Сұхбат • 31 Мамыр, 2019

Бейбіт Қойшыбаев: Ұлттық мемлекеттілікпен мақтанатын тарих керек

1581 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Бейбіт Қойшыбаев: Ұлттық мемлекеттілікпен мақтанатын тарих керек

– Саналы ғұмырын ұлттың мұрат-мүддесіне, ұлт азаттығының жолына арнаған ұлт қайраткерлерінің бір­қа­­та­­ры жарық көргеніне биыл 100 жыл толып отырған «Егемен Қа­зақ­стан­ның» бастауында еңбек ет­ке­ні бел­гілі. Со­нау сұрапыл жыл­дар­­­­да жүз­ден астам журналистің сая­си қу­ғын-сүргінге ұшырағандығы белгілі бол­ды.

– Еліміздің бас газеті тамырын бұдан бір ғасыр бұрын шыға бастаған «Ұшқын» газетінен алатыны белгілі. Осы тұсты нақтылап, тарқатып айтатын болсақ, 1918 жылғы көктемде Алаш Орда делегациясы Мәскеуге келіп келіс­сөз жүргізгенде, ұлт тұтастығы арқы­лы елдікке жетуді көксеген Алаш автономиясын Кеңес өкіметі басшылары алғашында мойындап қалғанымен, артын­ша-ақ қош көрмеген. Қазақ өлкесін таптық негізде автономияландыруға дайындау үшін, әуелі Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатынан Қазақ бөлімін ашқаны белгілі. Одан, 1919 жылғы шілдеде, өлкені басқаруды жүзеге асырып, кеңестік автономияны әзірлеуге тиіс әскери-революциялық комитет құрған. Міне, осы Қазәскериревкомның жұмы­сын жүргізу үшін, Ұлт істері жө­нін­дегі халық комиссариатының Қазақ бөлі­мі Бөкей ордасында ашқан бөлімше қызметкерлері ревком мүшелерімен бірге Орынборға көшіп келген. Ордадағыдай «Соғыс комиссариатының хабарлары» үнпарағын шығару мақсатымен баспахана машинасын да тасып әкелген-ді. Бірақ үнпарақ шығармақ боп жүр­ген Тамимдар Сафиевке Сейітқали Мең­де­­шев Қазревкомның органы мәрте­бе­­сінде жарық көріп тұруы тиіс жаңа басы­лымның, өзі «Ұшқын» деп ат қой­ған газеттің жұмысын ұйымдастыру мін­­детін жүктейді. Сафиев редакция алқа­сының төрағасы ретінде іске кірі­се­ді. Ордада «Дұрыстық жолын» бірге шығарысқан досы Халел Есенбаев «Ұшқын­ның» алғашқы редакторы болады. Алғашқы алқа мүшелері қатарында Бер­нияз Күлеев, Қайретдин Болғанбаев, Ахметсафа Юсупов, Мәннан Тұрғанбаев, тағы басқалар болып, газетті қазақ өлке­сі­нің автономиялық сипатын жария еткен Қазақстан Кеңестерінің Құрыл­тай­шы съезі болғанға дейін шығарып тұрды.

Смағұл Сәдуақасов 1921 жылдың алғашқы айларында газеттің редакторы болды, кейін 1925–1926 жылдары «Еңбекші қазақ» аталған ке­зінде де басқарды. Смағұлдың «оң­шыл-ауытқушы» ретінде саяси қу­ғын­­ға ұшыратылғаны мәлім. Газетті тұң­ғыш шығарушылар қатарындағы Тамим­дар­дың саяси қыспақ көргендіктен Қара­қал­пақстанға кеткені, Қайретдин мен Ахметсафаның «Алаш ісі» бойынша ұлттық интеллигенцияны қудалаған алғашқы репрессия толқынына іліккені белгілі. Ахметсафа – 1930 жылы, Қайретдин мен Мәннан 1937 жылы атылды. Газетте 1921–1922 жылдары редактор болған Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Әбдірахман Байділдин, газет қызметкері болып жүрген Міржақып Дулатов осы іс бойынша 1929 жылы тұтқындалған. Жүсіпбек пен Әбдірахман және Ахметсафа, Дінмұхамед төртеуі 1930 жылы Мәскеуде жазаның жоғарғы шарасына кесілді, Міржақып ГУЛАГ-тің Карелиядағы Сосновец поселкесінде орна­ласқан лагерінде 1935 жылы өмір­ден өтті.

– «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы жариялаған мәліметтерден еліміз да­муы­ның түрлі кезеңдерінде газет қабыр­ғасында еңбек еткен ондаған қалам­гердің саяси қуғын-сүргінге ұшы­ра­ғандығына көз жеткізе түстік...

– Бұл деректерді әрі қарай тарқатып айтатын болсақ, 1919-1938 жылдары газет «Ұшқын», «Еңбек туы», «Ең­бекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Со­циал­ды Қазақстан», «Социалистік Қазақ­стан» аталған шақтарда редактор болған Халел Есенбаев, Бернияз Күлеев, Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Әбдірахман Байділдин, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Молдағали Жолдыбаев, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ораз Исаев, Ғаббас Тоғжанов, Айтмұхамед Мусин, Жанайдар Сәдуақасов, Жүсіпбек Арыстанов Үлкен террор құрбаны болды, олардың көбі 1938 жылы Алма­тыда атылды. Осы басшылармен бірге редакцияда түрлі лауазымда шы­ғармашылық қызмет атқарған Ахмет­са­фа Юсупов, Міржақып Дулатов, Ілияс Жансүгіров, редактордың орынба­са­ры Рахым Сүгіров, бөлім мең­ге­ру­шісі Хамза Абдуллин, Абдрахман Ай­са­рин, меншікті тілшісі Мүтәліп Ахме­тов, Ілияс Ахметов, Хасен Өзден­баев, Құлмырза Өтепов, Ғазиз Исма­ғұ­лов, фото­тілші Макс Шохор, газетке автор бол­ған мәдениет, ғылым, өнер қай­рат­керлері Темірбек Жүргенов, Нәзір Төре­құлов, Дінмұхамед Әділов, Қоңыр­қо­жа Қожықов, Құдайберген Жұбанов се­кілді ондаған аяулы азамат саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз атылып кетті.

1937 жылдан «Социалистік Қазақ­стан­ның» редакторы болған Жүсіпбек Арыстанов 1938 жылғы тамызда ұсталды, 16-17 жыл түрме, сталиндік концлагерь азабын шегіп, әйтеуір аман оралды. Газетке 1919–1925 жылдарда идеялық басшылық жасағандардан 1938 жылы Сейітқали Меңдешев Алматыда, Ф.Голощекин Смағұлға жапсыр­ға­нын­дай «оңшылдық» айып таққан, өлке пар­тия ұйымындағы «қожановшылдық» атал­ған ағымның басында тұрды деп кінә­лаған Сұлтанбек Қожанов Мәскеуде атылды. Жалпы, тек Үлкен террор жылдары 120 мыңдай адамның жазықсыз жазаланғаны, оның 25 мыңы атылып кеткені бүгінде көпке мәлім ғой. «Халық жауы» атанған көптеген қайраткер-журналистердің есімдері «Егемен Қазақ­стан­ның» шежіресінде бұл күндері құрметпен аталады.

Ал «Егеменнің» бастапқы орын­бор­лық кезеңінде қаз тұруына атсалы­сып, кейін, 30-шы жылдары редак­тор­дың орынбасары қызметінде істе­ген Рақым Сүгіров 1938 жылы Алма­ты­да атылды. Рақымның қызы Сәуле Сүгірова-Айтмамбетова 1989 жылдан Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоға­мы­ның атқарушы директоры болып, тоталитаризм жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған жүзден астам журна­листің есімін анықтауға, сосын олардың аруағын ұлықтап, 2009 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-да еске алу кешін ұйымдастыруға мұрындық болды. Жалпы саяси қуғын-сүргінге рес­публика аумағындағы журналис­тер ұшырады. Солтүстік Қазақстан облыс­тық «Ленин туы» газетінің редактор­лары Шайдулла Молдабеков, Сейілбек Үсенов, Хасенбай Сахабин, жауапты хатшысы Абдолла Сәдуақасов, әдеби қызметкері Жахия Уақпаев, осы газетті «Бостандық туы» аталып тұрғанында басқарып, одан Жетісудағы «Тілші» газетінің редакторы болған Сабыр Айтхожин, Солтүстік Қазақстан облыс­тық «Ленинское знамя» газетінің жауапты хатшысы Мария Утина, қызметкері Александр Меньшиков, «Правда Южно­го Казахстана» газетінің редакторлары Петр Грехнев, Геннадий Мунтян, Орал облыс­тық «Қызыл ту» газетінің редакторы Ахмет Мәметов секілді ондаған азаматтың тағдыры оққа байланды.

– Ашаршылық жылдарындағы нәубетпен күресіп, аш халыққа қолдау білдіруде ұлт қайраткерлерінің жан­кеш­ті еңбегі туралы аз айтылған жоқ. Олар жоғарыда аталған газеттер бетінде сол кезеңде халықтың басына төн­ген нәубет туралы мақалалар жария­лай алды ма?

–1921–1923 жылдардағы ашар­шы­лық­та зиялылар газеттерде ашыққан елге жәрдем көрсетуге шақырып үндеулер, көмек беру барысы жайында мақа­ла­лар жазып тұрды. Мәселен, «Ақ жол» газетінде 1921 жылы Халел Дос­мұ­ха­медов, Мұхамеджан Тынышбаев, Жанша Досмұхамедов, Қоңырқожа Қожықов, Сұлтанбек Қожанов, Иса Қаш­қынбаев және тағы біраз зиялы үндеу жариялап, ашығып жатқан арқа­лық бауырларға көмектесуге шақыр­ды. Жанша Досмұхамедов Қарақол жағына іссапармен барып, аштыққа ұшырағандарға нақты көмек жіберуді ұйымдастырды. 1922 жылы Міржақып Дула­товтың «Ақ жолда» «Ашыққан елге жәрдем қайткенде мол жиналады?», «Аштық қырғынынан қайтсек құтыламыз?» деген мақалалары шықты. Сол жылы «Қазақ тілі» газетінде басыл­ған мақаласында Семей губерния­сы қазақ қызметкерлерін елден ашар­шы­лық жайлаған аймаққа жәрдемге мал жинасуға шақырды. Өзі Семей өңірін­де­гі болыстарды аралады, сонда онысын ұнатпай, саяси басқарма тұтқынға алды. Кейін Торғайға көмекке мал айдап апарғандар үстінен үлкен сот бол­ға­ны да мәлім. Ашаршылықты большевизмнің көшпенділерге жасаған геноциді деп санауға әбден болады. «ХХ ғасырдың қызыл топалаңы» билікке келген бетте жергілікті халықтар мүддесін көзге ілген жоқ. Олардың өмір сүру құқы­ғы­ның өзіне күдікпен қарады. Сол кезгі саяси оқиғалардың бел ортасында жүріп, нақты куәлік қалдырған Тұрар Рыс­құловтан білеміз: әлемдік революция өртін өршіте түсуді мақсат еткен «лениндік гвардияның» алдыңғы сапындағылар көшпенді қазақтарды маркстік көзқарас тұрғысынан бәрібір құрып бітуге тиіс, экономикалық жағы­нан әлжуаз топ деп есептеді, сондықтан олар­ды аштан құтқарамын деп шығын­дан­ғаннан, бар қаржыны азамат соғысы майдандарындағы әлемдік революция жасауға тиіс қызыләскерлерді қол­дау­ға жұмсау маңызды болды. Азық-түлік тап­­шы­лығы сезілген 1917 жылдың жазынан-ақ Түркістанды іс жүзінде бас­қа­ра бастаған жұмысшы-шаруа-солдат комитеттері, сол оқиғалар арасында жүрген Зәки Уалидидің куәлік етуінше, көшпенділерге астық бермеу жағында болды. Жылқысы қызыләскер пайдасына тартып алынған көшпенді жұрт ішін ашаршылық жайлады.

1917–1918 жылдың қысын Ташкентте өткізген Мария Шоқай өз естелігінде қазақтардың көше-көшеде аштықтан қалай сұлап түсіп өліп жатқандарын, өзегі талған жандарға бір түйір нан беруге шарасыздықтан қиналғанын жазған. Сонау сұрапыл жылдарда рес­ми деректер бойынша 2 миллионнан астам адам ашықты. Қырылып қал­ғандар саны жантүршігерлік еді. Мұс­та­фа Шоқай оны «большевиктердің аштық саясатының салдары» деп біліп, құрбан 1 миллион 114 мың адам деген нақты цифр көрсетті. Ал Түркаткомның Ресей Федерациясындағы өкілетті өкілі У.Шакиров 1919 жылы РКФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатына берген хатында Түркістандағы дала халықтарының 60 пайызы аштан өлгенін баяндады. Мұнда революция қарсаңында 3 миллиондай қазақ тұратын-ды. «Пролетариат диктатурасы» көшпенділердің Түркреспублика аумағындағы тіршілік кеңістігін босатуы арқасында, солардың сүйегі үстінде орнады... Екінші кезең мейлінше солақайлықпен жүргізілген «әскери коммунизм» саясаты салдарынан Қазақ Республикасы аумағында 1921–1923 жылдары орын алды, халық тағы да жалпы санының төрттен бірін жоғалтты. Ұлттық апаттың үшінші, ең қасіретті кезеңіне айналған 1931–1933 жылдары Үлкен Қазақстандағы (Қазреспубликаға Түркреспубликадағы қазақ жер-суымен біріккен ахуалдағы) халықтың жартысы қырылды, шамасы жеткендер – тірі қалғандардың үштен бірі – босып басқа өлкелерге, шетелдерге өтіп кетті, дәстүрлі шаруашылық мүлдем тұралады, мал басы он-он екі есеге дейін азайды... Осы кезең жайында жарияланған жантүршігерлік естеліктер, құжаттар мол. Әлі жиналмағаны, ел ішінде жатқаны қаншама... Монархия құлар қарсаңдағы алты миллиондық қазақтың жалпы саны төңкеріс туын көтерген социалистік федерация құра­мын­да бой түзеген автономиялық респуб­ликасындағы қылмысты саясат сілкініс­теріне толы он алты жылда – Ұлт­тық апаттың аталған үш кезеңінде – үш есеге жуық кеміді. Тікелей шығын 4,5 млн-дай, ықтимал табиғи өсімді есепке алғанда – 10 млн-дай жаннан айы­рылдық. Мұндай ұлттық апатқа ұшырамағанда, бүгінде қазақтың саны кемі 40-50 миллионға барып қалар еді...

– Ұлт қайраткерлерінің аштықпен кү­ре­сіне қарамастан, жоғарыға жа­зыл­­ған «бесеудің», «алтаудың» хатта­ры ұлтшылдықпен байланыс­тырылып, асыра сілтеулер жалғасын таба берді. Ірі шаруашылықтардың босып кетуіне ықпал етті...

– 1917-1918 жылғы қыста қала маңын­да­ғы ауылдардан сүйретіліп жеткендерді Ташкентте Сұлтанбек Қожанов «Бірлік туы» газеті редакциясының қоғамдық асха­насында қоректендірді. Сол 1918 жылы ол Жаңақорған, Созақ, Түр­кіс­­тан аймақтарында ашыққандарды та­мақ­тандыратын орындар ашты. Жұрт бертінге дейін «Жылан жылы Сұл­тан­­бектің шүлен көжесі арқасында аман қалдық қой» деп жүрді. Осы кезде Әулиеата үйезінде 1918 жылғы сәуір­де атком төрағасының орынбасары болып сайланған Тұрар Рысқұлов та ашар­шы­лық­қа ұшыраған жұрт үшін қоғамдық тамақ­тандыру орындарын ашуды ұйым­дас­тырды. 1918 жылғы қыркүйекте ол Түркреспубликасының Денсаулық сақ­тау халық комиссары қызметіне келген, сол кезде оған негізгі міндетімен қоса өлке­дегі аштықпен күрес те тапсырылды. Бұл жұмысты пәрменді ету үшін, 1918 жылғы қарашада құрамында түрлі комиссариаттың өкілдері бар ерекше Орталық Комиссия құрылды да, оның төрағасы болып Рысқұлов тағайындалды. Ауқымды жұмыс жүр­гізілді. Бұл Ұлттық апаттың бі­рінші кезеңі еді, 1921–1923 жыл­дардағы екінші кезеңде Түркреспубликадағы зиялылар үндеу жариялап, Қазреспубликада ашығып жатқандарға көмек ұйымдастырды. Мұндай әрекет Қазреспубликаның өзінде де жасалды. 1931–1933 жылдардағы, халықтың сол кезгі санының жартысына жуығын алып кеткен ең қасіретті, қазақты ұлт ретінде жойылу қаупіне тіреп қойған үшінші кезеңді алсақ, ашаршылық белгілері жайындағы суық хабарлар өлкелік комитетке 30-шы жылдардың басында-ақ түсе бастаған. Бірақ Голощекин мен оның үзеңгілестері өздерін өздері «мұның бәрі алашордашылар мен байлардың зиянкестік астыртын әрекеттерінің салдары» деген жасанды сылтаумен алдады. 1932 жылғы 4 шілдеде Голощекиннің атына бүгінде көпке әйгілі (жазушы Ғабит Мүсірепов, Қазмембаспа меңгерушісі Мансұр Ғатаулин, Комвуз проректорының орынбасары Мұташ Дәулетғалиев, проректоры Емберген Алтынбеков, Госпланның сектор меңгерушісі Қадыр Қуанышев қол қойған) «бесеудің хаты» берілді. Хатта ауыл шаруашылығындағы құлдырау деректері келтірілді (1930 жылғы 40 миллион бас малдан 1932 жылы 5 миллион ғана қалған). Қазақтар арасында аштан өлудің тым көбейіп кеткені және осынша мүшкіл халге «солшылдық» асыра сілтеулер мен Қазөлкекомның қате саясаты жеткізгені айтылды. Алайда, «бесеудің хаты» ұлтшылдықтың нақты көрінісі ретінде бағаланды. Хаттың жазылуына Халкомкеңес төрағасы Ораз Исаев түрткі болды. Ол соған дейін Қазақстандағы ашыққан халыққа көмек көрсету жайында 1932 жылғы 11 мамырда республиканың қаржы халкомы М.Орынбаевпен бірге И.Сталин мен КСРО ХКК төрағасы В. Молотовқа хат жазған болатын. «Бесеудің хаты» теріс бағаланғаннан кейін, 1932 жылдың тамыз айында, Ораз Исаев Сталинге екінші рет хат жазды. Бұл хатында Ораз өлкедегі асыра сілтеулерді ашық баян етті, себеп-салдарларын талдады, қиындықтан шығаратын шаралар ретіндегі ұсыныстарын тұжырымдады. 1933 жылғы 24 ақпанда ОК Бас хатшысы Сталин мен Қазақ өлкекомының жаңа бірін­ші хатшысы Л.Мирзоянның атына «алтаудың хаты» (қол қойғандар: Қызыл профессура институтының тың­дау­шылары Ғатаулла Исқақов, Ілияс Қабылов, Жүсіпбек Арыстанов, Бір­мұ­хамед Айбасов, Қазөлкеком мүшесі Ғаббас Тоғжанов, студент Оразалы Жандосов) жіберілді. Онда 300 мыңнан астам қазақ қожалығының Сібір және Орта Азия темір жол стансаларына, қа­ла­­ларына, орталықтағы қалаларға, көр­ші республикалардың облыстарына босып кеткені, көбінің қайыршылық хал кешіп жатқаны айтылды. Шұғыл көмек көр­сетілмесе, көктемге қарай олардың ара­сындағы өлім-жітім тым көбейіп ке­те­­­тіні хабарланды. Қазақстанның жаңа басшылығы ашаршылық зардаптарын жоюға бағытталған кешенді жос­парды жү­зеге асыруға кірісті. 1933 жылғы 9 нау­рызда Тұрар Рысқұлов ОК Бас хат­­шысы Сталинге (көшірмесін ОК ауыл­­шаруашылық бөлімі мен КСРО Хал­комкеңесіне) Қазақстандағы ашар­шы­лық зардаптарын жою жөніндегі баян­ха­­тын жолдады. Мұның көшірмесін 11 наурызда жөнелтпе жазбасына тір­кеп, Алматыға, Мирзоянға жіберді. Ол ондағы пайымдарды қазақ партия ұйы­мы­ның жаңа басшысы жұмыс барысында ескерер деп үміт білдірді. Жол беріл­ген Ұлттық апат кезіндегі қазақ қай­рат­керлерінің іс-әрекеттері осындай бол­ды...

– Сіз сұхбаттарыңызда тарихпен тәрбиелеу мәселесін жиі көтеріп жү­ре­­­­сіз. Бұл бағытта нақты қандай ұсы­­­­ныс­тарыңызбен бөліскен болар еді­­­­ңіз?

– Шындығында да мен адамдарды тарих арқылы тәрбиелеудің отаншылдық сезімді бекем қалыптастыратынына, барша жұртты қазақ мүддесі жолына топтас­тырып, ел бірлігін арттыра түсетініне қалтқысыз сенемін. Қазақстанда тұ­ра­тын өзге ұлт өкілдері қазақтың қасіретті тарихынан мүлде бейхабар деуге болады, егер олар өткен ғасырда солақай саясат салдарынан қазақтың ұлттық апатқа душар болғанын түсінсе, бар салада қазаққа қатысты тарихи әділеттіліктің орна­уына көмектескен болар еді. Жал­пы, тарихпен тәрбиелеу мектепте, оқу бағ­дарламаларында жеткілікті дәре­жеде ескерілуі керек. Әзірге тілге тиек бол­ған қаралы кезеңдердің де, тіп­ті мем­лекет­тілігіміздің де тарихы ойдағыдай оқытылмайды. Шын­ын айтқанда, күні бүгінге дейін қазақ мемлекетінің дұрыс жазыл­­ған тарихы жоқ, оның себебі тарих институттарының тек билік қар­­жылан­­дырған бағдарламалармен жұ­мыс істейтіндігінде ғой деймін. Ал бізге қазақтың байырғы ұлт екенін, ұлт­тық мем­лекеттілігінің ғасырлар тере­ңі­не кете­тінін көрсететін шыншыл тарих керек. Қазақ мемлекетінің барша жұр­ты­мыз мақтан ете алатын тарихын жазу қажет. Бұған бірінші кезекте өкіметіміз ынталылық танытса құба-құп.

– Әңгімеңізге рахмет.


Әңгімелескен Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Еgemen Qazaqstan»

 АЛМАТЫ