Руханият • 03 Маусым, 2019

«Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының еңбектерін отандық медицинада дәріптеу» тақырыбында конференция өтті

2142 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Талғар медициналық колледжі және «Өтейбойдақ» қазақ медицинасын дамыту қоғамдық қорының ұйымдастыруымен ғұлама ғалым, Қазақ медицинасының негізін қалаушылардың бірегейі, «Шипагерлік баян» кітабының авторы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының еңбектерін зерттеп-зерделеу, өскелең ұрпаққа ауқымды түрде насихаттау мақсатында ғылыми- тәжірибелік конференция өтті.

«Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының еңбектерін отандық медицинада дәріптеу» тақырыбында конференция өтті

Конференцияға еліміздің көрнекті ғалымдары мен қоғам қайраткерлері,  медицина саласының мамандары қатысып, ғалымның өмірі мен  еңбектері және  мәні  мен маңызы, бүгінгі қазақ медицинасындағы  орны төңірегінде  ғылыми-сараптамалық баяндамаларын жасады. Талғар медициналық колледжінің директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Бағжан Құдабаев «Қазақ медицинасының өткені, бүгіні, болашағы» тақырыбында баяндама жасаса, зерттеуші математик, ақын Шаяхмет Қали «Жаратылыстың өзегі не?» тақырыбындағы баяндамасында әлем философиясы мен Өтейбойдақ ілімі хақында ғылыми тұжырымдарын ортаға салды. Ал химия ғылымдарының PhD докторы Жексенбек Тоқтарбай «Қазақ медицинасы әлем медицинасының бір бөлшегі» тақырыбында, тарихшы, мәдениеттанушы Ертай Жомарт «Шипагерлік баяндағы отандық өнімнің қасиеті» тақырыбында ғылыми негізді ойларымен бөлісті. 

Шипагерлік баян зерттеушісі Нұрболат Тілеуқабылұлы «Ұйқы безі ауыруларының пайда болуы және оны қазақ медицинасында емдеу әдістеріне» кеңінен тоқталды. Ұлы ғалымның ұшан-теңіз еңбектері туралы коллежд студенттері де зерттеу баяндамаларымен бөлісіп, Еркінбек Нұрақын «Қазақ шипагерлігінде қан алып, кешенді емдеу жолдары» тақырыбына, Ақниет Нұрмұқанов «Қазақ шипагерлігінде фитотерапия кешенді емдеудің қосымша емі», Ақбота Саматқызы «Қазақ шипагерлігіндегі бумен емдеу әдіс-шарасы», Оралтай Мұқатаев «Қазақ шипагерлігіндегі иық-өрім бұлшық ет қабынуын ұқалау әдісі арқылы емдеу әдісі» тақырыбындағы ғылыми зерттеулерімен бөлісті. Ал «Өтейбойдақ» қазақ медицинасын дамыту қоғамдық қорының негізін қалаған Қастер Әкиза  дәстүрлі медицина хақында тұщымды ойларымен бөлісіп, медициналық білім беретін оқу орындарында қазақ медициналық ілімін ұштастырудың барысына тоқталды. Ғалымдар конференцияда көтерілген тақырыптарды кеңінен талқылап, ағымдағы жылдың 11 қазанында өтетін республикалық конференцияда қазақ даласындағы шипагерлік ілімге негізделген ғылыми зерттеулерді жан-жақты талқылайтын болады.



АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ