Экономика • 30 Мамыр, 2019

Банкроттық рәсімдерді жетілдіру бизнесті дамытуға жол ашады

953 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Мәжі­лісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің басшы­лығымен палатаның кезекті жалпы отырысы болып, онда күн тәртібіне сәйкес екі мәселе қаралды.

Банкроттық рәсімдерді жетілдіру бизнесті дамытуға жол ашады

Алдымен кейбiр заңнамалық актiлерге оңалту және банкрот­тық рәсімдерін жетiлдiру мәселе­лері бойынша өзгерiстер мен толық­тырулар енгiзу туралы заң жобасы бірінші оқылымда тал­қы­ланды. Заң жобасы бойынша негізгі баяндаманы Қаржы ми­нистрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов жасады. Ол бү­гінгі таңда банкроттық процес­тен төрт мыңға жуық бизнес субъ­ек­тілері өтіп жатқанынын айтты. 

«Күрделі қаржылық жағ­дайын­дағы бизнес субъекті­лері әлі де көп. Қолданыстағы заң кә­сіпкерлерге сәтсіз бизнесті тез жабуға мүмкіндік бермейді. Әр­бір төртінші жағдайда сот кә­сіпорындарды банкрот деп танудан бас тартады. Соттың субъек­тінің қаржылық жағдайы­на объективті баға беруі қиын. Көп жағдайда соттар болмашы активтердің болуын қа­рыз­герлермен есеп айырысу мүм­кіндігі деп бағалайды. Осыған байланысты жағдайларды жеңіл­дету, сондай-ақ банкроттық рәсім­дерді жүргізу мерзімдерін қыс­қарту және жұмыс істемейтін борышкерлерді жедел түрде тарату мақсатымен осы заң жобасы әзірленді», деді вице-министр өзінің баяндамасында.

Ұзақ уақыт жұмыс істемей тұрған борышкерлерді банкрот­тың процесс қозғамай-ақ тарату мәселесі де заң жобасында қарас­тырылыпты. Бұл бизнесін тоқтат­қан борышкерлерді жылдам және артық шығынсыз таратуға мүмкіндік береді. 

Сұрақ беру рәсімі басталғанда депутаттар біршама қызу бел­сенділік көрсетті. Алғашқы сұрақ­ты депутат Кәрібай Мұсырман қойды. Оның сұрағы банкроттық процесс басталған кәсіпорынның басқарушысына сыйақы төлеу мәселесіне қатысты болды. Сый­ақы төлеу мөлшерінің ең жоғары шегі не үшін белгіленеді және басқарушы еңбегін ынталандыру жолдары қандай деп сұрады ол.

Бірінші вице-министр бұл сұраққа нақты жауап бере алмай, заң жобасын екінші оқылымға дайын­дағанда нақтылаймыз деп жауап берген еді, Мәжіліс Төр­ағасы бұл жауапқа қанағат­танбай, «сыйақы қандай құжаттың негізінде белгі­ленетінін де біл­мейсіз бе?» деп сұрады. Оған сыйақы уәкі­летті органның ере­жесіне сәйкес бел­гіленеді деген жауап қайтарылды.

Депутат Аманжан Жамалов заң жобасында бұрынғы «жалған банкроттық» деген норманың орнына «алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен креди­торларға мүліктік залал келтіру» туралы жаңа бап енгізу ұсы­нылғанын айта отырып, осының себебі неде деп сұрады. Оған бұл түсінік нақтылық мақсаты үшін алынды, алайда осы норманы екінші оқылымға дейін тағы да талдай түсетін боламыз, деген жауап берілді. Алай­да бұл жауапқа да Мәжіліс Төр­ағасы қанағаттанбай, осы норма бізде халықтың бизнеспен айна­лысуға деген қорқынышын туды­ратынын, өйткені өзінің мүл­кінен, активінен айырылу қаупін туғызып тұрғанын атап өтті. Бұл норма бизнес ахуалды жақ­сартуға емес, керісінше, оған жоламауға шақырады. Осы нормамен кәсіпкерлердің мүддесін қорғауға тиісті орган­дардың қа­лай келіскеніне таңғаласың деді Н.Нығматулин.

Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігінің өкілі Мәдина Жүнісбекова өздерінің бұл мәселеге назар аудармағандарын мойындай отырып, екінші оқы­лымға дейін оны түзетуге атсалысатындарын жеткізді. Алайда Н.Нығматулин мәселеге жіті назар аударып, министрліктің осыған дейін осынау маңызды дүниеге мән бермегендерін қатты сынады.

«Сіздерге мемлекет кәсіпкер­лікті дамытуды қорғайды деп зор сенім артып, үлкен көлемде еңбекақы төлейді. Ал сіздер өз қызметтеріңізге немқұрайлы қа­райсыздар», деді Төраға. Сон­дай-ақ Спикер «Атамекен» ұлттық  кә­сіпкерлер палатасының өкілі­нен де осы норманы қалай өткізіп жібергендерін сұрады. Оған палата өкілі  өздерінің бұл нормамен келіспей, заң жобасын екі рет кері қайтарғандарын айтты. 

Қолданыстағы заң бойын­ша ЖШС мен АҚ-лардың қа­тысушылары кредиторлардың алдында өздерінің жарғылық капиталға салған үлестерінің шеңберінде жауапкершілік тартады. Спикердің айтуынша, нақ осы норма кәсіпкерлердің артық қаражатын бизнесті дамытуға құюына мүмкіндік береді.

«Ал енді ұсынылып отыр­ған норма өтетін болса, қа­тысу­шы­лардың бәрі дерлік бар­­лық мүл­кінен айырылып қалу тәуекеліне ұшырайды. Сондықтан бизнеспен айналысудан қорқатын болады», дей келіп, Н.Нығматулин заң жобасын екінші оқылымға тыңғылықты әзірлеу керектігін қатаң ескертті.

Сонымен бірге заң жоба­сындағы банкроттықты басқару мен оңалту басқарушысын та­ғайындау мәселесі де қызу тал­қыланды. Қолданыстағы заң бойын­ша бізде басқарушыны сот тағайындайды, ал дамыған шет­елдерде оны кредиторлардың жиналысы немесе борышкердің өзі тағайындайды екен. Осы мәселе бойынша пікірін білдірген Спикер кредиторлардың басқару­шылыққа үздік кандидатураның тағайындалуына мүдделі екенін айтып, кредиторлар жиналысында ұсынылған кандидатты бекіту функциясын уәкілетті мемле­кет­тік органға беру керектігін дұрыс деп санайтынын білдірді. 

Осындай қызу талқыдан кейін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданып, екінші оқылымға дайындалуға жіберілді.

Отырыста қаралған екінші мәселе – «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар ен­гі­зу туралы» заң жобасын екін­ші оқылымда қарау болды. Заң жобасын бірінші оқы­лымда талқылау барысында депутаттар тарапынан айтылған банктердің Ұлттық банктің валюта заңнамасының анықталған бұзушылықтарын жою туралы талаптарын орындамағаны үшін жауаптылығына, кредиттеу нарығындағы жүйелік проб­лемаларды тездетіп жою және қарыз берушілердің мүдделерін қорғау мақсатында микрокредиттеу субъектілерін әділет органдарында мемлекеттік қайта тіркеу және уәкілетті органда есептік тіркеу мерзімдерін 2021 жылғы 1 қаңтардан 2020 жылғы 1 шілдеге ауыстыруға қатысты депутаттардың ескертпелері мен ұсыныстары ескерілгені айтылды. Сөйтіп заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. 

Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң депутаттар орталық атқару органдарына арналған өздерінің сауалдарын жариялады.