Қоғам • 03 Маусым, 2019

Ұстаз болсам деп едім...

1127 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Степняк қаласындағы №1 орта мектебінің 8 сынып оқушысы Елизавета Заболотская болашақта мұғалім болғысы келеді.

Ұстаз болсам деп едім...
Онда да аса бай, әуезді, тол­ғауы тоқсан қазақ тілінің мұға­лімі. Жас жүректі жаулаған аялы арман да осы. Ал арман шыңына шығу үшін осы бастан талмай та­­лаптану керектігін де жақсы біледі. Талаптанып та жүр. Қазақ тілін біршама жетік меңгерген Елизавета Сергеевна бірнеше жылдан бері аудандық, облыстық өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілінде өтетін байқауларда бәйгені шаппай алатын деңгейге жеткен. Абай оқулары республикалық са­йысына да қатысыпты. 

– Республикалық сайыс қа­шық­­тық арқылы өткізілді, – дей­ді Елизавета. – Бір өкініштісі, жалғыз балым жетпей қал­ды. Бірақ одан ұнжырғам түс­кен жоқ, қайта әлі де кем түсіп жат­қан олқылығымды ой еле­гінен өткізіп, тіл ұстарту жұмыс­тарын үдете түстім. Маған қазақ тілі өте­ ұнайды. Біз үйде алты баламыз, қазақ тілінде сөйлейтін мен ға­на. Тіпті әке-шешем де бі­ле қой­майды. Ал мен болсам бірін­ші сы­ныптан бастап тіл үйренуге ұмтылдым. Қазір неге екенін де түсіндіріп бере алмас едім. Әйтеуір ынта-ықыласым зор. 

Тілге құмар қыздың тір­ші­ліктегі мақсат-мұраты да кісі қы­зығарлық. Орта мектепті аяқ­таған соң Көкшетау қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мем­лекеттік университетінің филология факультетіне түспек. Сөйтіп қазақ тілі мен әдебиетінің маманы болып шықсам дейді. Әдебиет туралы әңгіме өз алдына, ұлы Абайдың «Ескендір», «Масғұт», «Әзімнің әңгімелері» поэмаларын жатқа оқитын жас қыз өз өлеңдерін оқып берді. Балауса сезім, мөлдір мұң. Табиғат, кей­бір құрбылары жайындағы тыр­нақалды туындылары. Ал қазақ поэзиясының көрнекті өкіл­де­рінің көптеген өлең-жырларын жатқа оқиды екен. Оқығанда да ешбір акцентсіз, кәдімгі қалың қазақтың ішінде өскен қазақ баласы тәрізді. Тіпті тілінде бір мү­кіс жоқ.

Қазақ тілінен ұстазы Анар Қо­жахметова сабақ береді. Тілг­е деген махаббатын оятқан, құш­тарлығын арттырған да осы ұстазы. Әрине, бұл жерде өзінің ынта-ықы­ласы да айтарлықтай рөл атқарғаны күмәнсіз. Қалай болған күн­де де, қазақ тілінде жатық, ұғы­нықты сөйлеп тұр­ған жас қыздың талабы тас жар­ғандай. 

– Құрбыларымның көбі қазақ­тың қыздары. Солар­мен көбірек сөйлесіп, тіл жаттықтыруға ты­ры­самын. Көшеде де ата-әже­лермен қазақша сөйлесемін. Ме­ні танымайтындардың көбі та­ңырқап жатады. Көршілеріміз де қазақтар. Олар менің өз тілдерінде сөй­лесетінімді жақсы біледі. Сол үшін әрдайым құрмет көрсетіп жатады, – дейді Елизавета. 

Тілімізді құрметтеген қарша­дай қыздың ел құрметтер кезеңі алда. Арман асуына шығып, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болып жас ұрпақты тәрбиелеген кезде ең үлкен құрметтің көрсе­тілеріне сенеміз. 

Ақмола облысы, Біржан сал ауданы