Аймақтар • 04 Маусым, 2019

Көкшетауда 70 отбасы қоныс тойын тойлады

825 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Көкшетауда ақ түйенің қарны жарылған әдемі оқиға болды. «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру аясында көпбалалы отбасылар мен жетім балаларға жаңа пәтерлердің кілті салтанатты жағдайда табыс етілді.

Көкшетауда 70 отбасы қоныс тойын тойлады

Балаларды қорғау күні мерекесінің шалқыған шаттығы тарқамай, іле осындай әлеуметтік қамқорлықты әйгілейтін оқиғаның орын алуы елімізде отбасылық құндылықтарды сақтау және қанатты қамқорлық көрсетудің жарқын мысалы іспетті. Салтанатты рәсімге жиналған жамағаттың қуанышында шек жоқ. Бір-бірінен сүйінші сұрап, құтты болсын айтып, ақжарылқап тілектерін жеткізіп жатты.

Алдымен сөз алған облыс әкімі Ермек Маржықпаев көпшілікті мерекелерімен құттықтай келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап әрбір қазақстандықтың жағдайын жақсартуға айрықша көңіл бөліп келгендігін екпін түсіре айтып өтті. Қаумалаған қауымға облыс әкімі дәл осындай қамқорлықтың алтын тіні үзілмейтіндігін, алдағы уақытта да жалғаса беретіндігін жеткізді. Қазір бұл мәселеге ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше мән беріп отыр.  Осы орайда, мемлекеттік шарапаты мол бағдарламалар түзіліп, игілікті істер жүзеге асырылуда. Ақмола облысында да соңғы жылдары құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жер-жерде тұрғын үйлер бұрынғымен салыстырғанда көп салынған соң бүгінгідей жан жадыратар жақсы істі сәтімен сабақтауға мол мүмкіндік туып отыр.  Соңғы екі жылда «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жалға және несиеге берілетін 11 көпқабатты үй тұрғызылып, 8350 отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты. Облыс орталығында да оралымды шаруалар жүзеге асырылуда. Соңғы бес жылдың ішінде жаңадан бой көтерген Сарыарқа шағын ауданында 37 көпқабатты үй тұрғызылып, екі жүзге жуық пәтерге мұқтаж отбасылар қоныс тойын тойлады.  

– Мемлекеттің осы бір қамқорлығына ана ретінде ет жүрегің елжірейтіндігі сөзсіз, – дейді он баланың анасы Светлана Сәдуақасова, –қуаныштан аузыма сөз  түспей тұр. Айтар алғысым шексіз. 14 жыл бойы кезекте тұрып едім.

Пәтерге қол жеткізіп, көл-көсір қуанышқа кенелген қала тұрғынының бірі Роман Чеп. Ол 2013 жылы балалар үйінен үлкен өмірге жолдама алған екен. Бүгінде өзі екі баланың әкесі. Жаңа пәтерге ие болған Романның да әлеуметтік көмек тұрғысындағы мемлекет саясатына деген  ризашылығын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Алты бала бағып отырған Еркін Балтабаевтың отбасы да көптен күткен армандары орындалып, қуанышқа кенеліп қалды. Дәл осы күні 70 отбасы жаңадан бой көтерген, сыңғырап тұрған жаңа үйде қоныс тойын тойлап, төбелері көкке бір-ақ елі жетпей қалды.

Салтанатты рәсімнен кейін облыс әкімі бастаған ресми топ пайдалануға берілген пәтерлерді аралап көрді. Жаңа пәтер иелері өздері де біздерде мынадай бар, мынадай бар деп, келгендерге құрақ ұшып қарсы алып, көрсетіп жатыр. Тұрғын үйдің алдындағы алаң абаттандырылған, балалар ойнайтын алаң жасалыпты.

Көптен бері үй кезегінде тұрған адамдар біртіндеп дәл осылай тұрғын мәселесін шешетін болады.