Косовоның арнайы қауіпсіздік күштері (ROSU) 28 мамыр күні таңертең ұйымдасқан қылмыс пен контрабандаға қарсы рейд жүргізу желеуімен өлкенің солтүстігіндегі сербтер тұратын аудандарға басып кірді. Шамамен 200 жауынгерден құралған, 73 брондалған көлік жұмылдырылған операция алты сағатқа созылған. Арнайы жасақтың бұл әрекетіне жергілікті тұрғындар наразылық танытып, Зубин-Поток және Косовска-Митровица муниципалитеттерінде баррикадалар орната бастады. Сондықтан Косово полицейлеріне күш қолдануға тура келіп, жолына бөгет қылып қойған жүк көліктерін түгел ысырып тастаған, соңы атысқа ұласқан. Нәтижесінде 30-ға жуық адам ұсталған. Олардың дені – сербтер, арасында бірен-саран албандар да бар. Косово астанасы Приштинадан ұйымдасқан қылмысқа, коррупцияға қатысы бар деген күдікпен 19 құқық қорғау органының қызметкері ұсталғаны хабарланды. Сондай-ақ Косоводағы уақытша әкімшілік істері жөніндегі миссиямен жүрген БҰҰ-ның екі қызметкері ұсталған. Оның біреуі – ресейлік Михаил Краснощеков. Ол кейін босатылды.
Сербия президенті ІІМ әскері мен арнайы жасақтарын толық жауынгерлік әзірлікке келтіруді бұйырған. Және мұндай жағдайлар тыйылмайтын болса, оны жауапсыз қалдырмайтынын ескерткен. Сербия үкіметінің өкілі Марко Дюрич Косово полициясы өңірдегі бейбіт халықтың шырқын бұзды, этникалық сербтерді қуып шығаруға әрекеттенді деп айыптады.
Ал Косовоның премьер-министрі Рамуш Харадинай Twitter-дегі парақшасында азаматтарды тыныштық сақтауға шақырып, республиканың солтүстігіндегі операция ұйымдасқан қылмысқа қарсы және полиция мен кеден органдардарын тексеру мақсатында жүргізілгенін мәлімдеді. Сондай-ақ Сербия үкіметінен бұл іс-шараға қарсы күш жұмсамауын сұрады.
Қалай дегенмен де Косово полициясының аталған рейді шиеленіскен жағдайды ушықтырды. Бұған дейін де осындай арандатушылық әрекеттер орын алған. Оның үстіне дәл осы оқиғадан бір күн бұрын Сербия президенті Александр Вучич парламент мінберінде екі сағат сөз сөйлеп, Косовоның уыстан шығып кеткенін мойындайтын кез келгенін мәлімдеген. Ол бүгінде Косово Белградтың қадағалауында еместігін айтып, депутаттарды шындыққа тура қарауға шақырды. «Сербияның ірі ұлттық жеңіліске ұшырап, территориясының бүтіндігін сақтай алмағанын, едәуір экономикалық шығынға тап болғанын мойындау қажет. Косово мен Метохияның үстінен біздің үкімет билік жүргізе алмайды. Бұдан әрі өз-өзімізді алдарқатуды, өз қоғамымызды соған сендіруді тоқтатуымыз керек. Онсыз біз бұл аймақтағы сербтердің қандай жағдайда екенін нақты біле алмаймыз», деді президент.
А.Вучичтің айтуынша, Косово проблемасын шешудің екі жолы бар. Бірі – осылай кво-мәртебесін, яғни қатып қалған қақтығыс қалпын сақтап, ымырасыз ырылдасып күн кеше беру. Екінші нұсқа – Белград пен Приштина арасындағы қарым-қатынасты бір қалыпқа келтіру. Сербия президенті екінші жолды жақтайтынын жеткізді. Және бұл жол – проблеманың жалғыз шешімі екені шындық. Өйткені Косовоны енді қайтару мүмкін емесі анық. Бұл А.Вучичтің Косовоның тәуелсіздігін мойындауға жақын екенін аңғартады. Ал Косово Сербияның буынсыз жеріне пышақ ұрып, яғни солтүстігіндегі сербтерге қысым жасап, процесті тездетуге асыққан сияқты. Бұған дейін екі ел президенттері А.Вучич пен Х.Тачидың қатысуымен аумақтың алмасу ықтималдығы туралы келіссөздер жүргізілген. Әңгіме Косово Сербияға сербтер мекендейтін солтүстік аймағын беру, ал Сербия Косоваға оңтүстігіндегі албандар тұратын екі ауданын өткізу тұрғысында болған. Бірақ Сербияның дәрменсіздігін пайдаланған Косово солтүстіктегі сербтерді жедел кетуге мәжбүрлей бастаған секілді.