Сұхбат • 31 Мамыр, 2019

Өркениет көшінен өз орнымызды табатынымызға сенемін

1344 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

«Қазақстанның құрметті журналисі», Ақтау қаласының құрметті азаматы, белгілі қаламгер Маңдайлы Қосымбайдың есімі оқырманға кезінде «Егемен Қазақстан» газетінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі ретінде мұнайлы өңірдің мұң-мұқтажы мен экономикалық-әлеуметтік, мәдени тыныс-тіршілігі жайында жазған қадау-қадау мақалалары арқылы етене таныс. Қырық жылдық журналистік жолында өзі өскен Жетісай аудандық (Түркістан облысы), кейін Маңғыстау облыстық газеттерінде, сондай-ақ «Егеменнің» ұстаханасынан шыңдалып шыққан қаламгер 2002-2015 жылдары облыстық «Маңғыстау» газетінің, «Шерқала» журналының бас редакторы, «Маңғыстау-Медиа» ЖШС бас директоры қызметтерін атқарды. Өңірдің рухани дамуына атсалысып, саналы ғұмырын журналистикаға арнаған ардагер әріптесіміз – бүгінгі таңда Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі... «Егеменнің» ғасырлық тойы қарсаңында сонау өткен жылдар ізінен өзгеше өрнек іздеп көру мақсатымен Маңдайлы ҚОСЫМБАЙДЫ әңгімеге тартқан едік.

Өркениет көшінен өз орнымызды  табатынымызға сенемін

–Маңдайлы Өзенбайқызы, ­«Еге­­­­мендегі» жылдар сізге несімен қым­­бат?

– «Егеменде» еңбек еткен тоғыз жыл менің өмірімнің дәуірге татитын дәурені дер едім. Еліміз азаттық алып, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің іргетасы қаланып жатқан, бардан жоқ көп, достан сыншы көп, көңіл жұбатар үміттен сығырайып аңдып тұрған қатер көп сол бір алмағайып заманда Қазақстанымыздың табанына кірген шөңге маңдайымызға кірсін деп, қаламымызды қайратымызға жанып жұмыс істедік. Жалақысын айлап алмай ашынған, жұмыссыздықтан, ер­теңгі күннің беймәлімдігінен торыққан, аш­құрсақтықтан ашушаң, тіпті «мұндай бостандығыңнан қарным тоқ, уайымым жоқ бодандығым жақсы еді ғой» деп өрекпіген жұртпен бетпе-бет келіп, жоқтың жыртығын жамап, тігісін жатқыза, кейде билік үшін жауап беретінбіз, ашу айтқанға басу айтып, қалам ұшынан үміт сәулесін жылтыратудан таймайтынбыз. Біз өзімізді қайраткер сезінетінбіз, кейбір өңірде әкімін танымайтын халық «Егеменнің» тілшісін танитын. 1994 жылдың желтоқсанында Елбасының Алматыдағы жұмыс каби­нетінде газеттің 75 жылдығына орай «Егеменнің» жур­налистерін қабылдап, елдегі сол кездегі ахуал мен алдағы жос­парлар туралы емін-еркін әңгіме сабақтай келе, «ха­лық­тың ортасында жүрген сіздердің ақ­параттық қызметтеріңіздің сапасына, біліктіліктеріңізге көп нәрсе байланысты. Жергілікті жерлерде жұрт бі­рінші кезекте облыс, аудан, қала әкім­­­дерін, екіншіден, «Егеменнің» тіл­шілерін жүзбе-жүз тануы тиіс» деп мін­деттегені біздің жауапкершілігімізді сол деңгейге көтеруімізге қамшы болды. Сол жауапкершілікті сезіну біз­дің қай-қайсымыздың жазатын тақыры­бы­мыз­дың мазмұнын жаңартып, аясын кеңей­тіп, кәсіби біліктілігімізді заманауи­ та­лап­тарға сай ұштауға ынталандыр­ды. «Еге­менде» еңбек ете жүріп елді, Алаш­тың азаматтарын таныдық, өзіміз де оқыр­­ман іздейтіндей журналист қатары­на қосылдық.

– Әдетте шынының ар жағындағы мінсіз әлем дәл сол қалпында бояма­сыз қабылданатындай, кісінің рухани әле­мі де сырттан құрғақ сөз құрас­тырып айтуға көнбейді, ол жүрек кілтін таба біл­ген кісіге тау суындай кір­шіксіз сың­­­ғыр­лап қоя береді деп жата­мыз. Ал өзі­ңіз қазіргі адамдардың бойынан қан­дай қасиеттерді көбірек көргіңіз келеді?

– Бұрынғы адамдардың тілімен айт­қанда, кісілікті көргім келеді. Менің­ше, бұл – мінезден де кең ұғымды білдіретін, адамның болмысын айқындайтын фило­софиялық ұғым. Баяғыдағы ата-ба­бала­рымыздың «Адам болар баланың кісі­менен ісі бар, адам болмас баланың кісі­­менен не ісі бар?..» деуі жайдан-жай айтыла салмаса керек-ау. Яғни адам­ды тану, бағалап, бауыр тұту, қадір­лей білудің өзі кісілік қасиетке жатады. Біздің замандастарымыздың да, қоғам­ның да бойында осы кісілік келбет кемі­месе екен деймін.

– Өзіңізді қазір не толғандырады? Не жазып жүрсіз?

– Қазіргі қазақ қоғамының дамуында толғандыратын жайлар жеткілікті, оның әрқайсысына тоқталып отырсақ әңгіме ұзаққа кетеді. Бір сөзбен айтқанда, бар­лық өзім құралпы замандастарым сияқты тілеуіміз – елдігіміз, іргеміздің бүтіндігі, бірлігіміздің беріктігі, болашағымыздың баяндылығы. Қазақ халқының болашағы жарқындығына, әлемдік өркениет көшінен өзінің лайықты орнын алатынына сенімім кәміл.

 Не жазып жүрмін дегенге келсек, бала­лықпен өлең жазғаным болмаса, есейе келе журналистикаға басы бү­тін ден қойған адаммын. Ақын-жазушы­лықты, кітап шығаруды мұрат тұтпадым.

Журналистік қызметтен кеткеніме де үш жылға таяп барады, азын-шоғын ой­ларымды әлеуметтік желіде жариялап, жұртшылықпен бөлісіп отырамын.

– Өңірдің тарихи, археологиялық ескерткіштері мен даланың, таби­ғаттың ғажайып нақышы туралы әлеу­­меттік желіде жарияланған жаз­ба­ла­рыңызды оқыған сәтте әзелгі баба­­ларымыздың алтын сандығының аузы ашылғандай керемет шуаққа кене­­ліп, көз алдымыздан небір көркем бейнелер көлбеп шыға келеді. Өмірді шүбәсіз сипаттайтын мұн­шама бояу қорын қайдан табасыз?

– Мен ата-әжелері саяси қуғын-сүргіннен жан сауғалап, атамекеннен үдере көшіп, Хорезмнің ойынан пана тапқан, Әмудің жағасында өмірге келген ұрпақтың өкілімін. Құйттайымыздан үлкендерден Маңғыстаудың ойы мен қырын ен жайлаған елдің бұрынғы күні, батырлары мен ақындары, байлары мен сақилары туралы арманды әңгімелер, түнді таңға асыра жырлайтын жыршылардан дастан-қиссалар тыңдап өстік. Олардың қаны мен жанындағы сыздаған сағыныш сезімдерін титімдей жүре­гімізбен ұғынып, бөлістік. Есейе келе Маң­­ғыстауға қарап боздайтын аруана күй­ге маталып, ақыры балалығымыз өт­кен жер жаннаты – Жетісайды тас­тап, жас­тығымыз өткен ару Алматыға қа­рай­ламастан Ақтаудан бір-ақ шықтық. Бірақ менің Маңғыстау тарихы мен өнері, мә­дениеті, табиғаты, тағысын тағылар туралы білетінім оның топырағында жаралған төл перзенттеріне қарағанда тым аз, тіпті мардымсыз. Жазғандарым әлдеқалай сәтті шығып, көпшілікке ұнап жатса, ол интуитивтік сезімнің, яғ­ни ішкі түйсіктің тұнбасы, ата-ана арқы­лы бойға сіңген сағыныш пен шер-шемен­нің сығындысы деп білерсіз. Бұл – бірін­шіден.

Екіншіден, Маңғыстау тақырыбына қалам тартқанда оқырманың да, сыншың да көбейеді... Әбіш ағадан бастап, не жазғаныңды, қалай жазғаныңды сырттай қадағалап отыратын мықтылардың көптігін іштей түйсінетінсің. Сосын намысқа тырысасың, барыңды саласың, таңғалдыра алмасаң да «мұнысы несі?» дегізіп ұятқа қалмасыңды ойлайсың.

–  Бір әулеттен қос бірдей тұлға шығу – ата-ана үшін зор бақыт қой. Мы­салы, белгілі айтыс ақыны, тер­меші, жыршы Мэлс Қосымбайға иісі қазақ­тың құрметі шексіз. Бұл құнар­лы тамырдан дарыған қасиет пе, әлде тәр­­биеден бе?

– Мэлстің қазіргі заманғы айтыс­ өнері­нің бастауында өз орны бар тұл­ға екеніне сөзім жоқ. Ал мен көп­те­ген замандасым сияқты қазақ жур­­­­­налистикасының қай жерге салса сол орында адал еңбек еткен қаламг­ер­лерінің бірімін. Жоғарыда айтып өткенімдей таза қазақы, қарапайым отбасында тәрбиеленіп, өстік. Қанмен келетін қасиет болса өзімізден, нағашы жұрттарымыз жағынан таратқанда да арғы аталарымызда батырлық та, билік те, дегдарлық пен діндарлық та болған деседі. Өз көзімізбен көріп, үлгі тұтқанымыз – әкем Өзенбай кішкентай күнімізде сіңлім екеумізді кезек-кезек мойнына отырғызып алып, күнде кеш­кісін ән салып отыратын. Бұл туралы кезінде «Егемен Қазақстанда» «Әкем салған әндер-ай» деген мақалам жарияланып, соны оқыған марқұм Зәуреш Есбергенова апамыздың арнайы іздеп келгені бар... Шешем Қыр­мызы әкесі, төрт ағасы білімді молда бол­ған, шариғаттан да, қазақы аңыз-әңгімелерден де хабары молдығына қоса майын тамызып әңгіме айта білетін адам еді. Бір қызығында бапамның баласы болып өскен мен анамның әңгімесіне көп мән бермей, кітаби сөздің соңына түсіп кеттім де, Мэлс қана әжесінің әңгімелері жұрнағын алып қалды... Әкемнің інісі Ази ағам қолы сәл босаса, домбырасын алып, адайдың ілме күйлерін сылқыта тартып, не баяулатып Маңғыстау жыр-терме, толғауларының мақамын айтып, үйді әсем сазға толтырушы еді. Мэлс титтей күнінен тәтесінің домбырасы құлағын тістеп, әуенге ілесе арқасы қозып, қомпаңдап отыратын. Ағамыздың жары Қоңырау шешеміз де көнеқұлақ әңгімешілдігіне қоса, емсектігі бар үй-ішілік дәрігеріміз еді. Осындай ошақ басы, от қасында өскен біздің әулет балаларының шүкір, өнерден, сөзден құралақаны жоқ дерлік. Мэлске ілесе біраз айтыстарға қатысқан, жазба ақындығы да бар, өмірден жас кеткен Нұрлан бауырымыздың артында бір кітаптық жыр-мұра қалды.

– «Тілдің ұшымен емес, жүрегімен үн қатыса алатын адамдар бары қан­дай жақсы».

Бұл тұрғыда өзіңізді жолы болған жанмын деп есептейсіз бе?

– Атам қазақ «Адам тілдескенше, жыл­қы кісінескенше» дейді емес пе, тілдің арқасында қалың еліммен түсі­нісіп, тіршілік кешіп келемін. Ал жүрек­пен түсінісетін адамдар кім-кімде де санаулы болатыны сияқты менде де бір...екі...үш...

– Абай «Адамның адамшылығы іс­ті қалай аяқтағанынан емес, оны қалай бастағанынан көрінеді».

Біз «Өткен дәуір жас алса жанарына, жүрегің тас та болса бір жібиді». Бұл ойды әрі қарай қалай сабақтаған болар едіңіз?

– Бұл – жақында фейсбук әлеуметтік желісіне салып, төрелігін оқығандардың өзіне қалдырған жазбам. Әншейінде әрбір жазбама үн қосып, жылт етіп бір көрініп қалатын достарымның өзі үн қоса алмады, әңгіменің мәнісін түсін­генмен біреулері іштен тынды, енді біреу­лері бөгелместен үнсіз өтіп кетті. Қай-қайсысын да жазғырар жайымыз жоқ.

Қазақта «Туғаныңды көргенім жоқ, өл­геніңе жыламаймын» деген де сөз бар. Қазіргі кейінгі толқын жастар­дың­ құлағына жетпеген де нақыл болар.­ Қандай жағдайда айтылса да оңып тұр­­ған сөз емес. Не де болса қазақ­­­тың­ ба­уыр­малдығына, бір-біріне жа­на­шыр­лы­ғына күмән тудырып, бір-бі­рінен бо­йын аулақ салуға бастайтын сыңайлы сөз. Әлеуметтік желідегі жазбаларды зерделеп отырсам, маған қазір осы сөз дәуір­леп, қолы жүріп тұрғандай кө­рінеді. Жоқтан өзгеден ілік тауып, ұл­тың­ның өмірден өтіп кеткен жақсысы мен жайсаңының сүйегін сырқырату, тірі­сінің жағасына жармасу, еліне сіңген ең­бегінен мін тауып, барын жоққа шы­ғарып күстаналау, несін айтасыз, рақымнан, аяу­шылықтан жұрдай ымырасыз жазбалар жа­ныңды күйзелтеді.

Арашаға түскенді аямайды, жабылып арадай талайды, жандәрмен бір тоқтаса Абайдың айтқанына тоқтар-ау деп, Абайға жүгінесің... Сондай көңіл күйі үстіндегі жазба еді.

– Пір Бекет бабаның мәңгілік мекені туралы көп жазып жүрген тұл­­ғаның бірісіз. Дамыған елдерде тарихи ескерткіштерді жылына мың­даған ту­рис­­тер келіп тамашалап, ерек­ше қор­ғалады. Өкінішке қарай туризм саласы біз­де әлі өз деңгейінде емес. Бұл жер­де ор­таға салайын деген ой – пір бабамыз дамыл тауып жатқан қасиетті мекенді көруге әлем жұртшылығы там­сана ағы­латындай үлкен деңгейге қашан жеткіземіз деген мәселе ғой...

– Жалпы, біздегі әулиелі, киелі орындарды көпшілікке қолжетімді туристік нысандарға айналдыру керек деген көз­­қарастан басқа қағида керек пе деп ойлаймын. Бұл орындар жай қызықтау нысаны емес, өмірдің сансыз сауалына жауап іздеп, күйзелген адамдардың жанына медет табар панасы, шексіз, шетсіз әлемнің құстың ұясындай жып-жылы, жайлы, аура­сы мен аясы бөлек бөлшегі қалпында сақталғаны жөн. Қалай дегенде де Пір Бекет атаға апаратын соқпақ бүгінде даңғыл жолға айналған, Қазақстанымыз ғана емес, алыс-жақын шетелдерден келіп жатқан зиярат етушілерде (туристер деуге келмейді) есеп жоқ. Басқа әулие-әмбиелерге зияраттаушылар қатары да жылдан-жылға көбеюде. Оларды адам аяғы жетерліктей етуде жергілікті билік құрылымдары да, бизнес өкілдері де өз жоспарлары бойынша жұмыс жүргізуде.

Бұдан басқа Маңғыстауда туризмнің экстремальды түрлерін, теңіздегі спорт пен саяхатты дамыта отырып туристер тарту мүмкіндігі мол.

– Әбіш ағаның (Кекілбайұлы) аруағы алдындағы үлкен парызды бү­тіндеп жүрген еңбегіңіз өз алдына бөлек әңгіме. «Өткен тарихты өшіруге емес, жаңа тарихты жасауға атсалысыңыз» депсіз. Бұл қағиданы әр қазақ ұстанса, қанеки. Осы арада Әбіш аға рухани орталығының құрылысы қашан аяқ­талып, пайдалануға берілмек деген сұрақ­тың қойылуы заңды?

Рухани орталық келешекте немен айналысады?

– Биыл заманымыздың заңғар жа­зушысы,көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы көзі тірі болғанда 80 жасқа толар еді. Жақында облысқа келген сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұлға есімін үлкен құрметпен еске алып, Әбіш аға мерекесін республикалық деңгейде атап өтуді өз бақылауына алатынын айтып, облыс басшыларына да тиісті тапсырмалар берді. Бұрын мұндай іс-шараларды өткізу үшін Үкімет деңгейінде қаулы қабылданушы еді, қазір қалай екенін білмеймін. Әбекеңнің туған жерінде бірқатар жұмыстар қолға алынып, жүріп жатыр. Атап айтқанда, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғимараты салынуда. Жазушының 80 жылдық мерекесі аясында ол Әбіш Кекілбайұлы атымен ашылып, болашақта құрамында облыстық кітапхана, театр сияқты өнер ордалары бар рухани орталықтың кіндігі іспетті болмақ дейді. Сол арада жазушының еңселі ескерткіші бой көтермек. Рухани орталықтың мәртебесі мен атқаратын жұмысының бағыттары, ауқымы кейін келе анықтала жатар.

Ал біздің Нұрмұхан Жантөрин атын­­­­дағы облыстық музыкалық-драма театрының ұжымы Әбіш ағаның әдеби мұраларын насихаттауды оның көзінің тірісінде-ақ бастап кеткен.Театр репертуарында Әбекеңнің «Абылай хан» тарихи дастаны, «Махаббат мұнарасы» лирикалық драмасы, осы аттас шы­ғар­­масының желісімен қойылған «Шы­ңырау» драмасы бар.

2016 жылы қаламгердің әдеби мұ­раларын насихаттау мақсатындағы бі­рінші республикалық театр фестивалін өткізген болатынбыз. Жазушы мерейтойы аясында биыл осы фестивальды ТҮРКСОЙ-мен бірлесе «Әбіш әлемі» деген атпен халықаралық деңгейде өт­­кізіп, мереке мәні мен сәнін аша тү­су­ге лайықты үлес қосамыз деп отырмыз. Жалпы, Әбіш ағаның киноға да, театр­ға да сұранып тұрған туындылары бар­шылық...

– Бүгінде Н.Жантөрин атында­ғы облыстық музыкалық-драма теа­тры­ның өңір руханиятын дамытуға сіңі­ріп жатқан еңбегі өлшеусіз екені рас. Оның тәуелсіздік жылдарында дү­ниеге келуінің өзі көп ойға жете­лейді. Сұрайын де­геніміз, жалпы театр­дың ашы­луына кімд­ер атсалыс­ты, ол сәт несі­мен есте қал­ды?

– Театр – тосындау жағдайда өмір­­­ге келген өнер ордасы. Ол кезде «Еге­меннің» Маңғыстаудағы тілшісімін. 2001 жылдың қыркүйек айында Ақтауда жас­тардың үлкен форумы өтті. Сол күн­дері Маңғыстауда жұмыс сапарымен жүрген Елбасының жастармен кездесуі жоспарланған екен. Нұрсұлтан Әбішұлы мен жастар арасында хаттамалық формада жүріп жатқан әңгімеге залдың ортасынан қолын көтеріп, «рұқсат етіңізші» деп орнынан тұрған әдеміше бойжеткен араласа кетті. Қаз-қатар отырған үлкенді-кішілі шенеуніктер не айтып қояды дегендей үр­пиісіп қалды.

– Ал айта ғой, – деді Елбасы.

–  Біздің қаламызда баратын мәдениет орындары көп емес, – деді бойжеткен. –Соның ішінде театр жоқ. Бізге театр салып беруге көмектесіңізші...

– Міне, көрдіңіздер ме? – деді Нұр­­­сұл­тан Әбішұлы залда отырған ше­неуніктерге қарап. – Не облыс, не ми­нистрлік Маң­ғыс­тауға театр керек деп сұраған жоқ­сыздар. Ал халыққа, мына жас­тарға екі қол­ға бір жұмыс қана емес, рухани өсу үшін театр да керек екен! Салуымыз керек, – деп сол арада облыс әкімі Л.Қиыновқа тапсырма беріп, құрылысты өз қадағалауына алды. Қиын-қыстау кез еді ғой, бардан бөліп, жоқтан жонып дегендей театр аз уақытта салынып, 2003 жылы Наурыз ме­рекесі күні сахна шымылдығын «Қыз Жібек» және «Томирис» спектакльдерімен аш­ты.

– «Театр – адамның өзін-өзі сах­надан көріп, өзін-өзі түсінетін орны» де­ген қағида бар емес пе? Сол айт­қан­дай, көп адам мұнда шөліркеп, өзіне рухани азық алып қайту үшін бас сұ­ғатыны мәлім. Осы жағынан театр қо­йы­лымдары жұртшылықтың та­лап-талғамына сайма-сай дей аласыз ба?

– Театр өткен он алты жылда жүзден астам түрлі жанрдағы туындыларды сахнаға шығарды. Бұл – аз жетістік емес. Мәртебесіне сай музыкалық та, драмалық та қойылымдарды қатар алып келеді. Дегенмен, тақырыптық жағынан тарихи және әлемдік классиканың шоқтығы биік шығармалары басым. Өзі де нешебір патшалар мен қолбасылардың болмысын сомдаудың шебер үлгісін қалдырған Нұрмұхан Жантөрин театрының киелі сахнасынан Томирис патшайым, Гамлет ханзада, Лир патша, Шыңғыс қаһан, Александр Македонский, Абылай хан мен Әбілқайыр хан, тағы да басқа кө­неден жеткен және күні кешегі Алаш­орда үкіметінің басшысы Әлихан Бө­кей­хановқа дейінгі кесек тұлғалы кейіп­­керлер, ия болмаса Маңғыстау құ­дықшыларының еңбекқор падишасы Ең­сеп бүгінгі көрерменмен сырласып, мұңын бөлісіп, зарын айтып жатады. Немесе көрерменді өз дәуіріне көшіріп, мәңгілік пен жалғаншы, мәртебе мен мансап, даңқ пен дақпырт, ар мен жан тазалығы, зұлымдық пен махаббат, қор­қаулық пен жемқорлық, сатқындық пен адалдық сияқты саналы адам баласымен бірге жасасып келе жатқан ұғымдарға ешбір уақыт шекара еместігін жайып салады, сақтандырады... Патшалар, патшайымдар, ханшайымдар, бектер мен батырлар, ақындар мен суретшілер, данышпандар мен ғашықтардың бәрі өткен дәуірлерде қалып кеткені өкінішті-ақ... Олардан жеткен мұң мен зар, махаббат пен сүйіспеншілік, қуаныш пен уа­йым, аярлық пен адалдық бізден кейін де жалғасып, адамзат баласына қанша уақыт жолдас боларын кім білсін... Міне, біздің театрдың қойылымдарын көрген соң осындай ой кешесіз. Музыкалық, драмалық қойылымдардың көрерменге сыйлар әсері өзінше бір олжа!

Қалай дегенде де Жантөрин театры­­­­ның аз уақыт ішінде кішкене отаудан республикадағы іргелі өнер ордаларының біріне айналғаны – бүгінде мойындалған шындық. Сәуірде Шымкент пен Алматы қалаларындағы гастролі үлкен аншлагпен өткен театр ұжымы туралы Қазақстан теа­трлары ассоциациясының президенті, ұлттық театр және кино өнерінің абызы Асанәлі Әшімовтің: «Әкемтеатр мен Қ.Қуанышбаев театрынан кейінгі үшінші театр» деп баға беруі ұжым үшін үлкен мәртебе саналады.

– Мұншама зор табысқа жетуінің сыры неде деп ойлайсыз?

– Театрға іргесі қаланған күннен бері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрнияз Мұханов басшылық жасап келеді. Бас режиссері және көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлсина Мерғалиева. Екеуі де ұлттық, тіпті ТМД мен ТҮРКСОЙ аумағында танымал жандар. Экспериментальды-тәжірибелік қойылымдарға батыл барып, жаңашылдықпен жұмыс істейді. Театр халықаралық байқауларда бес рет Гран-при иеленді. Республикалық байқауларда онға жуық аталым бойынша жүлдегер атанды. Жалпы, о бастан-ақ маған осындай тату-тәтті, ынтымағына шығармашылық ізденісі мен берекелі ісі жарасқан ұжымдарда еңбек етуді нәсіп еткен Жаратқанға шүкірлігім шексіз!

 

Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»