Бүгінде Қазақстан аумағында жұмыс істеп тұрған химия индустриясындағы кәсіпорындардың ұзын саны 700-ге тақау. Оның ішінде ірі кешендердің саны 10, орташа компаниялар 13, қалған 670 ұсақ мекемелер саналады. Ал осы салада екі қолға бір күрек тапқан халықтың саны 16 мың адамды құрайды.
«Қазфосфат» ЖШС технологиялық желіні жаңғырту арқылы фосфорлық минералды тыңайтқыштарды шығарудағы өндірістік қуатты 400 мың тоннаға дейін арттырған.
Былтырдан бері «ҚазАзот» АҚ өндірісті әртараптандыру бағытында күрделі минералдық тыңайтқыштар цехын жаңарту жобасын іске асырып жатыр. Аталған жұмыс 2020 жылға қарай аяқталуы тиіс. Құны 56,1 млрд теңге болатын бұл жоба іске асырылса, жылына 400 мың тоннаға дейін минералды тыңайтқыш өндірмек.
Бұдан басқа «Достық Полимер» ЖШС, «Интеррин» ғылыми-өндірістік кәсіпорны» ЖШС, сондай-ақ «РимКазАгро» ЖШС сынды 7 жоба іске қосылып, 870 жұмыс орнын ашу көзделген. Оның жалпы сомасы – 60,8 млрд теңге.
Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»