Еуропарламент күрделі құрылым. Оның құрамына 28 елдің депутаты кірген соң, олар саяси ұстанымдары бойынша фракцияларға бірігеді. Мәселен, консерваторлар, социалдемократтар, жасылдар, либералдар және басқалар. Бұған дейін Еуропарламентте екі фракция басым болды. Ол консерватор Еуропаның халық партиясы – 218 орын және социал-демократтар альянсы – 186 орын. Алайда мамырдың соңында өткен сайлауда ұлттық мәселені жалаулатып, Еуроинтеграцияға сенбейтін популистер мен климат тақырыбын көтеретін жасылдар партиясы алға шығады деп болжанған.
Болжам жартылай болса да, шындыққа ұласты. Жоғарыдағы қос партия біраз орнынан айрылды. Нәтиже мынадай. Бұл жолы Еуропаның халық партиясы –
179 орын, социал-демократтар альянсы 153 орын, Либералдар мен демократтар альянсы 105 орынға ие болды. Бұлар Еуропаның одан әрі бірігуін қолдайтын саяси күштер. Бұл жолы біраз әлсіреді.
Есесіне, жасылдар – 69 орын, Еуропаның консерватор және реформистері – 63 орын, Франциядан Марин Ле Пен бастаған Ұлттар мен бостандық Еуропасы – 58 орын. Ал Брекситті жақтаған британ Найджел Фарадждың Еуропа бостандық пен демократия үшін партиясы 54 орын алды. Бұлар әр мемлекеттің егемендігі сақталуын қалайтын, Еуропаның одан әрі терең интеграциясына қарсы саяси топтар. Олардың Еуропарламенттегі үлесі осы сайлауда арта түсті. Антверпен университетінің профессоры Дэвид Крикеманс жаңа партиялар ықпалды күшке айналуы мүмкін дейді: «Экстремистік партиялар, әсіре оңшыл партиялар, еуропалық интеграцияға сыни көзқарастағы қозғалыстар аймақта үлкен саяси күшке айналып келеді. Жекелеген елдерде ғана емес – бүкіл Еуропада. Енді олар Еуропарламентте үшінші ірі партияға айналуға жақын. Қаласаңыз, олар еуропалық шешімдерге тосқауыл қоятын күнге де жетуі мүмкін».
Британияның Еуроодақтан шығуы, Италияда популистік үкіметтің құрылуы, Еуропада мигранттар санының артуы, жаһандық жылыну – мұның барлығы қатардағы еуропалықтардың саяси көзқарастарына әсер етті. Сол үшін олар ұлттық мәселені жиі көтеретін, миграциялық саясатты сынайтын, табиғат мәселесін даулайтын жаңа партияларды қолдай бастады. Бұдан бөлек, Еуропа елдерінің одан әрі бір одақ аясында терең интеграцияға түсуі көпшілік тұрғындарға ұнай қоймады. Себебі Брюссельдің бітпейтін бюрократиясы біраз елдің егемендігін шектеп тастады. Сол үшін осы сайлауда Еуропарламентте еуроскептиктердің саны артты. Еуроодақта 28 ел өзара тең деп саналғанымен, билік ресурсы әлі де Германия мен Францияның қолында қалып отыр.
Еуропарламент үшін келесі мәселе – Еурокомиссияның төрағасын бекіту. Басқаша айтса, Еуроодақтың премьер-министрін тағайындау. 2014 жылдан бері осы қызметті атқарған люксембурлық Жан-Клод Юнкер қызметінен кетпек. Демократиялық мемлекеттердің заңы бойынша Парламентте қай саяси партияның үлесі басым болса, үкімет басшысы да сол партиядан шығуы керек. Алайда қазіргі Еуропарламентте айқын фаворит партия жоқ. Олардың өзгелермен коалиция құруына тура келеді. Еуроодақ комиссиясының төрағасы маңызды қызмет. Сол үшін ондай кандидаттың тағдырын шешуді Ангела Меркель мен Эммануель Макрон депутаттарға бере қоймас. Олардың әрқайсысы бұл қызметке өз елінің өкілін ұсынып жатыр. Меркель Манфред Веберді қолдаса, Макрон Мишель Барньені жақтап отыр. Екеуінің де мүмкіндігі мол.
Манфред Вебер қазір Еуропарламенттегі ең үлкен саяси күш Еуропа халық партиясының төрағасы әрі Меркельдің Германиядағы үзеңгілесі. Ал Мишель Барнье Еуроодақ атынан Брексит бойынша Британиямен келіссөз жүргізген танымал саясаткер. 2004-2005 жылдары Францияның Сыртқы істер министрі қызметін атқарған. Көптеген мәселе бойынша үнемі одақтас болып келген Меркель мен Макрон дәл осы мәселеге келгенде әрқайсысы өз кандидатын бекітуге барын салып жатыр. Себебі Еурокомиссияның төрағасы ертең Еуроодақтың саясатын жүргізуде айтарлықтай билік ресурстарына ие болады. Кімнің айы оңынан туып, бағы жанатыны әзірге белгісіз. Брюссельде аталған мәселеге қатысты біраз келіссөз жүріп жатқан сыңайлы.
Айтпақшы, Еуропарламент біраз елдегі аутсайдер саясаткерлер үшін өз ықпалын арттыруға жақсы мүмкіндік. Мәселен, Марин Ле Пен Францияда екі рет президент сайлауында жеңілді, оның партиясы өз еліндегі парламентте 8-ақ орынға ие. Алайда Еуропарламенттегі сайлауда жеңіске жетті. Тіпті, Франция президенті Э.Макронның «Алға, Республика» партиясының алдын орап кетті. Ал Найджел Фарадж Британия Парламентіне мүше де емес. Оның партиясы халықтан қолдау таппаған. Ол негізінен Ұлыбританияны Еуроодақтан шығаруды көксейтін саясаткер ретінде ғана танымал. Бірақ соған қарамай, Еуропарламент сайлауында өз елінде дәстүрлі партияларды артқа тастады. Ал Каталонияға тәуелсіздік алып беремін деп, елінде істі болып, Испаниядан қашып кеткен Карлос Пучдемон да жақында Еуропарламентке депутат болып сайланды. Төрт рет Италияның үкіметін басқарған 82 жастағы Сильвио Берлускони де Еуропаның ортақ парламентіне депутаттық мандатты жеңіп алды. Яғни, бірқатар саясаткердің екінші тынысы ашылды.
Жалпы Еуропарламент үшін өткен бұл сайлау дәстүрлі консерватизмді қолдайтын қатардағы Еуропа азаматтарының саны азая бастағанын көрсетті. Кәрі құрлықта жаңа идеологияны басшылыққа алатын партиялардың уақыты келе жатқандай.