Қоғам • 31 Мамыр, 2019

Маңғыстау облысында өрт оқиғасы 12 пайызға азайған

1011 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысы, азаматтыққорғау полковнигі Базарбаев Куанар Бекенұлы мәлімдеді.

Маңғыстау облысында өрт оқиғасы 12 пайызға азайған

Алдын-алу шараларына сәйкес, өткізілген үгіттеу-профилактикалық жұмыстары бүгінгі таңда өз нәтижесін беруде, дейді мамандар. Мәселен, 2018 жылдың  соңғы бес айында 107 өрт оқиғасы тіркелсе, жыл басынан бері облыс аумағы бойынша 94 өрт оқиғасы болған. Дереккөздер сүйенсек, көбіне тұрғын үйлер өртенген. Отты абайсыз қолдану, пештің ақаулығынан, электр желілері мен құралдарын пайдалануда өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан және балаларды қараусыз қалдыру салдарынан 39 оқиға орын алды. Ал, осы іспетті жағдайға тап болған 28 автокөлік тіркеуде тұр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24 пайызға азайған. Биылғы жылдың 5 айында  мамандар 461 рет өрт сөндіруге барған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 11 пайызға көп. 2018 жылы 3 адам құтқарылып, 99 адам көшірілсе, биыл 15 адам құтқарылып, 189 адам қауіпсіз жерге көшірілген.

«Өрт – тілсіз жау. Оны алдын-ала болжап білу мүмкін емес. Жыл сайын өңірде қала және аудан әкімдіктерімен бірігіп облыс аумағында өрт оқиғасын болдырмау және орманды-далада өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспары бекітіледі. Осы орайда, Мұнайлы ауданында «Өрт сөндіру» бөлімінің құрылысы басталмақ. 60 адамды жұмыспен қамтитын жобаға республикалық бюджеттен 530 млн теңге бөлінген » ,- деді Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Куанар Бекенұлы.

Өрт оқиғаларын алдын-алу мақсатында көптеген шаралар қолға алынған. Бұқаралық ақпарат құралдарында, телеарналар мен радиоларда хабарламалар берілсе, қосымша өрт қауіпсіздік сенбіліктері ұйымдастырылып, тұрғын үй иелеріне жаднама, буклеттер және нұсқаулықтар таратылған. Облыс көлемінде, аудандардардың қоғамдық орындарында және адамдар көп шоғырланатын орындарда өрт қауіпсіздік талаптарын түсіндіретін 22 билборд орнатылып, білім беру ошақтарында да аталған тақырып аясында сабақтар өткізілген.