Сайлау • 03 Маусым, 2019

Үгіт-насихат жұмыстарының үшінші аптасы аяқталды

1400 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Өткен апта бірқатар президенттікке кандидаттардың теледебатқа шығып, өз ұстанымдарына қатысты пікір таластырғанымен есте қалды. Сонымен қатар өңір-өңірде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жалғасып, атаулы күндер қарсаңында іс-шаралар ұйымдастырылды.

Үгіт-насихат жұмыстарының үшінші аптасы аяқталды

«Ақ жол» демократиялық партиясынан президент­тікке кандидат Дания Еспаеваның республикалық қоғамдық штабы «Алашқа тағзым» акциясын өткізді. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шара Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі «АЛЖИР» мемориалды кешені мен аштық құрбан­дарының ескерткішінің алдында өтті. Партия басшылығы, «Ақ жол» партиясының депутаттары, үміткердің сенім білдірілген адамдары «Алаш» қайраткерлерінің, қуғын-сүргінге ұшыраған ата-бабаларының портреттерін көтеріп барып, репрессия құрбандарының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ақмола лагерінде 18 мыңнан аса әйел болған. Олардың көбі лагерьдің ауыр зардабына шыдай алмай, сол жерде көз жұмған.

«Алашқа тағзым» акциясы – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына деген құрмет. Бұл – тұтас халықтың үлкен трагедиясы. Қанша қазақтың тағдыры қиылғанын нақты айту қиын. Қаза болғандардың көбінің не аты-жөні, не ұрпағы да қалған жоқ. Біз заманауи, озық, демократиялық мемлекет құруымыз керек. Ол – біздің ата-бабалар алдындағы парызымыз. Біз Тұңғыш Прези­ден­тімізге 1997 жылы Құрмет күнін бекіткені үшін алғысымызды айтамыз», деді «Алаш» жетекшілерінің бірі Райымжан Мәрсековтің туысы Берік Дүйсембинов.

Акция ашаршылық құрбандарының ескерткіші алдында жалғасты. Насихатшылар тобы бұл жиынға жастардың көп жиналғаны жақсы дәстүр екенін, тарихтың қайғылы оқиғаларын ұмытпау керектігін, кандидат Д.Еспаева сайлауалды бағдар­ла­масында тәуелсіздік, Қазақстанның ұлттық құндылықтарына құрмет мәселелеріне баса назар аударғанын атап өтті. Ақжолдықтар мемориал алдына гүл қойып, елінің азаттығы үшін қаза тапқан бабалардың аруағына Құран бағыштады.

* * *

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан президенттікке кандидат ретінде тіркелген Төлеутай Рақымбековтің сайлауалды қоғамдық штабы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды. Бұл күн негізсіз қудаланып, қылмыскер деп жазықсыз ату жазасына кесілген қоғам қай­рат­керлерін еске алу күні ретінде ел тарихында қалды. Кандидат осы айтулы күнді елеусіз қалдыр­май боздақтардың рухына тағзым етті. Насихатшылар тобы «АЛЖИР» мемориалды кешені мен ашаршылық құрбандарының ескерткіші алдында гүл шоқтарын қою рәсімін өткізіп, бір минут үнсіздік жариялады.

«Деректерге сүйенсек, сталиндік репрессия жылдары Қазақстанда 103 мың адам тұтқындалса, 25 мың адам ату жазасына кесілген. Қазақстан терри­­то­риясындағы 11 лагерьде миллионнан аса адам жазасын өтеді. 31 мамыр – ерекше күн. Біздің күн­­тізбемізде айтулы даталар аз емес. Десе де тарих беттерінде қалған бұл оқиғаны естен шығар­мауымыз керек», деді штаб мүшелері.

Сонымен қатар «Ауыл» партиясының жастары Орал қаласында Т.Рақымбековтің кандидатурасын қолдап, форум өткізді. Бұл жиында қазіргі жастар мәселесі, оның ішінде жұмыссыздықпен күрес, баспанамен қамту және ұлттық құндылықтарды сақтау төңірегінде сөз болды. «Ауыл болашағы – елдің болашағы. Ал оны жастарсыз елестету мүмкін емес. Президенттіктен үміткер Т.Рақымбеков үнемі ауыл жастарына жағдай жасау керектігі жайында айтады. Әйтпесе, қазіргідей жаппай урбанизацияның салдары шағын елді мекендердің жойылып кетуіне әкелуі мүмкін. «Дипломмен – ауылға!» деген бағдарлама бар болса, енді кандидат ауылдан дипломға деген бағдарламаны ұсынып отыр. Яғни, ауыл шаруашылығында еңбек ететін жастардың жоғары білім алуына мүмкіндік жасап, ауыл-аймақтың тіршілігіне жаңа серпін беруге болатынын алға тартады», деді кандидаттың сенім білдірілген адамдары.


* * *

Кәсіподақтар федерациясынан президенттікке кандидат Аманкелді Таспихов өзінің сенім білдірілген адамдарымен бірге үгіт-насихат жұмыстарының аясында Ақтау қаласына сапармен барды. Делегация алдымен Маңғыстау облыстық Н.Жантөрин атындағы драма театрында жиын өткізді. Кездесуге 200-ден аса адам қатысты. Іс-шараны үміткердің аймақтық қоғамдық штабының жетекшісі, кәсіподақтар орталығының төрағасы К.Жаулин жүргізді.

Кездесу барысында А.Таспихов жиналғандарға өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, еліміздегі ең ірі қоғам­дық бірлестіктердің бірі кәсіподақтардың алға қойған мақсаттары мен міндеттері туралы айтып берді. Қызметкерлердің еңбегіне әділ еңбека­қы беру қажеттілігі, жұмыс берушінің әлеумет­тік жауапкершілігін күшейту, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және жергілікті деңгейде әлеуметтік әріптестікті дамыту сияқты мәселерді ерекше атап өтті. Жиында көтеріліп жүрген негізгі мәселелер бойынша пікір алмасып, соңында үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізіп жүрген азаматтарға алғыс хаттар табыс етілді.

Санатбай Масатов пен Марат Дәулетов сияқты Маңғыстау кәсіподағының еңбек сіңірген құрметті ардагерлері президенттіктен үміткерге жүрекжарды тілектерін жеткізіп, ақ батасын берді. Келешек жастар кеңесінің белсенді мүшесі Арай Назымова жастардың «Кәсіподақ – мен, кәсіподақ – сен, кәсіподақ – біз, әрқашан біргеміз, жеңіске жетеміз!» деген ұран тастап, көпшіліктің ризашылығын алды.

Бұдан кейін насихатшылар тобы аймақтық қоғамдық штабқа келіп, атқарылған жұмыстарымен танысты. Кәсіподақтар үйінің конференц-залында іс-шаралар барысы талқыланып, жиынға қатысушыларға алғыс білдіріп, алдағы уақытта барлығына қажымас қайрат тіледі.


* * *

Қазақстан Коммунистік халық партиясы ұсынған президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбеков «Халық коммунистері» фракциясының депутаты Магеррам Магеррамовпен бірге Талдықорған қаласында Балаларды қорғау күніне орай қызыл шар ұшыру акциясына қатысты.

Үміткер барлық қатысушыларды мерекемен құттықтады. Ол мемлекет балаларды интернет-контенттің кері әсерінен қорғауға тиіс екенін және көркем әдебиетке молынан қанығып, ұлттық және әлемдік классиканың үздік шығармаларын оқытуды насихаттау керектігін айтты. «Әлемде бала мен балалық шақтан асқан байлық жоқ. Сондықтан біз жыл сайынғы дәстүр бойынша Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өтіп келеміз. Бұл мереке жас ұрпақтың толыққанды дамуына жауапты біздер үшін өте маңызды. Балалар күн сайын өсіп, дамып, бізді жарқын болашаққа жетелесін. Биліктің, қоғамның және барлық адамдардың басты мақсаты – саналы, тәртіпті, білімді ұрпақ тәрбиелеу», деді Ж.Ахметбеков.

Сонымен қатар Көкшетау қаласында кандидаттың облыстық сайлауалды штабы «РИО» сауда ойын-сауық орталығында өнерпаздар қатысқан флешмоб ұйымдастырды. Үміткер Ж.Ахметбековті қолдау мақсатында өткен іс-шара шеңберінде әртістер Кеңес Одағы кезінде кең таралған әндерді орындады. Басқосу барысында облыстық сайлауалды штабының жетекшісі, ҚКХП Ақмола облыстық коми­тетінің бірінші хатшысы Б.Мәжитов сөз сөйлеп, жиналғандарға президенттіктен үміткердің сайлауалды тұғырнамасын таныстырды. Сөз арасында ол партия кедейшілікпен күрес және отандық тауарға деген сұранысты арттыру сияқты бастамаларды алға жылжыта беретінін жеткізді. Көңілді шараның маңынан табылғандарға кандидаттың ұстанымдары көрсетілген үгіт материалдары таратылды.

* * *

Nur Otan партиясынан президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы Алматыдағы жұмыс сапарының екінші күнінде жастар форумын өткізді. Екі күн қатары­нан өткен шараға 5 мыңнан аса адам қатысты. «Халық аренада» өткен форумға жиналған жұрттың қатары қалың болып, концерт тамашалап, ұсыныc-тілектерін жеткізді. Кандидатты қолдау іс-шарасына Олимпиаданың қола жүлдегері Қанат Ислам, театр және кино актері Асылхан Төлепов, сондай-ақ белгілі эстрада өнерпаздары Жанар Доғалова, Әли Оқапов, Нұрболат Абдуллин, «Алаш­ұлы» тобы сияқты әншілер қауымы қатысты. Алматы – қазақ мәдениеті мен руханиятының ордасы. Сондықтан еліміздің ғылым, білім, әдебиет саласының беткеұстар тұлғаларының басым бө­лігі – осында. Кездесуде кандидаттың сайлауалды бағдар­ламасында ғылым саласына ерекше басым­дық беретіні айтылды.

Сонымен қатар штаб өкілдері С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық универси­тетінің оқытушылары және студенттерімен жүз­десіп, кандидат Қ.Тоқаевтың медицина саласын дамытуға қатысты басым бағыттарын жан-жақты баяндады. «Халықтың денсаулығын жақсарту – кандидатымыздың басты жоспарларының бірі. Алдағы уақытта бұл салаға жұмсалатын қаржы көлемін арттыру көзделіп отыр. Бағдарламада сапалы медициналық қызметті қала мен ауылда бірдей қолжетімді ету, еліміздің барлық аймағында алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қамтамасыз етіп, денсаулық сақтау саласын толық материалдық-техникалық жабдықтау сияқты нақты шаралар қарастырылған. Саламатты өмір салтын насихаттап, білікті дәрігерлер дайындау ісі де назардан тыс қалған жоқ», деді М.Әшімбаев.

Бұған қоса Ұлттық ғылым академиясында елімізде ғылымның дамуына жасалған мүмкін­діктер туралы айтылып, ғалымдар кандидатты қолдайтындарын жеткізді.

* * *

«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалы­сынан президенттікке кандидат Әміржан Қосанов Павлодар облысына барып, алдымен Ақсу қала­сының тұрғындарымен кездесті. Іс-шарада кандидат сайлауалды тұғырнамасындағы әр бағытты жан-жақты ашып көрсетіп, қоғамдағы түрлі өзекті мә­се­лелерге қатысты өз ұстанымын жеткізді. Жұрт­шы­лық өздерін толғандырған сауалдарын қойып, өңір­лік үгіт-насихат жұмысы жөнінде баяндап берді.

Сонымен қатар Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қоғамдық штабтың назарынан тыс қалған жоқ. Президенттіктен үміткер Ә.Қосанов сенім білдірілген адамдарымен бірге Павлодардағы саяси қуғын-сүргін құрбан­дарының ескерткішіне гүл қою рәсіміне қатысты. Ол осы оқиғалардың тарихи мәнін, мемлекеттілік пен ел болашағы үшін опат болған ата-бабамызды еске алудың рухани маңызын сипаттап, сөз сөйледі.

Содан кейін кандидат Павлодарда облыстық қоғамдық штабының белсенділерімен және жергілік­ті тұрғындармен кездесіп, сайлауалды ұста­нымдарын жан-жақты түсіндірді. Жиналған қауым кандидаттың тұғырнамасына қатысты өздерінің сұрақтарын қойып, қоғамда жиі талқыланып жүрген айтулы мәселелер жөнінде пікірлерін ортаға салды. Ә.Қосанов қатысушылардың тілек-ұсыныстарына құлақ түріп, тұщымды жауап берді.

Кандидаттың сайлауалды тұғырнамасындағы «Бақуатты аймақтар – бақуатты мемлекет» деп аталатын тарауында «Басым бағытта даму, өмір сүру деңгейінің жақсаруы, рухани өркендеу бірді-екілі ірі қаланың ғана еншісінде болмауы тиіс. Елдің барлық аймағын тиісінше тең қаржыландыру, олардың дамуына жағдай жасау, даму деңгейіндегі алшақтықты біртіндеп жою керек. Шынайы белсенді әрі кең құқықты жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту және ауыл, аудан, қала әкімдерін халықтың тікелей сайлауына көшу қажет» деп көрсетілген.


* * *

«Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысы ұсынған президенттікке кандидат Сәдібек Түгелдің сайлауалды бағдарламасындағы басты бағыттардың бірі – демографияға ерекше көңіл бөлу. Ол еліміздегі ана мен балаға берілетін жәрдемақыны көбейту, көп балалы аналарды тегін баспанамен қамтамасыз ету, жас отбасыларға жағдай жасау кезек күттірмейтін мәселе деп санайды. Осындай ұстанымдағы кандидат Балаларды қорғау күні қарсаңында Қарағанды облыстық клиникалық аурухана жанындағы перзентхана бөлімінде болды.

Өмірге перзент әкеліп, қуаныштан жүздері жайнаған төрт анаға гүл сыйлап, ақ тілегін арнады. «Отан отбасынан басталады, сіздер өз отбастарыңызға ғана емес, біздің еліміздің демо­графия­сына үлес қостыңыздар. Бүгін сәбилеріңізді алып үйге шыққалы тұрған Мәдина Ысқақова, Әсел Есендәулетова, Эльмира Абдрахманова, Мөлдір Әбен атты аналарды осы үлкен қуаныштарыңызбен құт­тық­таймын. Балаларыңыз бейбітшілік бесігінде тер­беліп, елін сүйетін азамат болып өссін», деді С.Түгел.

Перзентханадан кейін президенттіктен үміт­кер сенім білдірілген адамдарымен бірге қала орта­лығындағы XX ғасырдағы жазықсыз жаза құрбандарына арналған ескерткішке арнайы барып, гүл шоқтарын қойды. «Біздің демографиямызға зардабын тигізген, қызыл қырғын атанған қолдан жасалған ашаршылық пен ұлтымыздың беткеұстар тұлғаларының өмірін қиған қуғын-сүргін жылдары ұрпақ жадынан ұмытылмақ емес. Өзім сайлауалды бағдарламамда атап көрсеткен Алашорда идеясының бастауында тұрған Алаш ардақтылары Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев – осы Қарағанды өңірінің перзенттері. Елімізде қашанда бейбітшілік салтанат құрып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен болашақ ұрпақ қайғы-қасірет көрмей, ата-бабаларының ел тәуелсіздігі жолындағы күресі мен қажырлы еңбегін естерінен шығармайды деп сенемін», деді С.Түгел.