Оқушылар сарайының салынуына Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың былтыр Қарағандыға жұмыс сапарымен келгенде берген тапсырмасының түрткі болғанын міндетті түрде айта кеткен жөн.
Құрылыс басындағы салтанатты рәсім барысында облыс әкімі Ерлан Қошанов балаларды қорғау күнінде оларға лайықты тарту жасаудың дәстүрге айналғанын ризашылық сезімімен атап өтті.
– Елбасының тапсырмасы бойынша біз қарағандылық балаларға кең де жарық, қазіргі заманға сай оқушылар сарайын сыйға тартпақпыз. Бұрынғы сарай осыдан 80 жыл бұрын салынған болатын. Өкінішке қарай, ол тиісті талаптарға жауап бермейді және оған ниет білдірушілердің барлығы сыймайды да, – деді облыс басшысы.
Капсуланы салу рәсіміне қатысушылар қарағандылық оқушылардың қолөнер бұйымдары мен өнертабыстарының көрмесін тамашалауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, көрмеде авиамодель құрастыру үйірмесінің қатысушылары жасаған ұшақтар да көрермен назарына ұсынылды.
Қарағанды қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Қожахметованың айтуынша, оқушылардың жаңа сарайында барлық сабақтар мен дәрістер тегін болады екен.
– Оқушылар сарайындағы үйірмелерге 4 мыңнан астам бала қатысуға мүмкіндік алады. Робот техникасы, бағдарламалау және авиамодель құрастыру сияқты 50-ден астам техникалық бағыттағы үйірмелерді ұйымдастыру жоспарланған. Сонымен қатар, біз балаларға заманауи технологияларды – гидропоника мен аэропониканы пайдалануды үйрететін боламыз. Мұның маңызы зор және қазіргі уақытта олардың балаларға өте қызықты дәрістер екенін ескеру керек. Гуманитарлық және шығармашылық бағытты қалайтындар үшін мұнда үйірмелер, шеберханалар, хореографиялық және коворкинг залдары жұмыс істейтін болады, – дейді Г.Қожахметова.
Қарағандының Оңтүстік-Шығыс шағын ауданындағы «Достық үйі» ғимараты орналасқан аумақта бой көтеретін оқушылар сарайының құрылысы 2020 жылдың қараша айында аяқталады деп жоспарланған. Үш қабатты заманауи нысанның алатын жер көлемі шамамен 10 мың шаршы метрді құрайтын болады. Ғимараттың сырты энергия үнемдейтін материалдармен қапталады.
***
Жалпы, Қарағанды қаласында Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі кеңінен аталып өтті. Бұл күні мерекелік ойын-сауық шараларының басым бөлігі орталық мәдениет және демалыс саябағында ұйымдастырылды. Балалар үшін мұнда «Ромашка», «Шолу дөңгелегі», «Тосын сый» сынды атракцион түрлері тегін қызмет етті. Балаларға арналған темір жолмен жүйткіген пойызға мініп, саяхат құрғысы келген балақайлардың да қарасы мол болды. Сонымен қатар, саябақта балалар шығармашылығы орталықтарының фестивалі өтті. Каскад алаңында бұрым өру, қынамен сурет салу, аквагрим, фотосурет және сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік дәрістері ұйымдастырылады.
Бұдан бөлек, саябақ аумағында ментальді арифметика, мектепке дейінгі даму және оригами бойынша сабақтар өтті. Балаларға бойы серейген биік қуыршақтар тәтті-дәмділер тарту етті. Саябақтың төрінен орын тепкен сахнада қойылған түрлі тақырыптағы театрландырылған көріністер кішкентай көрермендерді керемет әсерге бөледі.
Сондай-ақ, Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде мерекеге арнап өткізілген концерттік бағдарламаның алуан түрлі тақырыпты қамтыған қойылымдары бүлдіршіндерді мол қуанышқа бөледі. Салтанатты шарадан соң балалардың қолөнер жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Одан кейін болған эстафета, қуыршақтар мен ертегі кейіпкерлері ойын бағдарламасы балаларға айтып жеткізгісіз мерекелік көңіл күй сыйлады.