Сайлау • 31 Мамыр, 2019

Еңбек ұжымдары – белсенді сайлаушылар

1117 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясындағы іс-шаралардың көбі халыққа қызмет етіп отырған түрлі мекемелерде және экономиканы дамытуда үлесі зор кәсіпорындарда өтіп жатыр. Мұндай кездесулерге еңбек ұжымдары белсенді қатысып, еліміздегі ең маңызды саяси науқанға бейжай қарамайтындарын білдіруде.

Еңбек ұжымдары –  белсенді сайлаушылар

«Ақ жол» демократиялық пар­тия­сынан президенттікке кандидат Дания Еспаева Павлодар облы­сының тұрғындарын сайлауалды бағдар­ламасы­мен таныстырып жүр. Ол өзінің сенім білдірілген адамдарымен бірге Екібастұз қаласына барып, жергілікті кәсіпкер, энергетика және әлеуметтік саладағы жұмыскерлермен кездесті. Екібастұзда энергетика, көмір өнеркәсібі, бағалы металдарды өндіру салалары жақсы дамыған. Бүгінгі таңда қалада 8 мыңдай шағын және орта бизнес нысандары бар. Былтырдың өзінде жаңадан 15 жаңа кәсіпорын ашылды.

Екібастұзда үміткер жергілікті өнер­кәсіп пен әлеуметтік объектілерге бард­ы. Кездесулерге жергілікті бизнес­мен­­дермен қатар қаланың басқа да тұр­ғындары қатысып, кандидаттың бағ­дар­ламасындағы негізгі бағыттарға қызығушылық танытты. «Бағдарламада кәсіпкерлерге шағын бизнесті ынталандыру үшін салықты төмендету, салалар үшін қосымша құн салығының мөлшерлемесін азайту қарастырылған екен. Тауар бағасының құны осыған байланысты болғандықтан, бұл – өте өзекті мәселе. Маған шағын және орта бизнес үшін банктегі несие мөлшерлемесін төмендету туралы ойы ұнады. Бұл да көкейкесті мәселе», деді кәсіпкер Вик­тория Острикова.

«Ақ жол» партиясының үміткерімен кездесу барысында тұрғындар әлеуметтік мәселелерді де көтерді. Екібастұздағы халық саны 150 мыңнан асады. Мұнда металлург, инженер, шахтерлердің әулеті тұрады. Қала тұрғындарының сөзіне қарағанда, соңғы жылдары мектеп бітірушілер көрші мемлекетке оқуға түсе бастаған. Олар онда техникалық бағыттағы сапалы білім алып, жұмыспен қамтылады. Бұған қатысты Д.Еспаева өз ойын білдіріп: «Біздің дарынды жас­тарымыз сырт жаққа кетуде, бұл мәсе­леге баса назар аудару қажет. Бірін­шіден, техникалық қана емес, бар­лық сала бойынша білім сапасын көтеру керек. Жоғары оқу орнынан соң бітірушілер жұмыс тәжірибесінің жоқтығына қарамастан жұмыспен қамтылуы тиіс», деді.


* * *

«Ауыл» халықтық-демократия­лық патриоттық партиясы ұсынған прези­денттікке кандидат Төлеутай Рақымбеков Маңғыстау облысының тұрғындарына сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Ол қоғамдық штабының өкілдерімен бірге әр аймаққа тән мәселелерді көтеріп, оның шешу жолдарын ұсынды.

«Маңғыстау өңіріне күнделікті тұты­натын азық-түліктің басым бөлігі басқа аймақтардан әкелінеді. Соған сәйкес, баға да жоғары. Бұл мәселені шешу үшін ауыл-аймақта жылыжайларды көбейту керек. Бұған қоса шұбат өндірісін бір жолға қойып, табыс көлемін еселеп арт­тыруға болады. Осы тектес бас­та­ма­ларға қазір мемлекеттен жақсы қол­дау бар. Енді тұрғындарға осындай мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, іске асырылып жатқан іс-шаралардан уақ­тылы хабардар болып, кәсіп ашудың түрлі тетіктерін тиімді қолдану да ма­ңызды», деді Төлеутай Рақымбеков.

Бұған қоса кездесулер барысында жұ­мыссыздық мәселесі кеңінен тал­қы­ланды. Өйткені мұнайлы өлке деп ауыл жастары осында ағылады. Бірақ бәріне бірдей тұрақты жұмыс табылмайды. Сондықтан президенттіктен үміткер қатаң және құрғақ климатты сылтаурата бермей, соңғы технологиялардың не­гізінде ауыл шаруашылығын жан­данды­руға күш салу керектігін айтты. Оның сайлауалды бағдарламасы тек ауыл шаруашылығын дамытуға негіз­делмеген. Сондай-ақ баспанамен қамту, инфрақұрылымды дамыту және жас­тар саясатына қатысты да бағыттар бар. Өңірдегі кездесу барысында осы мәсе­лелер де егжей-тегжейлі баяндалды.

Сонымен қатар кандидат Атырау­дағы Дамбы балық инспекциясында ғылы­ми балық аулау процесімен танысып, балық­­шылармен жүздесті. Онда өңірдегі балық­шылардың еңбекақысын өсіру керек­тігі сөз болды. Т.Рақымбеков балық шару­а­шылығын дамытуға арналған, нақ­ты­рақ айтқанда, аквамәдениет, ихтеоло­гия бағытында мемлекеттік деңгейде тиісті стратегиялық тұжырымдама қа­был­дануы тиіс деп санайды.


* * *

Кәсіподақтар федерациясынан пре­­зиденттікке кандидат Амангелді Тас­­пиховтың Маңғыстау облыстық қоғам­дық штабының мүшелері білім беру мекемелерінің қызметкерлерімен кез­десті. Сенім білдірілген адамдар ал­­ды­мен облыстық энергетика кол­леджі­нің ұжымымен, содан кейін Ақ­тау қала­лық технологиялық қызмет көр­сету кол­леджінің еңбек ұжымымен жиын өткізді. Оған облыстық кәсіподақ­тар ор­тал­ы­ғы басшысының орынбаса­ры Тель­ман Матаев пен білім және ғы­лым қыз­мет­керлерінің  салалық кәсіп­тік ода­ғы­ның облыстық ұйымының төрайы­мы Тарбия Байымбетова қатысып, сөз сөйледі.

Басқосуда Алматы ауыр машина жасау зауытында инженер-технолог болып еңбек жолын бастаған А.Таспиховтың өмірбаяны таныстырылды. Т.Матаев үміткердің тұғырнамасын жан-жақты ашып көрсетіп, бұл құжатта қарапайым еңбек адамдарының мүддесін қорғауға, халықтың әлеуметтік жағдайларын күшей­туге арналған бағыттар барын атап өтті. Кездесуге 120-дан аса адам қа­­ты­сып, А.Таспиховтың сайлауал­ды бағ­дар­ламасын бірауыздан қолдайтын­да­рын жеткізді.

Сонымен қатар сайлауалды науқан жұмыстарының аясында Нұр-Сұлтан қала­сының кәсіподақ орталығы мү­шелері Ақкөл қаласының іргесінде орналас­қан балаларға арналған «Арман» дене шынықтыру және сауықтыру орта­лығына барды. Мұнда елордалық орта мектептер арасында «Туристік жиын» өтті. Бұл – Тастанбек Есентаев бастаған елордалық қоғамдық штабтың кезекті сай­лауалды үгіт-насихат акциясы. Кәсіп­одақ мүшелері мұғалімдер мен оқу­шылар арасында өз кандидаттарының тұғыр­намасын таныстырып, қолдау көр­сетуге шақырды.

Жиналған қауым кандидат А.Тас­пиховтың бағдарламасындағы еңбек ұжымының мәртебесін көтеруге қатысты  бағыттарға қызығушылық танытып, көкей­лерінде жүрген мәселелерін ор­таға салды. Бұған қоса, еліміздегі саяси науқанға селқос қарамайтындарын аң­ғар­тып, белсенді қатысатындарын айтты.


* * *

Қазақстан Коммунистік халық партиясы атынан сайлауға түсіп жатқан Жамбыл Ахметбековтің сенім білдірілген адамы, Алматы облыстық сайлауалды штабының жетекшісі С.Биғарова Талдықорған қаласына барып, Д.Қонаев атындағы этнографикалық музейді аралады. Сондай-ақ Оқушылар сарайында да сайлаушылармен кездесті.

С.Биғарова батыстың тек пайда үшін, кез келген жолмен ақша табуды көксейтін адамгершілікке жат дәстүрі біздің Отанымызға қауіпті екенін айтып, президенттікке үміткердің сайлауалды тұғырнамасында батыстың ықпалы мен жалған құндылықтарынан бас тарту мәселесі көрсетілгенін мәлімдеді. Штаб жетекшісі Қазақстанның әрбір азаматы елдің болашағына жауапты екенін алға тартып, саяси науқанның маңыздылығына тоқталды және көп­шілікті 9 маусымға белгіленген сайлауға белсенді қатысуға шақырды.

Сонымен қатар Коммунистік халық партиясының өкілдері жер-жерде түрлі іс-шаралар ұйымдастырып жатыр. Соның бірі Павлодар облыстық қоғамдық штабының Ертіс өзенінде теплоходпен серуен жасағаны болды. Онда серуендеушілер кеңестік музыкаларды тыңдап, Ж.Ахметбековке дауыс беру үндеуіне құлақ түрді. Теплоход үгіт плакаттарымен безендірілді. Ал партия нышанымен әдіптелген киім киген белсенділер сайлаушыларға үгіт материалдарын таратты.

Серуен барысында ұйымның Павло­дар облыстық комитетінің бірін­ші хатшысы Г.Нұғманова қатысу­шы­лар­ға Ж.Ахметбековтің сайлауалды тұғырнамасының негізгі тезистерін таныстырды. Ол жұртқа үміткердің көрші елдермен Еуразиялық экономикалық одақ және «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясындағы халықаралық қарым-қаты­настың және экономикалық интегра­цияның жалғасуын қолдайтындығын жеткізді.


* * *

Nur Otan партиясынан президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы Алматы қаласындағы Мәдениет үйінде халықпен жүздесті. Апорттың отанындағы патриот тұрғындар бұл кездесуге белсенді қатысты.

Республикалық штаб жетекшсі Мәулен Әшімбаев бастаған делегация жиналған қауымның назарын Қ.То­қаевтың сайлауалды бағдарла­масында айтылған өзекті мәселелерге аударды. Мәселен, бағдарламадағы құқық қорғау органдарын реформалау жөніндегі талаптардың маңыздылығы аталып өтті. Сондай-ақ кандидаттың әрбір қазақ­стандықтың табысы мен тұрмысын түзеуге, әлеуметтік қамтамасыз етуді жетіл­діруге күш салатыны айтылды. «Құрметті алматылықтар, 9 мау­сым күні сайлау учаскелеріне шақы­ра­мыз. Баршаңызды атсалысуға шақыра­мын. Барлығыңыз бейбітшілік пен тұрақ­тылықты сақтау үшін дауыс беріңіздер. Кан­дидатты сайлай отырып, сіздер Қазақ­станның болашағы үшін дауыс бере­сіздер!», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар Қ.Тоқаевтың сенім біл­дірілген адамдары бизнес-қоғамдас­тық өкілдерімен кездесті. Бизнес сала­сын­дағы өзекті мәселе­лерді талқылау бары­сында М.Әшімбаев кандидаттың сайлауалды бағдарламасының «Өрлеу» атты бөлімінде су, жол салу мен мектеп құрылысы және медициналық көмек жайы қамтылғаны айтылды. «Егер елді мекен таза ауызсумен қам­тылған болса, онда сапа­лы жол салына­ды. Өз ісіне берілген ұс­таз­дар еңбек ететін мектептер пайда бо­лып, алғашқы медициналық көмек көр­се­тетін орындар болады. Өрлеудің мәні де осында. Бұған қоса, өрлеу ұғымы мем­ле­кеттің өз кәсіпкерлерін тиімді қор­ғауы­нан көрінеді. Бағдарламада биз­нес­мендерге жүйелі әрі көп қырлы қолдау көрсету жайы баса айтылған», деді республикалық қоғамдық штаб жетекшісі.


* * *

«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысы атынан президенттікке кан­дидат ретінде тіркелген Әміржан Қо­сановтың Алматы қаласындағы сай­лауал­ды қоғамдық штабының мүше­лері Ұлттық кітапханада мәдениет қызмет­кер­лерімен кездесті. Үгіт-насихат тобын штаб жетекшісі Мақсат Жақау бастап барды.

Ә.Қосановтың сенім білдірілген адам­дары көпшілікке сайлауалды тұғыр­намада көрініс тапқан негізгі бағыттарды таныстырып, кандидаттың түрлі ­мәселеге көзқарасы жайлы баян­дап берді. Оларды мұқият тыңдаған қатысу­шылар  өздерінің сұрақтарын да қойып, халықтың әл-ауқатын көтеру тұрғысында пікір алмасты.

Еліміздің жер-жерінде өтіп жатқан осындай кездесулерде кандидаттың сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген басты ұстанымдар кеңінен түсіндіріліп жатыр. Оның бағдарламасындағы «Сөз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі Тәуелсіздік» атты тарауында сыртқы саясатта көп век­торлы дипломатия, аумақтық тұтас­тықты құрметтеу, тең құқықтық қа­рым-қатынас тәжірибесіне қайта оралу, Орталық Азиядағы көршілес мем­ле­кет­термен өзара сенімділікті, одақтас­тық пен ұжымдық қауіпсіздікті нығай­ту, сондай-ақ түркі тілдес елдердің ынтымағын одан әрі тереңдету туралы айтылған.

Сонымен қатар Петропавл қаласында президенттіктен үміткер Ә.Қосановтың облыстық қоғамдық штабында сайлау күні учаскелерде дауыс беру процесін қадағалайтын байқаушылар үшін семинар өткізілді. Мұндай жиындар саясаттанушы Дос Көшімнің бастамасымен ұйымдастырылуда. Ол екі күн ішінде бай­қаушылар дайындау жұмыстарын бел­сенді жүргізуде. Саясаттанушы тренинг аясында байқаушылардың құқық­тары мен міндеттері, сайлау кезінде орын алуы ықтимал түрлі жағдайлардағы әрекеттері жайлы түсіндірді. Сонымен қатар штаб мүшелері тұрғындармен кездесіп, кандидат туралы баяндап берді, үгіт-насихат материалдарын таратты.


* * *

«Ұлы дала қырандары» республи­калық қозғалысынан президенттікке кандидат Сәдібек Түгелдің Түркістан облысындағы сайлауалды қоғамдық штабының өкілдері өңірдегі киелі жерлерді аралады.

Аймақтағы штаб жетекшісі Әзиз Әнетов бастаған насихатшылар тобы сапарларын алдымен қазақ хандары мен би-шешендері сүйегі жатқан тарихи қала Түркістан қаласынан бастады. Мұнда Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіне соғып, тәу етті. Сол маңда туристер мен зиярат етіп келгендерге кандидаттың басты ұстанымдары түсіндіріліп, соның ішінде ұлттық құндылықтарды ұлықтау туралы кеңінен айтылды. «Жер – жанымыз, тіл – тұғырымыз» деп ұрандатқан С.Түгел осы Түркістан секілді қасиетті жеріміздің қадірін біліп, дәл осы өңірдегі халықтың таза сақталған тілі мен қаймағы бұзылмаған дәстүрі бүкіл қазаққа үлгі болғанын көксейді.

Сонымен қатар насихатшылар тобы одан әрі қарай жылжып, іргедегі Отырар ауданына жол тартты. Онда Әзірет Сұлтанның ұстазы, бабтардың бабы Арыстан бабтың кесенесі бар. Кандидаттың сенім білдірілген адамдары бұл жерде де белсенді жұмыс істеп, келген-кеткен жұртқа үгіт материалдарын таратты.

Бұған қоса С.Түгелдің Алматы облысындағы қоғамдық штабы да қарқынды жұмыс істеп жатыр. «Біздің негізгі мақсатымыз – облыстағы әрбір тұрғынын өз кандидатымыздың сайлауалды тұғырнамасынан хабардар ету. Бағдарламаның басты бағыттары – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, жемқорлықпен табанды күрес, жұмыссыздық мәселесін шешу, еліміздің демографиясын баса көңіл бөлу және ұлттық ойындарымызды, әсіресе ат спорты түрлерін дамыту. Үгіт-насихат жұмыстары барлық аудандарды қамтып жатыр. Әр ауданда кем дегенде үш өкіліміз жұмыс істеуде. Барлығы – 60 адам», деді өңірдегі кандидаттың сенім білдірілген адамы Лаура Әшенова.


Дайындаған

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan»