Қоғам • 30 Мамыр, 2019

ҚазҰУ қалашығында түлектер күні тойланды

1318 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

25 мамыр әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлт­тық уни­верситетінде ұмы­тыл­мас оқиға болды. Еліміздің жетекші оқу ордасы өзі­нің 85 жылдығын және түлек­тер күнін атап өтті.

ҚазҰУ қалашығында түлектер күні тойланды

Айтулы күні ұшқан ұясына деген салқар сағынышын арқа­лап келген түлектер алдымен уни­вер­си­тет қақпасындағы «Мәң­гілік ел» триумфалды ар­­­к­а­сы­на жиналды. Түлек­тер қауым­дастығының 25 жылды­ғына ар­нал­ған форум жұмысына 2 мың­нан астам түлек қатысты.

Университет тарихында экс-студенттердің слеті тұңғыш рет 2014 жылы ұйымдастырылса, ал түлектер күні мамыр айының соңғы сен­бісінде дәстүрлі түрде өтіп келеді. Оқу оша­ғының ұжы­мы түлектер университетпен ты­ғыз байланысын үзбей үлкен өмір­ге жолдама берген алтын ұя­сының әрбір жетістігі мен жеңі­сіне бірге қуанып отыратынын ай­тады.

Университет пен түлектер қо­ғам­дастығы арасындағы дәне­кер, іс-шараның ұйытқысы – ҚазҰУ түлектері қауымдастығы. Қа­уым­дастықты 1981 жылғы заң факультетінің түлегі, Конс­титуциялық Кеңес Төрағасы Қай­рат Мәми басқарады. Төралқа құ­ра­мына Олжас Сүлейменов, Мыр­затай Жолдасбеков, Кен­­жеғали Сағадиев, Ақмарал Арыс­танбекова, Арманжан Байтасов, Алмасадам Сәтқалиев, Нұрлан Смағұлов және т.б. танымал тұл­ғалар енген.

II форумның іс-шараларына универ­ситет шәкірттері, мемле­кеттік құрылымдар, ғылыми қо­ғам, бизнес-қауымдастық, Қа­зақстаннан, алыс және жақын шетелдерден келген серіктес жо­ғары оқу орындарының, Қа­зақ­стандағы дипломатиялық мис­сиялардың өкілдері, университет оқытушылары қатысты.

Мереке меценаттардың университет­ке тар­­ту еткен Құрмет тақтасының тұсауке­сері­мен бас­талып, әл-Фараби және Өмір­бек Жол­дас­бековтің ескерт­кіш­те­ріне гүл шоқ­тарын қою рәсі­міне ұласты. Қонақтар назарына ҚазҰУ жетіс­тік­терінен сыр шер­­тетін арнайы фото­көрме ұсы­ныл­ды. 

Форумның салтанатты ашы­­луын­да сөз алған Алматы қала­сының әкімі Бауыржан Байбек Мемлекет басшысы Қасым-Жо­­март Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды. ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов, Парламент Сенатының аппарат басшысы Серік Сыдықов, Пар­ламент Мәжілісінің вице-спикері Гүл­мира Исимбаева, ақын Олжас Сүлейменов, Ішкі істер вице-министрі Рашид Жақыпов, БҒМ департаментінің директоры Әділет Тойбаев, «Astana Group» компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов және басқа да бел­гілі түлектер сөз алып, жи­нал­ған жұртшылықты атаулы күн­мен құттықтады.

ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұ­танов­­тың айтуын­ша, альма-­матер – отандық элита кадрлардың бас­ты «ұстаханасы». Бүгінде ҚазҰУ әлемдік деңгейдегі зерттеу уни­верситетіне айналып келеді. QS жалпы танылған халықаралық рейтингте әлемнің 800 үздік ЖОО ішінен 220-орынға табан тіреп, топ-250 университеттің қа­та­рына енген. Әлемдегі ең экологиялық 200 жоғары оқу ор­нының және технологиялық дамыған 50 университеттің сапына кіретін оқу ошағы «Түркі әлемінің ең үздік университеті» деп танылған.

«Түлектер күнін тойлау идея­сы Елбасының «Туған жер» бағ­дар­ламасымен үндеседі. Отанға деген құрмет еліне, ту­ған ауылы мен қаласына деген махаббаттан басталады. Түлектеріміздің өзі білім алып, студенттік шағын өткізген, альма-матерге деген ерек­ше ықыласы – бұл да жалпы­­ұлт­тық патриотизмнің ең ерекше қыры. Біз еліміздің экономика, ғылым, білім, мәдениет салаларына қомақты үлесін қосып жүрген түлектерімізді мақтан тұтамыз», деп атап өтті университет ректоры.

«Мен Қазақстанның ең үз­дік жоғары оқу орнының түлегі екенімді мақ­танышпен айтып жүремін. Альма-матер құрылған сәттен бас­тап дарынды да талантты мамандарды жинады. Қазіргі таңда түлектер біздің тәуелсіз республикамыздың дамуына атсалысып, ел игілігі жолында еңбек етіп келеді», деді Олжас Сүлейменов.

Форумда университетпен ты­ғыз байланыс­ты қолдап қана қоймай, альма-матерге демеу­шілік көрсетіп жүрген бірқатар тү­лектер марапатталды. Атап айтар болсақ, «ҚазҰУ меценаты» сертификаттары механика-математика факультетінің тү­­легі Асылбек Қожахметовке, жур­­налистика факультетінің тү­легі Арманжан Байтасовқа, хи­мия факультетінің түлегі Абд­расил Жарменов пен Зелина Катрановаға табысталды.

Сонымен қатар әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ­­дың «Ерен еңбегі үшін» медалімен Ол­жас Сү­лейменов, Еуразиялық гума­нитарлық инс­титутының ректоры, 1969 жылдың түлегі Амангелді Құсайынов, белгілі қоғам қайрат­кері Рахман Алшанов, «Еуразия» бірінші арнасының бас директоры Сергей Киселев, «Білімді ел» қоғамдық-саяси газетінің бас ре­дак­торы Ләззат Түркістанова марапатталды.

Форум аясында «Bіzdіń elıta­ – Наша элита» кітабының үшін­ші томының тұсауы кесіліп, альма-матер жетістіктері тура­лы фильм көр­­сетілді. Ресми іс-­шаралар гала-концертпен аяқ­талды. Түлектер күні факультет­тердегі кездесулермен жалғасып, қонақ­тар үшін кампус-тур ұйым­дастырылып, түлектер балы өтті.

АЛМАТЫ