллі әлемнің көзі жетті. Енді бұл күшке қарай әлді-әлсіз мемлекеттер еріксіз тартылып, сауда-саттық жасауға сұранарлары хақ. Өйткені кәрі құрлықтағы негізсіз кикілжіңдер, АҚШ пен Қытай арасындағы бітіспес сауда соғыстары жаһанды әбден мезі қылды. Оның үстіне Еуропалық одақтың ішкі интеграциясында қазір жүріп жатқан Брекситке қатысты ахуал да бұл құрылымның дамуында тоқырау бар екенін байқатып отыр. Осындай жағдайда Еуразиялық экономикалық одақтың серпінді дамуына мол мүмкіндіктер бар екені айтпаса да түсінікті. Оның бірқатарын осы идеяның авторы әрі іс жүзіне асырушысы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кешегі алқалы басқосуда айқындап берді. Ендігі міндет осы кеңесте айтылған ұсыныстар мен қабылданған құжаттарды жүзеге асыру арқылы Одақ нарығының аясын кеңейте беру болмақ.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»