Күні кеше ересек адамдардың көз алдында «Хан Шатыр» сауда орталығының жоғарғы қабатындағы бассейнде 9 жасар қыз бала суға батып кетті. «Жазмыштан озмыш жоқ» екенін білсек те, айдың-күннің аманында желкілдеп өсіп келе жатқан балалардың опат болуын ешқандай сылтаумен ақтау мүмкін емес. Қайғылы статистиканы өрт оқиғаларынан қаза тапқандар туралы деректер де қоюлата түседі. Мәселен, өткен бес айдың ішінде ел аумағында тіркелген өрт оқиғаларынан 15 бала көз жұмыпты.
Әрине, мұндайда кінәліні іздеп, біреуді айыптауға, жауапкершілікті ысыра салуға дәйек көп. Алайда, баланың өмірі мен денсаулығы үшін алдымен ата-ана жауапты екенін ұмытпағанымыз жөн. Өйткені соңғы жылдары көп қабатты үйлердің терезелерінен құлап мерт болып немесе майып болып жатқан балдырғандар саны көбеймесе азаяр емес. Ең бастысы, мұндай сұмдық оқиғалар туралы хабар ел ішінде тез таралады. Алайда, осындай жағдаяттарды көрген не естіген бойда біз неге сақтық шараларын күшейтіп, қауіп-қатердің алдын алмаймыз? Терезеңе темір тор салмасаң да, оның ашылуын шектейтін алақандай темірдің бағасы сауда орындарында 2 мың теңгеден аспайды...
Мемлекеттік мекемелер, түрлі тәрбие орындары қызметкерлерінің өз жауапкершіліктеріне салғырттығы оқыс оқиғаларды өршіте түсіп отыр. Осы орайда, он екіде бір гүлі ашылмаған балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау мәселелерін Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменованың алдына көлденең тарттық.
– Қателіктерге көпе-көрінеу жол беретіндер жазасыз қалмауы керек. Мысалы, төңкерілген батуттар неге дұрыс бекітілмеді, оны желдің өтіне орналастыруға кім рұқсат берді?
Ал балалардың терезеден құлауына кім кінәлі? Алланың алдындағы аманатың – ішіңнен шыққан балаң. Оның қауіпсіздігіне де өзің жауап бересің. Ал жұрт жаппай демалатын жерлердегі қауіпсіздік шараларына әкімдіктер мен кәсіпкерлер де жауапты. Десек те үйде де, түзде де баланың амандығына алдымен ата-анасы жауап береді. Оған қоса, әрбір отбасында қауіп-қатерлер туралы жиі айтылып, баланың да құлағына құйып отыру керек. Ал әкімдіктер осы қайғылы оқиғалардан сабақ ала отырып, балалардың демалыс орталықтарын тұрғын үйлердің жанында көбейтіп, қолжетімді ете түссе артықтық етпес еді, – дейді Мәжіліс депутаты.
Өз кезегінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 4 маусым күні Үкімет отырысынан кейін журналистер алдына шығып, «Хан Шатырдағы» оқиғаға байланысты түсінік бере келе: «Дәл сол уақытта құтқарушы қайда болғанын, неліктен ол дер кезінде шара қабылдамағанын қазір анықтап жатырмыз. Ұйымдастырушылардың да жауапкершілігі мәселесі көтерілуде. «Неліктен олар сол жерде балалар лагерін ұйымдастырды, неге қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етпеді?» деген мәселелер де қарастырылып жатыр», – деді. Дәл осы арада балалар жанында болған 24 ересек адам қайда қарап отырды деген сауал туындайтыны да заңдылық.
Ал Білім және ғылым министрлігінің өкілдері балалардың жазғы демалысы кезінде лагерьлер мен мектеп жанындағы лагерьлердегі қауіпсіздікті қаперден шығармайтындықтарын айтады. Ресми деректерге қарағанда, биыл еліміз бойынша жазғы лагерьлермен 2 млн-нан аса бала қамтылады екен.
– Қазақстанның «Білім туралы» Заңына сәйкес оқушылар және тәрбиеленушілердің өмірі мен денсаулығы үшін білім беру ұйымының басшысы жауап береді, – деді Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Ержан Ерсайынов.
Лагерьлердегі қауіпсіздік мәселесіне кеңірек тоқталар болсақ, «Қазақпарат» агенттігіне түсінік берген Денсаулық сақтау министрінің орынбасары К.Надыров жазғы лагерьлерді ұйымдастыратын ұйымдар демалыс маусымы ашылар алдында санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алуға міндетті екенін жеткізді.
– Өткен жылғы жоспарлы тексерулер нәтижесінде сауықтыру лагерьлерінде көбіне-көп азық-түлікке зертханалық талдаулар жасалмауы, ас пісірудің технологиялық тәртібінің бұзылуы, азық сақтау қағидасының орындалмауы мен лас ыдыстарды тазалау режімі бұзылғандығы анықталды. Осыған байланысты 259 хаттама толтырылды, – деді Камалжан Надыров.
Тақырыптан сәл ауытқығанымызбен, бір маусымда 2 млн баланың сауықтыру лагерьлерінде демалатынын ескерсек, бұл да қаперден шығармайтын мәселе.
Ал Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккердің айтуынша, қазір елімізде балалар аттракциондарының жұмысын реттеу ережесі әзірленіп жатыр екен. Ал аттракциондарды пайдалануға бақылау жасау жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін болады.
– Ата-ана деген баласын қайда апара жатқанын ойлауы керек қой. «Баламызды кімге сеніп тапсырып жатырмыз?», «Онда қауіпсіздік ережелері сақтала ма?» деген сұрақтарға жауап іздеуіміз керек. Әр баланың қазасы – орны толмайтын өкініш. Қаралы мәліметтерді қарап, жағамды ұстаймын. 2016, 2017, 2018 жылдары туған сәбилер терезеден құлап, мерт болып жатыр. Аптасына 4-5 рет сондай оқиға тіркеледі. Балаларға ата-аналары қарамағанда кім қарауы керек? – деді В.Беккер біздің сұрағымызға берген жауабында.
Міне, құзырлы орындардың лауазымды қызметкерлерінің өзі қорқынышты цифрлардан тіксініп отыр. Сондықтан әдетте «бауыр етіміз» деп әспеттейтін балаларымыздың тағдырына бейжай қарамайық! Баланы бағу – оның қарнын тойдырумен әсте де шектелмесе керек.