Экология • 05 Маусым, 2019

Қағаз ыдысқа қашан көшеміз?

1314 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бір ғасыр бұрын ойлап табылған қағаз стақандар бүгінде таңсық емес. Кей жерде кең қолданыс тапса, кей елде енді өндіріске жол ашылып жатыр. Сапаргүл Рабаева Қазақстанда алғашқы болып қағаз стақандарды на­рыққа шығара бастады. Мұн­дағы мақсат – табиғат-ананы аяусыз бүлдіріп, ластап жатқан пластик ыдыстарға аз да болса тосқауыл болу.

Қағаз ыдысқа қашан көшеміз?
«S5 ECOCUP» компаниясы шы­­­ға­ратын конверт пішінді қағаз ыдыс суық және жылы сусындарға арналған. Ең бастысы, стақандар алып жүруге өте ыңғайлы әрі үнемді.

– Пластик қалдықтардың зия­ны туралы соңғы 5 жылдан бері тұ­рақты зерттей келе, нарыққа эко­номикалық тиімді балама ұсынуды ж­өн көрдім. Стақанды 3 жастағы ба­­ла да қиындықсыз қолдана алады, – дейді аталған компанияның директоры Сапаргүл Рабаева.

Иә, стақандарды қолданатын өз орны бар. Мысалы, жүздеген адам қатысатын жиындарда, университет, сауда алаңдары, емханалар, мектеп сынды кез келген қоғамдық орындарда кәдеге жаратуға болады. 100 пайыз табиғи ағаш талшықтарынан d2w технологиясымен жасалған қағаз ыдыс табиғатта сыртқы факторлардың әсерімен ең көбі 18 айда түк қалмай ыдырап кетеді. Ол бұл идеяны іске асыруына мына бір жағдайдың себеп болғанын айтады.

– Бір күні баламмен мешітке бардым. Балам су ішкісі келіп мазамды алды, ал су толтырылған дис­пен­­сердің қасында ыдыс болмады. Жақын маңайда дүкен де жоқ еді. Әсі­ресе аяғым ауыр кезде ұзақты күн ем­ханада жүргенімде кейде су ішетін ыдыс таба алмай қалған кездерім болды. Ақыры ойлана келе осы жобаны қолданысқа енгізу қажет деп таптым, – дейді ол. Ол стақандардың белгілі бір көлемін Қытайдағы өндіруші ком­панияға тап­сырыс беру арқылы жасатқан. Ен­дігі арманы Нұр-Сұлтан қаласында бір рет­­тік қағаз стақандар өндіру бойын­ша кәсіпорынның қыз­метін ұйымдас­тыруды көздейді.

– Жобаны іске асыру шеңберінде өндірістік корпус салғымыз келеді. Айтып отырған жоба әзірге бизнес идея­ны дамыту мүмкіндігін ғана көрсетеді. Сондықтан кәсіпорын ашылып жатса бастапқы параметрлер өзгеруі мүмкін, – дейді Сапаргүл. 

Оның айтуынша, пластик қалдықтарды қабылдау пункттерін құру, тұрмыстық және өнеркәсіптік қоқыстарды сұрыптау және кәдеге жарату бойынша инфрақұрылымды едәуір жақсарту қажет. Сондай-ақ Қазақстан азаматтарын экологиялық сауатты ету деңгейін қамтамасыз ететін нормаларды іске асыру кезек күттірмейтін мәселе деп санайды. 

– Күн сайын сан мыңдаған плас­тик ыдыстарды бір рет қолданып, лақ­тырып жатырмыз. Бұл теңіздегі қо­қыстың 70 пайызын құрайды. Ал зардап шегетін жануарлар ғана емес, су айдындары арқылы ыдыраған плас­тик бөліктері топырақ, су, ауа арқылы адам ағзасына да түсуі ық­­­тимал. Плас­тик ыдыстар арзан шығар, бірақ эколо­гиялық ресурстарды сақ­тап, қайта қа­л­­пына келтіру үшін сон­шалықты үлкен қаражат бөлініп жатыр, – деген Са­парг­үл жастарды қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырады. Сайын даламызға сапарға шықсаңыз, көзіңіз жетер еді: дала толған плас­тик бөтелкелер, стақандар, әр жерде жел­біреген целлофандар ақ жоңқа болып ша­шылып жатыр. Пластик өнімдерінің зияны туралы қанша мәрте айтылса да, бұдан бас тарта қойғандар бірлі-жа­рым. Әсіресе біз сияқты экологиялық мәде­ниеті толық қалыптаса қоймаған елдер үшін бұл нағыз апатқа апарар жол екенін ұғынуымыз тиіс, – дейді кәсіпкер.