Аймақтар • 01 Маусым, 2019

«Ралли Қазақстан 2019»: Стефан Петерансель екінші орында келеді

1178 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

FIA Халықаралық Автомобиль Федерациясының «Ралли Қазақстан 2019» ралли-рейдтер бойынша Әлем Кубогы кезеңі өзінің шарықтау шегіне жетті және аяқталуға жақын. Бесінші жарыс күні жарыстың кестесіне елеулі өзгерістер енгізді. Катарлық Нассер Әл-Аттия көш басында, ал аты аңызға айналған француз Стефан Петерансель шешуші раундтың алдында одан 6 минутқа қалып келеді.

«Ралли Қазақстан 2019»: Стефан Петерансель екінші орында келеді

Соңғы күні автошабандоздар 290 шақырым қашықтықты бағындырды. Арнайы учаскенің жартысынан астамы «Ралли Қазақстан» үшін жаңа аумақтар болды. 65 километрден кейін дала жолдары раллистерді Қызылқұм шөлінің құмды алқабына әкелді, ал бұл жерде қазақстандық кезең бұрын өтіп көрмеген. Содан кейін дала жолдары мен сор жолдар басталды, ал 277 километрде маршрут тас алқабы арқылы өтті, ол жерде жылқылар мен түйелер жайылатын көптеген құдықтар кездесті.

Бесінші арнайы учаскені бірінші болып Язид Әл-Раджи мен Дирк фон Цицевицтің экипажы 2 сағат 58 минут нәтижесімен басып өтті. Бұл - команданың бес кезеңдегі екінші жеңісі. Егер үшінші кезеңнің мәресінде спорттық ережені бұзғаны үшін 4 сағаттық пенализация болмағанда, экипаж «Ралли Қазақстан 2019» жарысында бірінші орынға таласар еді. Қазір экипаж жалпы есепте тек 7-ші орында.

Француз автошабандозы Стефан Петерансель жалпы есепте өз позициясын жақсартуды жалғастыруда. Бүгін ерлі-зайыпты Стефан мен Андреа Петерансельдің экипажы күннің екінші нәтижесін көрсетті. Осы жетістіктің арқасында олар төртінші орыннан екінші орынға көтеріліп, жарыс көшбасшысы Нассер  Әл-Аттиядан жалпы есепте 5 минут және 38 секундқа артта келеді.

- Кеше біз төртінші орында болдық. Бүгін, әрине, оғаш жағдай болды. Біздің алдымызда болған үш автожарысшы техникалық проблемаларға тап болды. Нассер 30 минут жоғалтты, менің білуімше, қалғандары одан да көп. Бірақ қазір біз екіншіміз, бұл біз күткендегіден жақсы. Ертең біз Нассерге қысым көрсетуге тырысамыз және одан не шығатынын көреміз. Бұл - техникалық спорт, сондықтан бізде мүмкіндік бар деп айтуға болады,  деді Стефан Петерансель фиништен кейін.

Бүгін тез тегіс жолдарда Петрансель экипажы барынша екпінді, ал күрделі тасты және құмды аймақтарда оңтайлы маршрутты таңдап, техникалық сынулар мен дөңгелектерді тесіп алудан аулақ болуға ұмтылды. Осылайша, көп жылдық тәжірибе, есеп және сәттілік бүгін ерлі-зайыптылар экипажына күнді сәтті аяқтауға көмектесті.

Чехиялық автожарысшы Мирослав Заплетал өзінің Hummer H3 Evo VII-ге мәре сызығын үшінші рет кесіп өтіп, турнир кестесінде өз нәтижесін жақсартты. Қазір Мирослав Заплетал мен Марек Сикораның ұжымы төртінші орында тұр, алайда олар мен үшінші орын арасындағы алшақтық 45 минутты құрайды.

2017 және 2018 жылдардағы «Ралли Қазақстан» күміс жүлдегері Якуб Пшигонски үшін бесінші арнайы учаскеде күн өте сәтсіз болды. Нассердің көлігі жол ортасында тоқтап қалған соң, бүгін ол жеңіске анағұрлым жақын болды. Алайда, автошабандоз шұңқырға түсіп, оның автомобилі аударылып қалды.

- Күн қалыпты өтті. Куба жақсы айдады. 160 шақырымда мен оны ескертіп үлгермедім, алдымызда жол кітабы бойынша «екі есе қауіпті» шұңқыр болды және біз аударылып  қалдық. Кубада тежеп үлгеруге мүмкіндік болмады. Көп уақыт өтті, біз одан әрі жүре алдық. Содан кейін бізде электроникамен проблема туындады, мүмкін, ол апат салдарынан. Сынған бөлшекті табу үшін көп уақыт жұмсадық. Жарыста мұндай нәрселер орын алады. Біз мәреге жеткенімізге қуаныштымыз,  деді Якуб Пшигонскидің штурманы Тимо Готтшалк.

Жарыстың тағы бір фавориті - нидерландтық Бернхард тен Бринке мен Том Консул командасы үшін де күн сәтсіз аяқталды. Жолда экипаж Toyota Hilux көлігінің жүріс бөлшегін істен шығып, құмды тұрып қалды. Одан олар жағдайды түзеп, алға жылжыды, алайда автокөлікте жылдамдық ауыстыру қорабы жұмыс істемей қалды. Жарысушылар механизмді жөндегеннен кейін, бензин мен майдың иісін сезінгені айтады.  Жалпы алғанда 1 сағат 50 минутты жоғалтып, экипаж одан әрі көлікпен тәуекелге бармады және жарысты одан жалғастырмауды шешті.

«Toyota Hilux» автокөлігінде өнер көрсететін "Дакар 2019" ралли-марафонының жеңімпазы Нассер Әл-Аттия «Ралли Қазақстан 2019» кезеңінің фавориті мәртебесін сақтап қалды, және бүгін төртінші болып мәре сызығын кесті.

- Қиын күн. 50 километрден кейін біздің автокөлік әрі жүрмей тоқтап қалды. Біз себебін білмедік. 45 минут тұрдық, содан кейін машина оталды. Біз одан әрі күресе білдік, арнайы учаскенің қалған бөлігін жақсы өттік. Көп уақыт жоғалтқанымыз рас, бірақ біз кестенің басында тұрмыз, ертең біз барымызды саламыз,  деді мәреге жеткенде Нассер Әл-Аттия.

T2 жол талғамайтын көліктер санатында қазақстандық экипаж Кирилл Черненков мен Алексей Мунның экипажы жарыстың бесінші күнін 4 сағат 57 минут және 49 секунд нәтижесімен жеңіп алды. Осыған қарамастан, аталмыш категориядағы турнир кестесін Катар шабандозы Мохамед Эль-Меер командасы бастап тұр.

Т3 санатынды бүгін ең жылдам уақытты Бразилиядан келген автожарысшы Рейналдо Варела көрсетті, ол 4 сағат 19 минут және 22 секунд нәтижесімен мәреге жетті.

Жүк сериясында ресейлік "Камаз-мастер" командасынан Дмитрий Сотниковқа бәсекелес болмады, оның экипажы бесінші күннің қашықтығын 3 сағат 32 минут және 9 секундта жүріп өтті.

1 маусым, қорытынды күні автошабандоздар Ақтау қаласынан солтүстікке қарай өтетін ең қысқа 149 шақырымдық арнайы учаскелерді жүріп өтеді және Каспий теңізінің жағасы бойымен қазақстандық кезеңді аяқтайды.