Қазақстан • 30 Мамыр, 2019

Алматыда «Ашаршылық пен үлкен террордың тарихи сабақтары» атты халықаралық конференция өтті

1022 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыдағы Ұлттық кітапхана мен «Қазақстанның тарихи-ағарту «Әділет» қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен 31 мамыр – Жаппай саяси қуғын-сүргін мен Ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Тарихтан тағлым – өткенге тағзым» атты кітап көрмесі және екі күнге жоспарланған «Ашаршылық пен үлкен террордың тарихи сабақтары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.

Алматыда «Ашаршылық пен үлкен террордың тарихи сабақтары» атты халықаралық конференция өтті

Қазақтың тарихында мерейі тасыған мәртебелі дәуірлермен қатар тар жол, тайғақ кешкен қасіретті кезеңдердің де аз болмағаны ащы ақиқат. Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая боолған есімдері ел есінде қалған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп-өсуі тиіс» деп атап көрсеткен. Халқының басына ауыр зұлмат әкелген бұл қаралы алапат жадыдан мәңгі өшпейді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте сақтап, ұлықтау мақсатында Алматы іргесіндегі Талғар ауданында 2001 жылы ескерткіш ашылған болатын. 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 1930 жылдары құрбан болған 4000-нан аса боздақтар жерленген осы орынға Алматы облысының әкімдігінің қолдауымен «Саяси-қуғын сүргін құрбандары» атты музей ашылып,  құрбандардың аты-жөні тегіс тас тақтаға ойылып жазылды. ХХ ғасырда қазақ халқына қайғы-қесірет әкелген 1932 жылғы ашаршылыққа биыл 87 жыл, 1937 жылғы саяси қуғын-сүргінге 82 жыл толып отыр. Ұйымдастырылып отырған конференция да жазықсыз қырғынға ұшырап, ел тәуелсіздігін аңсап өткен арыстарға деген құрметтен туындап отыр.

«Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің директоры Ғарифолла Әнес мырза сөз сөйлеп, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның жалпы мақсаты мен бағытына тоқталып өтті. Конференция аясында атаулы күнге орайластыра өзі басқаратын музейдің таныстырылымы болатыны жөнінде көпшілікті хабардар етті. Халықаралық конференцияға Қырғызстан Республикасынан тарих ғылымдарының докторы, профессор Зайнеддин Құрманов, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жолдошбек Бөтөнеев, Жұмағұл Байділдеев, Өзбекстан Республикасынан тарих ғылымдарының докторы, профессор Қахромон Раджабов, АҚШ-тан техника ғылымдарының докторы Дәулет Мұхаметжанұлы Тынышбаев, Т.Қ.Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Сәпен Әбдіқадырұлы, Атырау қаласынан  тарих ғылымдарының докторы Аққали Қабижанұлы және қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары мен өзге де қоғам қайраткерлері қатысты.

Конференцияны Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев жүргізді.

1988 жылдың 28 желтоқсанында ҚКП Министрлер кеңесі қабылдаған арнайы қаулысымен 58-бап бойынша халық жауы деген ауыр айып тағылып,  атылған бірқатар арыстар ақталған болатын. Содан бері де 30 жыл уақыт өтті. Конференция мақсаты «осы 30 жылда не істелді, халық көтерілістеріне, кәмпескеге, ашаршылыққа, жаппай қуғын-сүргінге байланысты тың деректер пайда болды ма, олар қалай сараланып жатыр, алда қандай шаруалар атқарылуы тиіс?» деген мәселелерге қозғау салуға бағытталды. Ақтаңдақтар мәселесімен айналысып келе жатқан «Әділет» қоғамының да жұмыс істеп келе жатқанына 30 жыл болды. Конференцияда белгілі тарихшы Хангелді Әбжанов басқарып отырған осы қоғамның атқарып келе жатқан жұмысы туралы арнайы баяндама жасалды.

Профессор Мәмбет Қойгелді ашаршылық пен қуғын-сүргіннің тек қазақстандық құбылыс қана емес, бүкіл Орта Азия елдеріне бірдей ортақ құбылыс екенін атап өтті. Сондықтан бұл мәселені конференцияға қатысып отырған қырғыз, өзбек елінің ғалымдарымен тізе қосып, бір кезеңде, бірге зерттеуге шақырды. Қазақ зиялыларының бірінші және екінші буынын тұтас жалмаған зобалаң жылдардың қасіреті Өзбекстанда да, Қырғыз елінде де жүріп жатты. Бұл зұлматты зерттеудің шындыққа жанаспайтын, қалыптасып кеткен кеңестік тәсілінен бас тартып,  көршілермен ортақ жоба жасап, бірлесе зерделеудің мүмкіндіктерін қарастырған маңызды.  

Конференция аясында жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Ұлттық апат тану», белгілі тарихшы ғалымдар Көшім Есмағамбетовтің «Түркістандық әскери тұтқындар» және  Талас Омарбековтің «Ашаршылық» атты кітаптарының тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды.

Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі, филология ғылымдарының кандидаты Мамай Ахетов 31 мамыр – Жаппай саяси қуғын-сүргін мен Ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай қала көлемінде өткізілетін ауқымды іс-шараларға тоқталып, қала әкімі Бауыржан Байбек мырзаның жылы лебізі мен алғысын жеткізді.


АЛМАТЫ