Аймақтар • 03 Маусым, 2019

Мемлекеттік органдардың кадр қызметі мамандарымен семинар-кеңес өтті

1062 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысындағы мемлекеттік органдардың персоналды басқару қызметіне жауапты мамандармен семинар-кеңес өткізілді. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекеттік органдардың кадр қызметі мамандарымен семинар-кеңес өтті

Аталған шараның мақсаты – кадрлық қамтамасыз ету саласындағы нормативтік-құқықтық құжаттарды түсіндіру және шешу жолдарын ұсына отырып, түйінді мәселелерді талқылау.

Сауалнама шеңберінде әкімдіктің мемлекеттік қызметшілері мемлекеттік қызметтегі және өзінің мемлекеттік органындағы жағдай туралы мәлімдеді. Олар оң өзгерістерге меритократия қағидатының сәтті іске асырылуын, мансаптық ілгерілеудің мүмкіндігін, мемлекеттік қызметке түсуді оңтайландырылуын, конкурстағы тәуелсіз байқаушылардың қатысуымен сұхбат рәсімдерінің ашықтығын сақтау және артық жұмыстың азаюын жатқызады. Маңғыстау облысында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге факторлық-баллдық шәкіл бойынша еңбекақы төлеудің пилоттық жүйесі енгізілгендігін атап өту керек. Өңірлік деңгейдегі мемлекеттік қызмет жүйесіндегі ФБШ оң жақтары: Маңғыстауда мемлекеттік қызметтің бәсекелестік қабілеті артты (мысалы, жеке сектордан мемлекеттік қызметке орналасқандар саны  7 есеге артқан (2017 ж - 10, 2018  ж -72 адам), жаңа жалақы жүйесі енген соң, Маңғыстау әкімдіктерінде бос орындар едәуір азайды(2017 жылдың қорытындысымен – штат санының 11,8%-ы, 2018 жыл қорытындысымен - 4,4%-ы), таза ауысымдылық көрсеткіші төмендеді, Біліктілігі жоғары мамандар қатары көбейді(«Болашақ» бағдарламасының түлектері 2017 жылы – 1 адам, 2018 жылы – 5, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының түлектері 2017 жылы – 2, 2018 жылы - 6 маман).

Дегенмен, жағымды сәттермен қатар, персоналды басқару қызметінің ұйымдастырылуында кемшіліктер де бар екендігі туралы Департамент басшысының орынбасары Қ.Байгебаевтың баяндамасында айтылды. Жыл басынан бері бос лауазымдарға жарияланған конкурстық рәсімдерді бұзғаны үшін 10-нан аса лауазымдық тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған, кейбір мемлекеттік органдарда кадрлық есепті қалыптастыруға тиісті деңгейде көңіл бөлінбейді, бұл өз кезегінде республикалық статистикалық мәліметтердің бұрмалануына соқтыруы мүмкін.

Баяндамада кадр құрамының тұрақтылығы, тәртіптік комиссиялардың жұмысын жетілдіру, қызметкерлердің еңбек тәртібін және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау бойынша, сынақ мерзімін белгілеу, тәлімгер тағайындау, мемлекеттік қызметшілерді оқыту, меритократия қағидаты, конкурстық процедуралардың ашықтығы мәселелеріне көңіл бөлінді.

Сонымен бірге департамент басшысының орынбасары қатысушыларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметтің жағдайы туралы Ұлттық баяндаманы таныстырып өтті.

Шара барысында баяндамашы «Digital agent» мобильдік қосымшасымен таныстырып, көрсетілетін қызметтер нәтижесін бағалауға, қоңырау шалу арқылы аумақтық департаментке өз өтініштері мен оң пікірлерін қалдыруға мүмкіндік берілгендігін ескертті.

«Е-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесінде автоматтық режимде жұмыс жүргізу туралы мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы А.Н.Хожаназарова баяндап, «Е-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесінің жүргізілуінің мәніне тоқталды.

Семинарға қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, толыққанды жауаптар берілді.

Баяндамаларда көрсетілген қателіктерге алдағы уақытта жол бермеу мақсатында семинар-кеңеске қатысушылардың назарына кадрлық қамтамасыз ету саласындағы нормативтік құқықтық құжаттардың талаптары туралы жеткізілді.

Маңғыстау облысы