Аймақтар • 04 Маусым, 2019

Дала зиянкестерімен күрес – күрделі мәселе

1336 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Екі жыл бұрын Жамбыл облысының жайылымдық жерлерінде шегіртке қаптап, әсіресе егінге қауіп төндірген еді. Тіпті талай гектар егінді отап тастаған зиянкестер халықтың алаңдаушылығын да тудырған. Жаз шығып, жайлау қызған шақта шегірткелер шабуылының да басталатыны белгілі. Жалпы, жаз мезгілі келгенде зиянкестердің мыңдаған алқапты басып қалу қаупі бар. Соңғы екі жылдан бері өңірдің мамандары зиянкестермен күреске ерте қамданып, тиісті шешімдер қабылдап келеді.

Дала зиянкестерімен күрес – күрделі мәселе

Бүгінде облыста қауіпті зиянкестермен күресті ұйымдастырып, жұмысын үйлестіретін арна­йы штаб жұмыс атқаруда. Жуыр­да Байзақ ауданында аталған мә­се­лемен күреске, фито­са­ни­та­рия­лық диагностика және бол­жау жұ­мыстарына жауапты рес­пуб­ли­ка­лық, облыстық және аудан­дық мекеме жетекшілерінің қаты­суы­мен штабтың алғашқы отырысы өтті.

Дала зиянкестерінің ошағы оянбай, тіршілігі қызбай тұр­ған­­да алдын алу жұмыстарын жүр­­гізу қажет. Бұл ретте Ауыл шар­уа­шылығы министрлігі агро­өнер­кәсіптік кешеніндегі мем­ле­кеттік инспекция комитеті Жам­был облыстық аумақтық ин­спек­циясының басшысы Нұрби Жігі­те­ков дала зиянкестерімен күрестің күрделі мәселе екенін айтты. Мәселен, инспекция тарапынан облыс аумағындағы ерекше қауіпті зиянды организмдер қатарына енетін зиянкестер мен ауруларға қарсы барлығы 203 808 гектар алқапқа жұмыс жүргізілуі керек. «Үйірлі шегірткелермен күрес 184 518 гектар жерді құрайды. Оның ішінде марокко шегірткесіне 89 792 гектар, италиялық прус шегірткесіне 75 946 гектар, азиат шегірткесіне 18 780 гектар, егіс алқаптарының зиянды бақашық қандаласына 9 000 гектар, дәнді дақылдардың ауруларына қарсы 9 500 гектар, тышқантектес кемір­гіш­терге 340 гектар және картоп алқаптарының зиянкесі колорадо қоңызына 450 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған», дейді инс­пекция басшысы.

Аса қауіпті үйірлі шегіртке зиян­­кестерімен күресуге биыл рес­­­публикалық бюджеттен 230,15 мил­лион теңге қаражат бөлінген. Жоспарланған алқаптарды өңдеу жұмыстарына 39 бірлік техника жұмылдырылыпты. Оның ішінде 2 бірлік ультра аз көлемдегі бүрік­кіш­тері, 3 аэрозольді генератор, 29 жерүсті бүріккіштер және 5 ұшақ бар. Сонымен қатар жыл басы­нан бері Ауыл шаруашылығы министрлігінде «107 Өсімдіктерді қор­ғау, өсімдіктер карантині» бағ­дар­ламасы бойынша да тендер­лер жарияланды. Нәтижесінде өңір­де­гі тиісті жеке кәсіпкерліктер аса қауіпті зиянды организмдер­ге қарсы химиялық өңдеу жұмыс­та­­рын жүргізетін болады. Биыл үйір­лі шегірткелердің бірі саналатын марокко зиянкесі дер­нә­сіл­де­рінің тууы Жамбыл облысында жүйелі бақылау жүргізу нәтижесі бойынша сәуір айының үшінші онкүн­дігінде тіркеліпті. Бүгінде өңір­дің барлық аудандарында оның тууы тіркеліп, қоныстануы бо­йынша зерттеу жұмыстары жал­­ға­суда екен. Ал италиялық прус шегірт­кесіне келетін болсақ, оның алғашқы бірен-саран тууы кей аудан­дар­да тіркеліп, жүйелі бақы­лау жүргізу жұмыстары жүр­гі­зілуде.

 Негізінен марокколық және азия­лық шегірткелер Жамбыл облы­сының барлық аумағында тір­ші­лік ететін болса, оның италиялық ошағы Сарысу, Талас, Жуалы, Байзақ және Жамбыл аудан­дарында кездеседі. Маман­дар­дың айтуын­ша, марок­ко­лық шегірт­ке­лер үйі­рімен тәулігіне 200-300 шақы­рым­ға дейін жылжып, жолындағы тірі өсімдіктің бәрін қырқып өтеді екен. Мұның қауіп­­тілігі де сонда болса керек. Сонымен қатар 2017 жылы өңірде 268 мың гектар аумақ зиянкестерден тазартылса, өткен жылы шегіртке қаптауы салдарынан 355 мың гектар жерге дәрі шашылған. Ал тиісті фитосанитария мамандары марокко шегірткесі дернәсілдерінің орна­ласуына көктемгі зерттеу жұ­мыс­тарын жүргізген. Жұмыс барысында бүгінге дейін нақты 80 360 гектар қаралып, олардың барлығының 3045 гектар жерге қо­ныстануы анықталған. Оның ішінде, экономикалық зиян­ды­лық шегінен асқандары 1380 гектар алқапты құрайтыны анық­та­лып, оған химиялық өңдеу жұ­мыс­та­ры жүргізілуде. Облыс бойын­ша зерттеу жұмыстарына 25 анық­та­уыш мамандар тартылған. Ал оның ішінде Республикалық фито­санитариялық диагностика және болжамдау әдістемелік орта­лы­ғы­ның 51 маманымен қосқанда барлығы 76 адам және аудандардың әр ауылдық округін­де­гі жергілікті атқарушы органдар­дан 1 адам анықтау-зерт­теу жұмыстарын жүргізуде.

Биыл Жамбыл облысында хи­мия­лық өңдеу жұмыстары 6 ма­мыр күні басталды. Аталған жұ­­мыстың кеш басталу себебін аумақ­тық инспекция басшылығы өңір­дің барлық аудандарында апталап жауған нөсер жаңбырдың сал­­дарынан деп түсіндірді. Соны­мен қатар, Республикалық фи­тоса­ни­та­риялық диагностика және болжамдау әдістемелік орталығының мамандары марокко шегірткесі дер­нә­­сілдерінің орналасуы бойын­ша көктемгі зерттеу және облыстың барлық аудандарында химиялық өңдеу жұмысына қатысатын мер­ді­герлер, бүріккіш техникалар, қажетті улы химикаттар толығымен өңір­ге жеткізіліп, техникалар сақа­дай сай екенін айтты. Мәселен, қазір­гі таңда экономикалық зиян­ды­лық шегі анықталған Шу ауда­нын­да 780 гектар, Талас ауданында 410, ал Жамбыл ауданын­да 30 гектарға химиялық өңдеу жұмыс­та­ры жүргізіліп, осы уақытқа дейін барлығы 1220 гектар алқап өңдел­ген. Аталған жұмыстар «Райхан» жеке кәсіпкерлігінің 10 дана аспа­­­лы бүріккіші арқылы және «Фито­­санитария» республикалық мем­лекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалының қызмет көрсетушілерінің 3 бірлік «Каф­фи­ни» жерүсті бүріккіші арқылы жүзеге асып отыр. Қазіргі таңда, өңірде шегіртке ошақтарын зерттеу жұмыстары мен химиялық өң­деу жұмыстары жалғасын тауып келеді. Бүгінгі таңда өткен жыл­дар­дағыдай емес, облыста зиянкестермен күрес жұмыстары бір жүйеге түскенін көруге болады.

 

Жамбыл облысы