Қоғам • 03 Маусым, 2019

Үлгілі отбасы болу – бақыт

3975 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел арасында халық тұрмысындағы өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға, отбасы мен некенің жағымды үлгісін таратуға, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы алты жыл бойы тұрақты өткізіліп келеді.

Үлгілі отбасы болу – бақыт
Әр жылдың басында жарияланып, Отба­сы күніне орай қорытындыланатын байқау отбасы институтын, адамгершілікті, руханилықты нығайту, ерлі-зайыптылықтың маңызын тану, ата-аналардың бала тәрбие­леудегі жауапкершілігін арттыру, отба­сылық құндылықтарды, кәмелетке толған балаларының еңбекке қабілетсіз және егде жастағы ата-аналарына қамқор болуын дәріптеу және кеңінен насихаттау, сондай-ақ қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау мақсатында ұйымдастырылады.

Маңғыстау облысында аталған байқау зор ұйымшылдықпен өткізіледі - әке тағылымы, ана тәрбиесі, ұрпақтар ұлағаты сарапқа салынып, өзгелерге үлгі ретінде ұсынылар, өздерінің мерейін арттырар шараға қатысуға ынта білдірушілер саны аз емес. Белгілі ұстаз-музыкант, Маңғыстау мәдениетінің танымал өкілі, 77 жасында студент атанған, бүгінде 80-нің сеңгіріне шыққан Орын Құлсариевтің отбасы 2015 жылы облыстық кезеңнің жеңімпазы атанып қана қоймай, республикалық байқаудың Гран при жүлдесін жеңіп алған болатын. 12 бала, 46 немере, 41 шөбере тәрбиелеп отырған Құлсариевтер отбасына Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова арнайы естелік мүсін, «Мерейлi отбасы» ұлттық байқауы жеңімпазының дипломы мен Қазақстанда шығарылған IVECO шағын автобусының кілтін табыстаған еді.

Биылғы өңірлік байқауға облыстың аудандары мен қалаларынан мұнай-газ, энергетика, білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, өнер, кәсіпкерлік салаларынан құралған 67 отбасы өтінім берді. Байқауға көп балалы отбасылар мен жас отбасылар белсенді қатысуда.

Сарапшылардың талқы-таразысы нәтиже­сінде «Мерейлі отбасы – 2019» ұлттық бай­қауының бас жүлде иегері болып Жаңаөзен қаласынан Жүгенбаевтар отбасы танылды.
Отағасы, Саламадин Жүгенбаев 1943 жылы Маңғыстау облысы Сығынды ауылында дүниеге келген. Атырау қаласындағы ауылшаруашылық техникумын «Зоотехник» маман­дығы бойынша бітірген. Көп жылдар Ералиев атындағы кеңшарда зоотехник болып еңбек еткен Саламадин ауыл шаруашылығына қосқан үлесі үшін Лениннің туғанына 100 жыл, Маңғыстау облысының құрылғанына 35 жыл, 50 жыл, Қарақия ауданының құрылғанына 45 жыл төсбелгілерімен және бірнеше алғыс хаттармен марапатталған. Жұбайы Ағия Балықбаева – ауыл шаруашылығы саласынан зейнетке шыққан көп балалы ана. Отау құрғандарына 57 жыл толған ауыл шаруашылығы саласының әулеті. Саламадин аға мен «Алтын алқа» иегері Ағия апа отбасы 8 бала өсіріп, олардан 29 немере, 9 шөбере сүйіп отыр.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орын Маңғыстау ауданының үлгілі отбасы Нұрсебеповтер отбасына, екінші орын қарақиялық Торлановтар отбасына, үшінші орын Бейнеу ауданынан қатысқан Қидасовтар отбасына берілді. 

Ел арасында «ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-шөбересін әлпештей өсіріп, шаңырағынан шаттық лебі ескен өнегелі от­басылардың көптігі ризалық сезіміне бөлейді.


Маңғыстау облысы