Бүгінде облыстық Полиция департаментінде ҚР ІІО жаңғырту бойынша Жол картасын жүзеге асыру шеңберінде 2019-2021 жылдарға арналған халықпен кері байланыстың пәрменді арналарын құруға бағытталған бірқатар іс-шара қарастырылған.
Енді облыс тұрғындары учаскелік полицейдің нөмірін ПИК және баспасөз беттері мен буклеттер, визит және үйлердің кіреберістеріндегі хабарландырулар арқылы білетін болады.
Қызметтік ұялы телефонға ие болған тәртіп сақшылары бірден халықпен байланыс орнатуға көшіпті. Олар жұрт арасына шығып, өз нөмірлерін үлестірген. Мәселен, «Ақсу» тірек пунктінің полицейі Мейрамбек Байсалбеков өзіне қарасты Дружба аулының тұрғындарымен кездесіп үлгерді. Бұл жаңашылдықты ауыл тұрғындары қуанышпен қабылдады.
Ерлі-зайыпты Рудлоьф және Зоя Кимдер учаскелік полицейдің нөмірін бірінші болып жазып алды. Айтуларынша, ауылды жерде тұрған соң әрі зейнетке шыққасын тәртіп сақшыларының көмегіне жиі жүгінеді.
- Ауылдық жерде көшеде бейнебақылау немесе жарық жоқ, сондықтан ұры-қара көп жүреді. Жасымыз да келіп қалған соң күшіміз жете бермейді, сондайда учаскеліп полицейді шақырамыз. Олар басқа жерде жүргенде немесе түн уақытында 102-ге хабарласа алмаймыз, ал жеке нөмір арқылы қысы-жазы, күні-түні хабарласып, алаңсыз отыратын болдық, - дейді Дружба ауылының тұрғындары.