Ал қаражат халыққа пайдасы тиетін, нәтижесі көзге көрінетін, жылдар бойы шешімін таппаған мәселелерді шешуге жұмсалуы тиіс. «Елбасы Н.Назарбаевтың «Ауыл – ел бесігі» жобасына сай, әр ауданнан үлгілі ауыл жасауымыз керек. Аталған жұмыстар биылдың өзінде аудан, ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға мүмкіндік береді», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында. Түркістан қаласын, аудан және ауылдарды дамыту, облыстың мәдени-рухани саласын жаңғырту, агроөнеркәсіп кешені мен индустриялық аймақтарды көтеру – алдағы жылдары өңір үшін басымдыққа ие негізгі бағыт болмақ. Жүйелі нәтиже беретін, өзекті мәселелерді шешуге бағытталған міндеттерді айқындаған облыс әкімдігі атқарылатын нақты жұмыстарды да жоспарлап қойыпты. Бұл орайда өңірдегі 9 индустриялық аймаққа талдау жүргізіліп, олардың арасында нашар немесе мүлдем жұмыс істемейтіндері анықталған. Сөйтіп жұмысы тұралаған аймақтардың орнына машина құрастыру, азық-түлік өндірісі мен жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы секілді бағытта белсенді серпін беретін Кентау, Түркістан қаласы мен Ордабасы ауданындағы индустриялық аймақтарға басымдық берілмек. Негізгі қаржы да осы жобаларға салынатын болады. Мәселен, Кентаудағы индустриялық аймақтың көлемі 300 гектарға ұлғайтылады. Индустриялық аймақты арзан энергетикалық қормен қамтамасыз ету үшін Кентау қаласындағы жылу электр орталығы қайта құрылып, газбен қамту инфрақұрылымын жүргізу жоспарлануда. Әрине өңір экономикасының басты драйвері саналатын ауыл шаруашылығы саласы да ерекше назарға алынады. Бүгінде облыста ауыл шаруашылығына арналған 6,7 млн гектар жер бар, оның 5,6 млн гектары жайылымдық жер. Ал 518 мың жер телімі, яғни 425 мың гектар суармалы. Облыс әкімінің айтуынша, қосымша 250 мың гектар жерді суармалы жер қатарына қосу қажет. Себебі суармалы жерден түсетін кірістер 3-4 есе жоғары болады. Аталған жерді айналымға енгізу арқылы облыстың 20 мың тұрғынын жұмыспен қамту көзделуде. Сондай-ақ облыс бюджетінің кіріс бөлігі екі есе ұлғайтылмақ. «Облыс тек 53 млрд теңге ғана кіріс табуда. Менің ойымша, облыс кірісін 100 млрд теңгеге дейін, яғни 2 есеге ұлғайтуға қабілетіміз жетеді. Сондықтан да бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту жөніндегі жұмысты жоспарлы түрде жүргізу керек. Сондай-ақ республикалық бюджет қаражаты қаралған облыстың кешенді даму жоспарын қайтадан дұрыстап қарау қажет», деді Ө. Шөкеев.
Өңірді дамытудағы басымдыққа ие бірінші негізгі бағыт бойынша Түркістан қаласы облыс орталығы ғана емес, түркітілдес елдердің рухани орталығына айналуы тиіс. Бұл орайда қаладағы әкімшілік-іскерлік орталығын және рухани-мәдени нысандардың құрылысын уақтылы әрі сапалы жүргізу міндеті тұр. Жалпы, облыс орталығында 89 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Түркістанның ескі шағын аудандарындағы үлкен 5 көше күрделі, 27 көше орта жөндеуді қажет етеді, 62 шақырым жол реттеледі. Сонымен бірге орталық көшелердің жан-жағын абаттандыру, шамамен 42 шақырым көшеге жарықтандыру, тротуар салу жұмыстары жүргізіледі. Қаланың ортасынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистралы өтетіні ескеріле отырып, сауда саласын дамыту, туристерді көптеп тарту мақсатында заманауи сауда кешені ашылмақ. Бірегей қолөнер бұйымдарын, ұлттық бұйымдарды даярлайтын, технологиясын оқытатын ірі қолөнер орталығын салу да көзделіп отыр.