Мәншүктің көзін көрген майдангер 101 жасында жастармен жүздесті
Сенбі, 1 маусым 2013 2:11
Бірден айтайық, ол кісі көп жыл шәкірт тәрбиелеп, мектепте қызмет еткен ұстаз.
Біздерге алдын ала айтылып қойған соң, ертерек барып жайғасып, ғасыр жасаған қартпен жүздесуді асыға күткеніміз де рас. Майдангер бейнесін өзімше көз алдыма елестетіп те қоямын. «Әлсіздігінен әзер жүріп, таяққа сүйеніп келетін шығар» деп. Жоқ, олай болмады.
Сенбі, 1 маусым 2013 2:11
Бірден айтайық, ол кісі көп жыл шәкірт тәрбиелеп, мектепте қызмет еткен ұстаз.
Біздерге алдын ала айтылып қойған соң, ертерек барып жайғасып, ғасыр жасаған қартпен жүздесуді асыға күткеніміз де рас. Майдангер бейнесін өзімше көз алдыма елестетіп те қоямын. «Әлсіздігінен әзер жүріп, таяққа сүйеніп келетін шығар» деп. Жоқ, олай болмады. Бойы тік. Тың да сергек, ширақ жүрісті ғасыр құрдасы, кеудесі орден-медальге толы Күрішбек Көжекбайұлының тұлғасы есіктен бері көрінгенде жаңағы секем ойым сейіліп, көңілім жай тауып, өзімді жайлы сезіне бастағанымды қайтерсіз.
Не керек, ғасырдан да асып жасаған жаужүрек қазақ батырын қол соғып, тік тұрып қарсы алдық бәріміз. Туған қызы, ол да әке жолын қуған ұстаз Бақыт Күрішбекқызы және Алматыда тұратын немересі Ринат екеуі атаның екі жағынан демеп, жиын өтетін студенттер дәрісханасына бастап кірді.
Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті колледжінің орыс тілі пәнінің ұстазы, осы кездесуді ұйымдастырушы Алма Рахымділдаеваның алдында айтқан «Атаның сөзі анық, ойы тұнық» деген сөзі есіме түсіп, Күрішбек Көжекбайұлының қасына қатар жайғасып жатып: «Ассалаумағалайкүм!» деп қол беріп амандастым.
– Уағалейкүмассалам! – деді қарт майдангер бетіме тура қарап. Осы жасына қарамай құлағының еш мүкістігінің жоқтығына қайран қалдым.
Жиылғандар үнсіз қария сөзіне құлақ түрді. Отырғандар мен кездесуге келген колледж студенттерін жағалай көзімен бір шолып өткен Күрішбек ата:
– Әскери тәртіппен қатар-қатар отыр екенсіңдер, айналайындар! – деді сабырлы қалыппен сөзін бастап. – Біздер соғысты көрдік. Дәл сендердің жастарыңда майданда қан кешкендер де болған. Құдай енді соғыс өртін көрсетпесін дейік!
Күрішбек Көжекбайұлы 1912 жылы 5 мамырда сол кездегі Жетісу губерниясындағы Жаркент уезінің Ынтымақ болысына қарасты Тоғызбұлақ ауылында дүниеге келіпті. Яғни, ол қазіргі Алматы облысындағы Кеген ауданының Жалаңаш елді мекені өңірі. Мамандығы тарихшы абыз қарияның тарихты ұмытпай жақсы білетіндігі, жаңылыспай сөз саптауы қайран қалдырды. Өткен ғасырдың басынан бастап, соңына дейінгі аралықтағы сан алуан оқиғаларды ой елегінен өткізіп, соншалықты мазмұнды әңгімелегеніне тәнті болып ұйып тыңдадық. Біздің де көз алдымыздан сол кезеңнің жағдаяттары тізбектеліп өтіп жатты.
Соғыс басталғанда Еңбекшіқазақ ауданының Түрген педагогикалық училищесінде 3-курста оқып жүрген кезі екен. Әскерге алынып, Алматыда жасақталған 100-ші атқыштар бригадасының барлаушылар ротасына жіберіліп, онда алты ай дайындықтан өтіпті. Таңғы алтыда тұрып, кешкі 11-де жатып, әскери тактикаға әбден машықтаныпты. Мәншүк Мәметовамен осында жүріп, жақын танысыпты. Содан 1942 жылдың 18 тамызында алғашқы шайқасқа қатысқан.
– Мәншүк өте намысшыл еді. Орысшаға жетік болатын. Басында штабта істеді, – деді осыдан 71 жыл бұрынғы сол сәтті еске түсірген Күрішбек ата. – Содан ол «штабта отыра бергеннен алғы шепте жүргенім әлдеқайда дұрыс» деп өзі сұранып жүріп өтінішімен қанды шайқастың бел ортасына кірді. Пулеметші болды.
Ротада Мәншүктен басқа Мәриям Сарлыбаева деген қазақ қызы болды. Ол дәрігер еді. Мәншүк штабта болған кезде мен онымен жиі ұшырасып жүрдім. Өйткені, ротаның соғыс қимылы туралы мәліметті штабқа күнделікті апарып тапсыру маған жүктелген-ді. Апарған ақпаратты қабылдап алатын да сол еді. Мықты пулеметші болды ғой ол. Тіпті, оққа ұшатын соңғы күні де оны көріп сөйлескен едім.
Мәншүк пулеметімен жауға оқты қарша жаудырып, талай фашистің көзін жойды. 21-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының ең үздік пулеметші-атқышы болды. Оны дивизия жауынгерлері мақтан тұтты. Кеңес әскерлері жаудың бетін талай мәрте қайтарып, қарсы шабуылға оқтын-оқтын шығып тұрды. Ал, 3-ші атқыштар бригадасы Калинин, Великие Луки, Невель, Новосокольники қалаларында ерлікпен шайқасты. Батырлықтың өшпес үлгісін көрсетті. 1942 жылдың 13 тамызында Алматыдан 100-ші атқыштар бригадасы майданға аттанғанда оның құрамында 4890 жауынгер болған еді. Соның көбісі майдан шебінде қаза тапты.
1943 жылдың 15 қазанында Псков облысындағы Невель қаласын жаудан азат етуде Изоча станциясында 173,3 биіктікте жаумен қатты қанды шайқас болды. Жау да берілгісі келмеді. Мәншүк өзінің пулеметінен жауға оқ жаудырып, шабуылға шыққан біздің әскерлерге қолдау көрсетті. Әрине, жау да қарап жатпады ғой, сондайда оқ Мәншүктің басына тиіп, ерлікпен қаза тапты. Көрсеткен ерлігі үшін Мәншүк Мәметоваға 1944 жылдың 1 наурызында Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Мәншүкті жерлеуге қатыстым. Невель қаласында.
Енді майдангер қарияның жүріп өткен өмірін қысқаша шолып өтсек артық болмас, сірә.
Өзі 1931 жылы 7 кластық білім алып, үш айлық мұғалімдер даярлайтын курсын бітірген. Содан бастап Кеген ауданының Шибұт мектебінің, ал одан кейінгі Сүмбе мектебінің, Құмтекей мектебінің, Шырғанақ жетіжылдық мектеп-интернатының меңгерушісі содан соң Тұйық мектебінің директоры, Меркі ауылында мектеп меңгерушісі қызметін атқарды. Одан кейінгісі белгілі, соғысқа аттанған. Айтпақшы, Абай атындағы педагогика институтын тәмамдаған.
Соғыстың үшінші жылы бұл кісі жауынгерлік қызмет атқарған дивизияны 2-Белорус майданына жіберіп, көптеген қала, деревняны жаудан тазартып, Берлинге жеткен. Жеңісті Эльба өзені маңында қарсы алыпты. Содан 1945 жылдың қараша айында елге оралған. Ұстаздық қызметін Кеген ауданының Ұзынбұлақ, Октябрь, Қарқара, Шырғанақ мектептерінде басшы ретінде жалғастырған. Ал, 1959 жылдан Ұйғыр ауданының Сүмбе орта мектебінде қызмет етіп, 1972 жылы зейнеткерлікке шыққан. Ұйғыр ауданының және Алматы облысының құрметті азаматы.
Әуел бастан өзіне бес қасиетті өмірлік мұрат тұтқан. Олар: біреуге тіл тигізуден сақтану. Екіншісі – әдептілік. Әдептен аспай, кішілік көрсетуден тынбау. Үшіншісі – өзгеге күдіктенбеу, өйткені, өзге өзіңе күдіктенбесін. Төртіншісі – не істесең де алдын ала мың ойланып барып, зерделеу және бастаған ісіңді жарты жолда қалдырмай, аяғына жеткізу. Ал, бесіншісі – өз басыңа тілемейтін істі біреуге істемеу. Қиянаттық қылмысқа әсте бармау, яғни, қай істе болмасын адалдық пен әділдіктің ақ жібін аттамау.
Жас кезінен айнымаған осынау қасиеттердің шапағаты шығар, абыз қария 101-ге толып, тағы да жақсылыққа қарай темірқазық ретінде жөн сілтеп келеді.
Жанға дауа – таза ауа ғой. Тауға шығып, таза ауамен тыныстағанды ұнатады. Еңбек етуден әлі де қашқан емес. Ұзақ жасауының бір сыры да осында жатыр. Кейде жайылымға қойды өзі бағып қайтатыны бар.
Жастармен жүздесу үшін сонау 300 шақырым жердегі Сүмбе ауылынан ат арытып Алматыға келген ардақты ақсақалға колледж директорының орынбасары Жақсылық Мәмбетжанов ілтипат көрсетіп иығына шапан жапты.
Абыздың Түрген педагогикалық училищесінде оқыдым дегенін естіген соң, әкем Сәрсен Әбдіхалықовтың да сол училищедегі 3-курстан 1941 жылдың 18 тамызында соғысқа кеткені есіме түсіп:
– Ата, Сәрсен Әбдіхалықов деген кісіні білесіз бе? Ол да сонда оқып еді. Менің әкем болады, – деп сұрадым. Микрофонды қолына ұстаған қағылез абыз айтқанымды дереу қағып алып:
– Сәрсен бе? Сәрсен Әбдіхалықовты неге білмейін. Білемін, – дегені. Бұл мен үшін қуанышты да әрі күтпеген тосын жағдай еді.
Сөз арасында әкем туралы айта кетуді тағы да жөн санаймын. Мәскеуді қорғап, үш рет жарақат алған. 1945 жылы 24 маусымда Мәскеуде болған Жеңіс парадына қатысқан. Менің әкем міне, осындай!
Кездесу бітіп, есікке қарай бет алғанбыз. Кенет ешкім күтпеген бір көрініс бәрімізді тебірентті. Колледжде оқитын қаракөз қыздарымыздың бірі ақсақалдың тура алдына келіп, бір тізерлеп жерге отыра қалды да, мөлтілдеп келген көз жасын іркіп:
–Аман болыңыз, ата! – деп аңыз қарияның қолынан бір сүйді де, дереу сыртқа беттеді. Қыздың дауысында айрықша діріл бар еді. Тебіреніске толы діріл еді ол. Соғысқа қатысқан атасы болған ғой. Сол есіне түскен шығар деп түйдік біз.
Иә, әлі де аман жүріңіз, ата! – демекпіз біз де.
Марат ӘБДІХАЛЫҚ,
журналист.
АЛМАТЫ.