30 Сәуір, 2013

«Бақыттың бағасын біліңдер»

366 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Бақыттың бағасын біліңдер»

Сейсенбі, 30 сәуір 2013 2:25

Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында сөйлеген сөзінен туындайтын студенттер активі алдындағы міндеттер» тақырыбы бойынша ғылыми практикалық конференция өтті.

 

Сейсенбі, 30 сәуір 2013 2:25

Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында сөйлеген сөзінен туындайтын студенттер активі алдындағы міндеттер» тақырыбы бойынша ғылыми практикалық конференция өтті.

Конференцияда Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы Этнос­аралық қатынастар және толеранттылық орталығының директоры Сатай Сыздықов, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің проректоры Дихан Қамзабекұлы, осы университеттің кафедра меңгерушісі, филология ғы­лым­дарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, Қа­зақстан халқы Ассамблеясы Хат­шылығының сарапшысы Еділ Оспан және ЕҰУ Әлеуметтік және азаматтық департаментінің директоры Еркебұлан Нұғма­нов студенттер алдында студент жастардың бойында толе­рант­тылық қалыптастыру мәсе­лелері, Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының 2020 жылға дейін­гі дамуы және ел бірлігін қалыптастырудағы рөлі туралы, қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағытындағы жастар­дың алатын орны жөнінде келелі ой толғамдары мен пікірлерін ортаға салды.

Алдымен осы жиынды жүр­гізген Сатай Сыздықов сөз алып, бұл конференцияның мақсаты жайлы қысқаша тоқталып өтті. Оның айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясының жақында өткен сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблея алдында тұрған негізгі міндеттерді айқындап берді. Сол міндеттердің ішінде қазақстандық жастарға арналған мәселелер де бар. «Сіздер студенттер белсенділері ретінде сол міндеттерді жастар қауымына жеткізеді деген сенімдеміз, – деді Сатай Сыздықов. – Өйткені, Қазақстанда тұратын өзге этнос­тар қазақ ұлтының маңайына топтасып отыр».

Бұдан кейін сөз алған Мырза­тай Жолдасбековтің еліміздің өткені мен бүгіні жөнінде нақты мысалдар келтіре отырып айт­қан­дары студент жастарды бей-жай қалдырмады. «Сіздер өте бір бақытты заманда өмір сүріп жүрсіңдер, – деп бастады ғалым сөзін. – Мына біздер ойынның қы­зығына енді түсіп келе жатқан кезімізде Ұлы Отан соғысы бас­талды. Ауылдағы тепсе темір үзе­тін азаматтардың барлығы май­данға аттанды. Елде егіліп, кем­пір-шалдар мен әйелдер қалды».

Осылай деген Мырзатай Жол­дасбеков сол кездегі қиыншы­лық­ты көз алдымызға елестететін мынадай бір оқиғаны айтып берді. «Іңкәшай деген жеңешем біздің ауылға келін болып түсті, – деді профессор өткенді еске алып. – Ертесінде Рысбек деген күйеуі соғысқа аттанды. Ауыл­дағылар алғашында пош­та келгенде, хат-хабар келді деп пошта тасушының алдынан қуана жүгіріп шығатын еді. Кейін уақыт өте пошта тасушы келсе, одан қашатын болды. Қашатын себебі, соғыста жүргендерден «қара қағаз» келіп қалды ма деп қорқатын, үрейленетін. Содан Іңкәшай жеңешемнің күйеуі, біздің ағамыз Рысбек хабарсыз кетті. Жеңешем бұдан кейін тұрмысқа шықпады. Екі кемпірді бағып-қағып, 100-ден асып барып қайтыс болды».

Мырзатай Жолдасбеков бұл естелік ретіндегі оқиғаны айтып отырғанының себебін студент жастарға түсіндіріп өтті. «Араларыңда тәуелсіздікпен құрдас, тәуелсіздік алған жылдардан кейін туған балалар бар. Тәуелсіздік – сендердің бақытың! Біз мектепте оқыған кезде жөн­ді сабақ беретін мұғалімдер тым аз еді. Қағаз, қалам, кітап жетіс­пей­тін. Ал қазір барлығы бар. Мектеп оқушыларының өзі ноут­бук арқалап жүр… Кеңестер Ода­ғының құрамында болған 74 жылдың ішінде біздің тарихымыз тапталды… Бүгінгі тәуелсіздігімізді қазақтың небір мар­қасқалары көре алмады, жете алмай кетті. Ал оған мына сіздер жеттіңіздер. Қазақтың тарихын, мәдениетін, елдің тұтастығын қорғау енді сендердің міндеттерің!» деді ол.

Осылайша, жастарға үлкен ой салатын ұлағатты сөздер айтқан ғалым одан соң Қазақстан халқы Ассамблеясының елдің ынтымағы мен бірлігін нығайтудағы рө­лі­не тоқталды. Мырзатай Жол­дас­бековтің атап өтуінше, Қазақ­стан халқы Ассамблеясы инсти­туты әлемдегі ешбір елде жоқ. Ол – шағын Біріккен ұлттар ассамблеясы сияқты құрылым. «Президенттің ерекше батырлы­ғы­на, тапқырлығына таңғаламын, – деп жалғастырды сөзін ол. – Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды бүкіл әлемге танытты, әлемге мойындатты. Бүгін еліміз әлемнің төріне шықты. Бақыттың бағасын біліңдер. Осы бақыт сендердің бастарыңнан таймасын!».

Көпті көрген саясаткер әрі қо­ғам қайраткері сөзін былай қо­рытындылады: «Мен осы университетте ректор болып жүргенде, Ақбұлақ өзенінен өтетін көпір жанындағы автотұрақ бос тұра­тын, – деді ол. – Ал қазір сол авто­тұрақта машина толып тұр, ма­шина қоятын орын жоқ онда. Сту­денттер де машина мініп жүр».

«Жасыратыны жоқ, Тәуел­сіз­діктің мәні мен маңызын жас­тар көп біле бермейді, – деді келесі кезекте сөз алған Ди­хан Қамзабекұлы. – Бүгінде жастарға ең алдымен білім, отан­шылдық керек. Қазақстан халқы Ассамблеясының сес­сия­сындағы Елбасының сөй­ле­ген сөзі «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған ойлармен сабақтасып жатыр. Пре­зидент сол стратегиясында жас­тар­дың болашағы туралы керемет ойлар айтты. «Егер қазақ тілі өз дәрежесінде қолданылса, егер отаншылдық сезіміміз бәсеңдемесе, біз Қазақ мемлекеті боламыз» деді Мемлекет басшысы».

Проректордың атап өтуінше, Қазақ мемлекеті болу сіздер мен біздерге байланысты. Ал Ассамблея Елбасы атап өткендей, Қазақстанда тұрып жатқан 17 миллион халық. Осыған орай мынадай мысал келтірді: «Осыдан төрт-бес жыл бұрын Башқұртстанның бір ғалымы біздің университетке келіп, маған жолыққан еді, – деді Дихан Қамзабекұлы. – Әңгіме барысында ол «Біздің бір-ақ арманымыз бар. Біздің жастарымыздың арманы – тәуелсіздік. Оны қашан алатынымыз белгісіз. Біз соған қол жеткізу үшін өмір бойы күресеміз» деген болатын».

Бұдан соң ол тәуелсіздіктің қадір-қасиетіне, Ассамблеяның этностар арасындағы бірлікті нығайтудағы алатын орнына тоқталып, белсенді студент жас­тарды Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясында сөйлеген сөзінен туындайтын міндеттерді жастар арасында кеңінен насихаттауға шақырды.

Ал Еділ Оспан Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі дамуы және ел бірлігін қалыптастырудағы жастардың рөліне қатысты ой-пікірін ортаға салды. Оның айтуынша, Ассамблеяның 20 сессиясы барысында Елбасымыз кеңінен тоқталған мәселенің бірі сессия қарсаңында Пре­зи­дент Жарлығымен бекітіл­ген Қазақстан халқы Ассам­блеясының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы болды. Тұжырымдаманың мақсаты – Ассамблея институтын дамыту және оның елдің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін нығайтудағы рөлін арттыру, патриотизм, қазақ халқы мен мемлекеттік тілдің топтастырушы рөлін арқау ете отырып жалпы құндылықтар негізінде қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қамтамасыз ету болып табылады.

«Тұжырымдама мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыруға, ұлт­тық бірлікті қалыптастыруға, қоғамдық келісім мен тұрақ­ты­лықты қамтамасыз етуге, этносаралық қатынастар сала­сын­дағы мемлекеттік және аза­маттық институттардың өзара іс-қимылын жандандыруға қол жеткізуге, оның ішінде, ең алдымен, Ассамблея институты­ арқылы қол жеткізуге бағыт­тал­ған. Тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде келешекте Ассамблея этносаралық және қоғамдық келісімді қамтамасыз ету тетігі болып қана қоймай, конституциялық орган ретінде азаматтық қоғам институттары үшін үнқатысу алаңына, жалпы ұлттық маңызы бар мәселелер бойынша азаматтық ынтымақтастықтың тетігіне айналады деп күтілуде», – деді Еділ Оспан.

Конференцияда, сондай-ақ, аталған университеттің Әлеуметтік және азаматтық департаментінің директоры Еркебұлан Нұғманов та жастар туралы өзінің ой-пікірін ортаға салды.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

———————————-

Суретті түсірген

Ерлан ОМАРОВ.