Медицина менеджменті – оң өзгерістердің кепілі
Сейсенбі, 23 сәуір 2013 2:45
Бүгінде басы ауырып, балтыры сыздамайтын пенде жоқ. Жан қысылғанда бәрі де медициналық мекемелерге жүгінуге мәжбүр. Оның үстіне қазір Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізгелі бері адамдардың да ауруханаларды таңдау мүмкіндігі бар екенін ескерсек, бәсекелесіп жұмыс істеуге мәжбүр мекемелердің тағдыры ендігі жерде басшыларға, олардың қарым-қабілетіне байланысты екені байқалады. Осы тұрғыдан келгенде,
Сейсенбі, 23 сәуір 2013 2:45
Бүгінде басы ауырып, балтыры сыздамайтын пенде жоқ. Жан қысылғанда бәрі де медициналық мекемелерге жүгінуге мәжбүр. Оның үстіне қазір Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізгелі бері адамдардың да ауруханаларды таңдау мүмкіндігі бар екенін ескерсек, бәсекелесіп жұмыс істеуге мәжбүр мекемелердің тағдыры ендігі жерде басшыларға, олардың қарым-қабілетіне байланысты екені байқалады. Осы тұрғыдан келгенде, Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен бекітілген «Бүгін ең үздік сен, ертең – бәрі» атты ауқымды жобаның қаншалықты маңызды екені айтпасақ та түсінікті. Бұл жобаны Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының Менеджмент орталығы жүзеге асыруда. Біз аталған орталықтың бас директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мақсұт Құлжановпен әңгімемізде медицинадағы менеджмент, тағы да басқа бірқатар мәселелерді қамтуға ұмтылдық.
– Мақсұт Кәрімұлы, әңгімемізді денсаулық сақтау саласында кәсіби менеджерлер даярлаудан бастасақ.
– Салаға кәсіби менеджерлердің институттарын кезең-кезеңмен енгізу жүріп жатыр. Бірінші кезеңде мұндай институттардың қатарына консалтингтік компаниялар тартылды. EPOS Health Management халықаралық консалтингтік компаниясының кеңестері негізінде медициналық ұйымдардың басшыларына арналған қысқа мерзімдік курстар ұйымдастырылуда. Бұл курстарда мынадай бағыттарда оқыту негізге алынған: саладағы заң мен әдеп, стратегия және саясатты білу, қызмет көрсетуді басқару, адамдарды және өзіңді басқару, ақшаны, ақпаратты, статистиканы басқару, бизнес-жоспар жасап үйрену. Одан басқа магистратурада оқу барысында 4 айлық қайта даярлау курстары да бар. Бұл жерде басқарушылар жоғарыда айтылған негізгі бағыттарды тереңдеп оқуға мүмкіндік алады.
Сондай-ақ, медицина саласындағы менеджерлер қызметінің тиімділігін бақылайтын мониторинг, аттестация және рекрутинг технологиялары енгізілуде. Бұлар да халықаралық стандарттарға негізделген. Осыған байланысты медициналық ұйымдардағы басқару және клиникалық тәжірибе бір-бірінен бөлінетін болады. Енгізіп жатқан жаңа әдіске сәйкес, менеджерлер үш деңгейге бөлінеді. Бірінші, топ менеджерлер (жоғары деңгей – бұл ұйымдардың бірінші басшылары және олардың орынбасарлары), орта деңгей – құрылымдық бөлімшелердің басшылары, сондай-ақ, линиялық деңгей. Бұлар белгілі бір жұмыс үдерісіне жауап беретін менеджерлер.
Кейде осы тәжірибелер арқылы денсаулық сақтау саласындағы білімді, білікті, өз кәсібіне берілген мамандарды жоғалтып алып жатқан жоқпыз ба деп те ойлаймын. Кәсіби дәрігер өз саласы бойынша жоғары мансапқа ие бола алмайтыны белгілі. Сондықтан олар кейде басқару жұмыстарына кетіп жатады. Ал басқару жайын білесіз, соңғы заманауи талап бойынша оған тек басшылық, ұйымдастырушылық міндеттер жүктеледі. Кәсіби маманды даярлау үшін қанша жыл, қаншама қаржы кетеді. Жылдармен бірге келетін тәжірибе жағы тағы бар. Мысалы, тамаша бір кардиолог маманды басқару жұмысына қою арқылы, ол маманнан айрылдық дей беруге әбден болады. Неге десеңіз, басшылық тізгінін қолына алған оның басқа жұмыстармен айналысуға мүмкіндігі жоқ. Осы жағдайлардың бәрін ескере келгенде, біздің лексиконымыздан «бас дәрігер» сөзі де түсіп қалатын күндер алыс емес. Ендігі жерде медициналық ұйымдардың басшысы қызметін директор атқарады. Оның медициналық жоғары білімі болуы шарт емес. Ал, медициналық білімімен басшылықты таңдағандарға медициналық жоо-ларда «денсаулық сақтаудағы менеджмент» мамандығы бойынша оқу бағдарламалары дайындалды.
– Денсаулық сақтау саласына жоғары технологиялардың көптеп енгізіліп жатқанынан хабардармыз. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан шараларға да тоқтала кетсеңіз.
– Ұйымдардың жұмысын жетілдірудегі басты бағыт – жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуді дамыту, оның халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Денсаулық сақтау саласындағы инновациялық үдерістердің бір көрінісі – жоғары технологиялық оталардың еліміздің аймақтарында да көптеп жасалуы. Бұл жоғары сапалы қызмет көрсетуде өңірлердегі ауруханалар мен республикалық клиникалар, ғылыми-зерттеу институттары мен ұлттық орталықтар арасындағы бәсекелестікке жол ашады. Осы үдерісте ғылыми-зерттеу институттары мен ұлттық орталықтар және медициналық университеттер денсаулық сақтау саласындағы басты күш болмақ, олар аталмыш үдерістің барлық элементтерін кәсіби деңгейде үйлестіріп отырады. Оның ішінде жоғары мамандандырылған медициналық көмектің аймақтық, салалық және ұлттық басымдықтарын анықтап, жаңа ізденістерді жүзеге асырып, жаңа әдіс-тәсілдерді енгізуде еңбек етеді.
Бүгінде елімізде диагностика, кардиохирургия, трансплантология және онкология өте қарқынды дамуда. Республика деңгейінде осы салаларға енгізіліп жатқан жоғары технологиялар аймақтарда да игерілуде деп айта аламыз. Мысалы, 2010 жылмен салыстырғанда аудандар мен облыстарда жоғары мамандандырылған көмек көрсету 4 есеге дейін өсті.
– Сіздіңше, бәсекеге қабілеттілікті қандай жолмен арттыруға болады?
– Ұлттық ғылымды дамыту және реформалау бойынша атқарылатын іс-шаралар зерттеуден бастап оларды жүзеге асыруға дейінгі аралықтағы, сондай-ақ, белгілі бір деңгейде коммерциялық мәселелерді де қамтуы тиіс. Бұл үшін медицина ғылымын басқару жүйесін және ғылыми-зерттеулерді қаржыландыру тетігін өзгерту керек.
Ғылыми-зерттеулерді түпкі нәтижеге жақындататын, еліміздің денсаулық сақтау жүйесіндегі өзекті мәселелерді шешіп бере алатындай жаңа үлгі қажет. Басқаша айтқанда, медицина ғылымы денсаулық сақтау саласы үшін қажетті шынайы түпкі нәтиже бере алатындай болуы керек.
Біздің ұйым Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен 2020 жылға дейінгі Медицина ғылымы мен денсаулық сақтау инновациясын дамыту тұжырымдамасын әзірледі. Бұл стратегияда ұлттық медицина ғылымын дамыту үшін бүкіл деңгейдегі менеджментті жетілдіру бойынша ғылыми-инновациялық іс-шаралар легі атқарылатын болады. Оған қоса, инновациялық инфрақұрылымдарды дамыту, жаңа білім мен жаңа технологиялар енгізу, жас ғалымдарды дайындау істері де жалғасын табады. Бұл жобаны жүзеге асыру отандық медицина ғылымының бәсекеге қабілеттілігін, денсаулық сақтау саласы ұйымдарының әлеуетін арттыруға септігін тигізеді деп ойлаймын.
– Еліміздің медициналық ұйымдарында он шақты жылдан бері аккредитация өткізіліп келеді. Оның қайтарымы туралы не айтар едіңіз?
– Медицина мамандары мен осы саладағы ғалымдар медициналық қызмет көрсету сапасын арттырудан бөлек, оны сол жеткен биігінде ұстап тұру мәселесін де көп жылдан бері қозғап жүр. Мәселен, бір елдерде сапаны қамтамасыз ету мәселесі өзекті болса, екінші бір елдер сол сапаны өз биігінде ұстап тұруды өзектірек санайды.
Біздің саламызда медициналық ұйымдарды аккредитациялау маңызды орын алады. Себебі, жоғары сапаға жету барысында медициналық көмекті сырттай бағалау да қажет. Ал объективті бағасын беруге әр елде аккредитацияның стандарттары енгізілген. Елімізде аккредитация 2000-ші жылдардан бастап жүргізіліп келеді. Осы жылы біздің мекеме Аккредитация орталығымен бірге стационарларға арнап аккредитация стандартын жасап шықты. Бұл еңбегіміз аккредитациямен айналысатын бүкіл мекемелердің стандарттарына баға беретін ISQUA халықаралық қоғамдастығының мақұлдауына және растауына ие болды. Тесттік апробациялар да өткізілуде. Еліміздегі медициналық ұйымдар жоғары бағалар алып жатқанын атап өтуіміз керек.
– «Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп жүре беретін отандастарымыздың медициналық ұйымдардан тауы шағылып жататын кездері де аз емес. Бұл орайда науқастың құқын қорғау мәселесін айналып өтуге болмайды. Осыған байланысты медициналық ұйымдарда қандай нақты шаралар жасалуда?
– Медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен тиімділігі, оған қоса медициналық араласулардың нәтижелілігі емдеу мекемелеріндегі материалдық-техникалық жағдайлар мен мамандардың біліктілігіне ғана байланысты емес. Бұл арада науқастың медициналық сервиске, медицина қызметкерлеріне қанағаттанғаны және осы салаға сенімі де есепке алынады.
Қазіргі таңда науқастардың құқын қорғау үшін мемлекеттік органдарда сенім телефондары жұмыс істейді, ал медициналық ұйымдарға ішкі аудит қызметі енгізілуде. Бұл бойынша емделіп жатқан науқастардың жазба хаттары қаралады, әлеуметтік сауалнамалар жүргізіледі, науқастардың туыстары да бұл сауалнамаларға қатыса алады. Осылайша, 2012 жылы республиканың медициналық ұйымдарында жүргізілген сауалнама барысында 350844 адамға сұрақ қойылды. Сауалнама респонденттердің 75,4 пайызы амбулаториялық-емханалық деңгейдегі медициналық қызмет көрсету сапасына қанағаттанатындығын көрсетті. Ал, стационарлардағы медициналық қызмет көрсету деңгейіне қанағаттанатындар 91,2 пайызды құраған. Қанағаттанушылықтың жоғары деңгейі 93,5 пайыз стационарлық көмек көрсететін ҒЗИ (ғылыми-зерттеу институттар), ҒО (ғылыми орталықтар) және республикалық клиникаларда байқалады. Одан басқа денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламада медициналық қызметті сапалы ету тәуелсіз медициналық сараптама жасау жолымен жүзеге асырылатыны баяндалған. Бұл медициналық қызметтің объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Әлемдік тәжірибеде, сондай-ақ, экономиканың басқа да салаларында тәуелсіз сараптама мемлекеттік сараптамалық қызметке балама түрінде кеңінен қолданылады. Қазіргі таңда бізде тәуелсіз сарапшылардың банкі жасалды деп айтуға болады. Онда аккредитациядан өткен 150-ге жуық сарапшы мен 6 кәсіби медициналық ассоциация тіркелді.
– Медициналық қызметке сараптама қалай жүргізіледі? Сол туралы айтып өтсеңіз.
– Бұл медициналық ұйымдардың басшылары үшін де, науқастар үшін де маңызды. Өткен жылдың қаңтар айынан бастап қызмет сапасына қатысты сараптама мәселелері «Медициналық қызмет сапасын басқару жүйесі» атты автоматтандырылған бағдарламалық кешенге ауыстырылған болатын. Оның көмегімен сапаға қатысты біраз олқылықтардың бетін ашуға болады. Соңғы әрі нақты шешім қабылдау үшін екі кезеңнен тұратын бағалау жүргізіледі. Бірінші бағалауды біздің ұйым жүргізеді, екінші кезеңде ақпарат министрлікке қарасты Сапаны бақылау мен Медициналық қызметке ақы төлеу комитеттеріне түседі. Бағдарламалық кешен қызмет көрсетуді бақылау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етіп, дәрігер-сарапшылардың жұмысын жетілдіреді деп ойлаймыз.
– Денсаулық сақтау саласының негізгі стратегиялық міндеттерінің бірі амбулаториялық-емханалық қызметті нығайтумен тығыз байланысты ғой. Сіз қалай ойлайсыз, бұл ненің есебінен жүзеге асуы тиіс?
– Амбулаториялық-емханалық қызметті нығайту дегенді қос қолдап қолдаймын. Өйткені, тәжірибе бойынша науқастардың 80 пайызы амбулаториялық қызметке мұқтаж болса, тек 15-18 пайызы ғана ауруханаларға мұқтаж екенін ұмытпағанымыз жөн. Осы орайда бір жайтты баса айтқым келеді. Біз көбіне балалардың не қарт адамдардың сәл қызуы көтерілсе не қан қысымы жоғарылай қалса, дереу «жедел жәрдемге» жүгінуге әдеттеніп алғанбыз. «Жедел жәрдемге» иек сүйеп, емханалық дәрігерлерді бір жаққа ысырып қою үдерісі белең алып бара жатқандай. Бұл тұрғыда сол емханалық дәрігерлердің де кемшілігі жоқ дей алмаймыз. Сондықтан олар міндетті түрде өз науқастарына жақын адамға не туыстарына қарағандай қарым-қатынас көрсетсе, оны жылы сөзбен де емдеп алуға болатындығын түсінгендері жөн сияқты. Неге десеңіз, басында айтқанымыздай, ауыра қалған адамдардың бәрі стационарлық қызметке мұқтаж емес. Оларды ауруханаға жатуға дейін жеткізбеу емханалық дәрігерлердің қолында.
Ал енді мәселеге екінші жағынан қарайтын болсақ, стационарлардың науқастарды «жоғалту» қаупі де бар. Сол үшін олар өз ішінде күндізгі стационарларды дамыту, басқа қаладан келгендерге пансионаттар ашу, медбикелер ісі бөлімшелерін ашу сынды қосымша табыс көзін ұйымдастыруға мүмкіндік алуы тиіс.
– Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі бойынша науқастардың өз ауруханаларын еркін таңдай алатынын білеміз. Бұл жүйенің басқа қандай артықшылықтары бар?
– Жүйе енгізілгелі бері денсаулық сақтау мекемелерінде көптеген өзгерістер орын алды. Медициналық қызметкерлерге түпкі нәтижеге байланысты ақы төлене бастады. Амбулаториялық деңгейде емхана қызметкерлеріне ынталандыру түрі бойынша қосымша ақы төлеу енгізілді. Бұл тек науқастардың ауруханаларды еркін таңдауына жол ашқан жоқ, сол ауруханалар мен емханалардың еркін жұмыс істеуіне де бағыт берді. Сала қызметкерлері енді тиімді, нәтижелі емдеп қана қоймай, көбірек ақша тауып та жатыр. Қағида қарапайым. Кез келген емделушіге мемлекет ақша төлеуде. Ал оны емдейтін адамдар да сол есептен ақша алады. Маманның қажеттілігі артқан сайын, оның ақшасы да көбеюде. Мысалы, 2011 жылы медбикелердің орташа жалақысы 54 мың теңгеден асса, өткен жылы 76 мыңға жетті. Ал дәрігерлердің орташа жалақысы 80 мыңнан 106 мың теңгеге дейін өсті. Бұл – үлкен көрсеткіш.
Әңгімелескен
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».