Мұхит асып, ақша шашпай-ақ…
Сенбі, 18 мамыр 2013 2:33
Алматыда 84 жастағы жанның омыртқасына ота жасалды
Соңғы уақытта Оңтүстік Кореядағы мықты клиника мамандарының Қазақстанға жиі жолы түсетіні байқалады. Мұның бірқатар себептері бар. Біріншіден, бұл ел қазір біздің еліміздің медицина саласын дамытуға мемлекеттік тұрғыда көңіл бөліп, халыққа емделу үшін квота бөлетінін біледі. Оған қоса екі елдің кейбір емдеу мекемелері екі жаққа да тиімді әріптестікке қол жеткізіп, тәжірибе алмасып жүрген жайы бар.
Сенбі, 18 мамыр 2013 2:33
Алматыда 84 жастағы жанның омыртқасына ота жасалды
Соңғы уақытта Оңтүстік Кореядағы мықты клиника мамандарының Қазақстанға жиі жолы түсетіні байқалады. Мұның бірқатар себептері бар. Біріншіден, бұл ел қазір біздің еліміздің медицина саласын дамытуға мемлекеттік тұрғыда көңіл бөліп, халыққа емделу үшін квота бөлетінін біледі. Оған қоса екі елдің кейбір емдеу мекемелері екі жаққа да тиімді әріптестікке қол жеткізіп, тәжірибе алмасып жүрген жайы бар.
Мұндай іске мұрындық болып отырған оқиғаның бірі – Алматыдағы ҚР Президенті Іс Басқармасының медициналық орталығының Орталық клиникалық ауруханасы мен оңтүстіккореялық вертебрологиялық клиникасы арасында 2011 жылы өзара меморандумға қой қойылған екен. Сол жылы мұндағы Хирургиялық орталықтың негізін қалаған Нұртас Қазыбаев пен бұрынғы бас дәрігер Вячеслав Дудник әлемдегі алдыңғы қатарлы клиникалармен жұмыс істеуге бастамашы болады.
Сол кезде марқұм Нұртас Кәкімжанұлы Қазақстанда аз зақым келтіретін операциялар жасау үшін екіжақты келісімшартқа қажетті құжаттарды рәсімдеу, байланыстарды жолға қою, құрал-жабдықтар сатып алу сияқты мәселелердің бәрін өзі реттейді. Нәтижесі көз алдымызда. Соңғы үш жылда қазақстандық дәрігерлер Оңтүстік Кореяға барып, тәжірибе байытып жүрсе, оңтүстіккореялық нейрохирургтер де бізге келіп, ағзаға барынша аз зақым келтіретін операциялар жасап кетіп жүр.
Алматыдағы білгір дәрігерлердің бірі Владимир Балковой жоғарыдағы келісімшартқа қол жеткізгеннен кейін өздерінің мұндай операцияларға қажетті медициналық құрал-жабдықтар сатып алғанын айтады.
– Мәселен, бұрын остеохондрозға немесе омыртқасы зақымданған науқастарға 50-60 жастан кейін операция жасауға сирек тәуекелге баратын болсақ, бүгінгі таңда біз жасы келген пациенттерге де күн сайын операция жасаймыз, – дейді біздің дәрігерлер.
Демек, қазақстандық мамандар ағзаға зақымы аз операцияларды жүргізуге машықтанып алды десе де болады. Дегенмен, таяу күндері Оңтүстік Корея дәрігерлері Қазақстандағы әріптестерімен бірігіп, шеберлік дәрісі сынды күрделі оталарды жүзеге асырды. Бұл жолы хирург Лим Дон Хван мырзаның жетекшілігімен Алматыда алты бірдей науқасқа, алғашқылардың бірі болып 84 жастағы әжейдің омыртқа жарығына операция жасалды. Айтқандай, мұндай операцияның құны 200 мың теңге болады екен.
Сонымен мамандардың айтуынша, соңғы уақытта остеохондроз ауруына байланысты дерттердің түрі жасарып келеді. Қазір, мұндай кеселден зардап шегіп жүргендердің орта жасы – 40.
Дәрігерлер Жер бетіндегі тіршілік кешкен адамдардың 90 пайызының өмірде бір рет болса да омыртқасы сыздамайтыны жоқ дейді. Бұрын омыртқа және буын ауруларымен жасы келгендер сырқаттанады деген түсінік болса, өркениетті өмір салты бұл түсінікті түбегейлі өзгерткен. Қазір кеңселерде отырған 20-30 жастағы қызметкерлер бұл дертке жиі шалдығатын болды. Оған ауыр жұмыспен айналысатын адамдарды, құрылыста денсаулығына күш түсіріп алған жандарды, басқа да кенеттен болатын себептерді қоссақ, бұл күнде белі шойырылып, омыртқа мен буын ауруларынан зардап шегіп жүргендер аз емес. Сол сияқты көп қимылдамайтын адамдар омыртқа ауруларына жиі шалдығатынына қарамастан, дерті асқынғанша жүріп алады. Науқастардың бірқатары операция жасатудан қашқақтайды.
Қазіргі қалыптасқан осы жағдайға қарап отырып, соңғы кезде медицинаның бұл саласында да озық ізденістер пайда болғанын, соның ішінде Оңтүстік Корея дәрігерлері омыртқа және буын ауруларының көптеген түрлерін хирургиялық операцияларсыз-ақ (инвазивті емес), түрлі әдістермен емдеуге қол жеткізген. Сонымен, Оңтүстік Кореядағы вертебрологиялық клиникамен өзара ынтымақтастықты ұлғайту үшін қолға алынған шаралардың аясында Алматыда қатарынан үш күн, 14-17 мамыр аралығында омыртқа ауруларына күрделі операциялар жасалды.
Оның ішінде бел, мойын омыртқаларына теңдесі жоқ микрохирургиялық және эндоскопиялық құрал-жабдықтардың көмегімен ота жасалып, заманауи пластикалық материалдарды қолдана отырып, зақымданған немесе әбден жарамсыз күйге жеткен омыртқа шеміршектері ауыстырылды. Ең бастысы қан шығарылмай және ауыртпай жасалынатын мұндай операциялардан кейін адам тез оңалады. Ұзақ төсек тартып жатпайды. Аурудың зардабынан жоғалған омыртқа қызметін қалпына келтіру үшін интенсивті түрде ем-дом шаралары жүргізіледі.
Алматылық дәрігерлер ең озық технологиялармен ота жасауды Оңтүстік Кореядан келген әріптестерінің арқасында меңгеріп алғанын айтса, Алматыда кезекті рет ота жасаған хирург Лим Дон Хван қазір қазақстандық мамандар омыртқа жарығын емдеуге әбден машықтанып алды, заманауи технологияларды тиісінше меңгерді дейді.
– Оңтүстік Корея мен Израиль бұрыннан қолданып келе жатқан америкалық әдіспен біз де жұмыс істей бастадық. Қазір Қазақстандағы жасалынып жатқан мұндай отадан кейін дерттің қайталануы мен асқынуы кәдімгі операцияларға қарағанда өте сирек кездеседі, – дейді Владимир Балковой.
Мәселен, аз зақым келтіретін әдіспен елімізде тек өткен жылы 60 науқасқа ота жасалынған. Біздің дәрігерлеріміздің қазір мұндай методиканы кеңінен енгізуге мүмкіндік беретін жоғары технологиялық медициналық құрал-жабдықтары бар.
Не десек те, кезінде айықпастай болып көрінген аурулар, өзімізде жасалмастай болған күрделі операциялар біздің ақ халатты абзал жандарымызға бағынды. Жанын дерт мазалаған адамдар мұхит асып, ақша шашпай-ақ өз елімізде емделіп, осылайша ел қатарына қосылып жатқаны қандай қуанышты.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.