Қоғам • 31 Мамыр, 2019

Сән-салтанат һәм саналы ұрпақ

1538 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бір жыл да өте шықты. Соңғы қоңырау соғылып, миллиондаған оқушы алған білімдерін түйіндеп жатыр. Мектеп табалдырығын өткен күзде аттаған балапан балғын ұрпақ екінші сыныпқа өтіп, өзі де, ата-анасы да ерекше бір сезім құшағында жүрсе, өмір сапарына қанат қаққан түлектердің де қуанышы мен көңіл толқыны кімді де болса толғандыратыны сөзсіз. Бұл ұрпақтар сабақтастығының үзілмей келе жатқан алтын арқауы десек жарасады.

Сән-салтанат һәм саналы ұрпақ

Бір толқын ұл мен қыз жаз жайнатып, күн күлдіріп дегендей, лагерьлерде демалатыны анық. Оның жоба-жоспары, нақты есебі таяудағы Үкімет отырысында жан-жақты талқыланды. Шынында, баланың бос жүруі, әсіресе қаланың «қамал» үйлеріндегі оқушыларға ауыр тиетіні белгілі. Аулалардың тарлығы, қаптаған машиналар – бәрі де оларға кедергі келтіреді. Бұл да келешекте шешімін табуға тиіс толғақты мәселе десек, артық айтқандық емес.

Мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс істей бастайтыны мәлім. Әрине қазір тегін дүние жоқ. Аяқ бассаң, ақы талап етеді. Мұны нарық заңы дейді. Бірақ нарық халыққа қызмет етуі тиіс дегенді ескере қоймайтынымыз да рас. Бір-екі баласы бар, жағдайы көтеретіндер ақылы лагерьлерге ұл-қызын жіберер. Ал айлығы шайлығынан артылмайтындар, әсіресе көп балалы отбасылар, жағдайы кемшін қалт-құлт етіп отырғандар мұндайда қиналатыны белгілі.

Осындай сәтте, қарымы бар компаниялар, ірі бизнесмендер, жеке шаруа қожалығы барлар, қаржысы молдар, бұрын да демеуші болып жүрген жандар биыл да бұл іске жұмылса, жас ұлан жалтақтаудан құтылар еді. Тіпті ұйыса ұйымдастыру жағын ойластырса да артықтығы жоқ. Осы жұмыстың жүйелі тетігін тауып, құрылымын қалыптастыру керек секілді. Игілікті істі жаңа оқу жылы басталғаннан қолға алып, тоғыз айда тамшыдан теңіз құрасақ, жыл соңында мыңдаған балаға септігіміз тиер еді.

Қазір ірі қалаларда рухани орталықтар аз емес. Оның қатарында спорт кешендері, музейлер, театрлар, ұлттық парктер, суда жүзу бассейндері, елді мекендегі қорықтар, тарихи орындар бар. Әйтсе де бәрі ақылы екені белгілі. Егер оқушылардың жазғы демалысында мұндай салтанаты мол мекемелер есігін айқара ашып, топтасып барған ботагөз балалардан ақша дәметпей, ертеңгі ізбасарлар, ұлт келешегі деп жылышырай танытса, кемелдік болар еді.

Өзіміз ауыздан тастамайтын өркениетті елдерде бар жақсылықты «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын!» (А.Байтұрсынұлы) деп балаға жасайтынын көріп те, біліп те жүрміз. Олар да нарық заманында өмір сүріп отыр. Ендеше, бұл өзгелер теңгесін төлеп табалдырығымды аттасын дейтін оймен ұрпаққа да қарысып қалу байтақ жері, телегей теңіз байлығы бар қазақ баласына жараспайтын қылықтай көрінеді.

Көңілдері тау суындай тасқындап, дидарлары көктемнің сан алуан гүліндей құлпырған ұл-қыздың жазғы демалысына халық болып жұмылсақ, әр баланы көзден таса етпей, тағылымды мінез көрсетсек, оның өтеуі ертең қайтады. Атам қазақтың «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер» деген өсиеті тегін айтылмаса керек. Әр жасалған жақсылық балалардың есінде өмір бойы қалып қояды. Ұмытпайды. Тәңір қолдап, бағы ашылып, кемеліне келгенде шарапаты тиген үлкенді көргенде ілтипат танытады. Оған бұл арада дәлел-дәйек келтірмесек те куә болған жайлар әр кез алдымыздан шығып жатады.

Жас ұрпақты бағалай алсақ, бақытқа кенеледі. Олардың алғыр ойынан әдемі бастамалар да туып жатады. Соның бірі – биылғы мектеп бітіруші түлектердің думанды кешті дүрмекке айналдырмау туралы байламдары. Бұл мәселені Білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова да көтергенін еске сала кетелік.

Ақиқатына келсек, түлектердің соңғы 10-15 жылда салтанатқа айналдырған кеш өткізу үрдісі бардың малын шашып, тұрмысы төменнің баласын жасытып келгені анық. Қымбат киім, қымбат көлік, қымбат мейрамхана сияқты сән-салтанаттан тыйылып, түлектердің мектеп ішінде ғана дидарласуды ойластырып жатқаны көңілге жылылық әкеледі. Бұл бастаманы ата-аналар да қолдап отыр. Бір білім ұясының бітірушілері қымбатқа түсетін думанды кешті тоқтату өз алдына, мүмкіндіктеріне қарай қаржы жинап, кейбір тұрмысы төмен отбасыларға, сырқаты дендеген балаларға демеуші болу жағын қолға алыпты. Иә, ұрпаққа үлгі болсақ, ұтарымыз мол, келешекте олар жүрер жол даңғыл болмақ.