Серік пен Нұрсұлу Төлеубаевтар отбасы Қымбат, Дархан, Дәурен есімді үш бала тәрбиелеп өсірді. Қазір осы ұл-қыздан тараған Жанбота, Дінмұхаммед, Ислам, Хадиша, Бегімсұлу, Раяна есімді немере-жиендерімен ұрпақ жалғасып, орта толуда.
Екібастұздықтарға есімдері жақсы таныс Төлеубаевтар – шығармашыл, өнерлі отбасы. Отағасы Серік Айтқұлұлы 1994 жылдан бүгінге дейін «Богатырь көмір» ЖШС жол жөндеуші болып еңбек етеді. Ол кәсіпорын тарапынан ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған. Босай қалған сәтте қолына домбыра, гитара аспаптарын алады.
Ал отанасы Нұрсұлу Еркебайқызы қаладағы «Атамұра» мәдениет орталығында 20 жыл бойы қызмет етіп келеді. Нұрсұлу қоғамдық өмірдің белсендісі, қала әкімінің жанындағы мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының, қоғамдық кеңестің және Іскер әйелдер ассоциациясының мүшесі.
– Жақында республикалық «Рухани қазына» фестивалінде «Атамұра» орталығы «Үздік мәдениет үйі» аталымына қатысып, министрдің алғыс хатын алды. Біздің орталықтың қаладан бөлек, 16 ауылда клубы бар. Жыл сайын тұрақты түрде айтыс өткіземіз. Соңғы 3 жылда айтыс республикалық деңгейде өтеді. 13 жыл бойы «Жігіт сұлтанын» ұйымдастырып келеміз. Оған кішкентай кезден дайындайтын «Бала сұлтан» байқауы бар. «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары бойынша жобаларымыз жетерлік, – дейді Нұрсұлу Еркебайқызы.
Ұлы Дархан да әкесімен бірге алып өндіріс орнында жүргізуші болып жұмыс істейді. Дархан облыстық «Отбасым – ошағым», «Алтын дауыс», «Екі жұлдыз» вокалдық ән байқауларының жүлдегері.
Ал қызы Қымбат Серікқызы – мұғалім, облыс орталығындағы С.Торайғыров атындағы университеттің филология факультетін тәмамдаған. Оның күйеуі Дәулет вагон депосында – инженер-технолог. Бос уақытында қағаздан гүлдер жасайды, тәтті бәліш пісіреді. Кенжесі Дәурен Серікұлы Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны бітірген. Қазір еліміздің Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің концертмейстері. Келіндері Эльмира мен Зарина да жоғары білімді мамандар. Қос келіннің хоббиы – ұлттық салт-дәстүрге сай сәукеле, көрпеше, құрақ көрпе, ою-өрнек тігумен айналысады. Екеуі де ән айтады, бисермен, тастардан түрлі бұйымдар жасайды, гүлдермен безендіреді.
Бұл отбасы облыстық «Отбасым – ошағым» байқауының жеңімпаздары атанса, Отбасы күніне орай өткен қалалық «Қалыңдықтар шеруі» байқауында екі келіні Эльмира мен Зарина жеңімпаз атанды.
Үлкен немересі Жанбота Құрымбай «Жұлдыз» вокалдық тобының, Бегімсұлу Серікқызы «Нәзік» хореографиялық би ұжымының мүшесі. Ұжыммен бірге республикалық, халықаралық конкурстарда жүлделі орындарға ие болып жүр.
– «Ата-ананың көркем мінезі – даналық» демекші, ұл-қызға жақсы мінез тәрбие арқылы дариды. Адамгершілік қатынас, отбасылық сезім, ең алдымен махаббат пен борыш құндылықтары берік болуы керек. Отбасында халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін сақтаймыз. Жақсы әдеп – жақсы отбасының белгісі, – дейді отанасы Нұрсұлу.
Облыс орталығында өткен «Мерейлі отбасы» байқауына өңірдің ауыл, қалаларынан 70-ке жуық отбасы қатысып, ерекше көзге түскен 11 отбасы іріктелді.
Отбасы – мемлекеттің тірегі. Сондықтан елімізде отбасыларға көңіл бөлініп, оны сақтау, неке тірегін нығайту, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыруға үлкен қолдау көрсетілуде. Мақсат – елімізде өзгелерге үлгі боларлық отбасыларды дәріптеу, таныстыру. Бұл ретте өңір атынан республикалық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысуға жолдама алған Төлеубаевтар отбасы үлгі аларлық отбасы деуге әбден лайық.
Павлодар облысы