Аймақтар • 06 Маусым, 2019

Тірлігіне бірлігі демеу болған

924 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде отбасылық құндылықтарды дәріптеу қажет екендігіне ерекше тоқтала келіп, «Адамның байлығы балаларының санымен өлшенген. Сондықтан да мен үлгілі отбасы дегеніміз – ең алдымен көп балалы отбасылар болуы тиіс деп санаймын» деген болатын. Елбасының Жарлығымен 2013 жылдан бері «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізілуде.

Тірлігіне бірлігі демеу болған

Биылғы байқауды отбасылық құнды­лықтар туралы тереңнен тол­ға­ған сөзімен ашқан облыс әкімі Ермек Маржықпаев әр отбасының бірлігі түптеп келгенде ел байлығы екеніне айрықша тоқталды. Өнеге шашқан бай­қаудың үлгі-ғибраты туралы да сал­мақты сөз сабақтады. Риясыз лебіз­ден соң байқауда бірінші орын алған отба­сыларға сый-сияпат жасады.

Шаңырақтағы шаттық, сүттей ұйы­ған ынтымақ-бірлігімен, тамаша тір­лігімен талайға үлгі бола алатын отба­сылар аз емес. Байқауға 29 отбасынан өтінім түскен екен. Арнайы комиссияның елегінен өткен 7 отбасы облыстық турға жолдама алған. Бұл арада жалғыз бала саны емес, еңбек дәстүрі, білім-біліктері, елдің ықыласы мен құрметі, өнері де сарапқа салынады. Бұл жолы байқауда бәсі бірдей болған екі отбасына бірінші орын берілді. Өнегесі орайлас, тәлімі теңдес. Мәселен, бірінші орын алып, 250 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болған Ақкөл ауданындағы Әубә­кі­ровтер отбасы туралы сәл таратып айта кетуге әбден болады. Осы отба­сы­ның ұстаздық өтілі 215 жылды құрайды екен. Ақан Қайыржанұлы мен Қуаныш Шотанқызы бес балаға тамаша тәрбие беріп, 9 немересін қызық­тап отырған ата мен әже. Отағасы 45 жыл бойы табан аудармас­тан білім сала­сында қызмет еткен. 30 жыл Аман­гелді ауылындағы мектепте дирек­тор болып қызмет атқарыпты. Тұңғышы Бейбіт жеке кәсіпкер, Құр­ме­ті адвокат, кенже ұлы Науанның мұғалімдік өтілі – 21 жыл. Қызы Назгүл отыз жылдан бері орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келеді. Меруертінің педагогикалық еңбек өтілі 24 жыл, Степногор қала­сын­дағы №9 қазақ орта мектебінің оқу ісінің меңгерушісі.

Сондай-ақ бірінші орынға ие болған Цели­ноград ауданында тұратын Ысқа­қов­тар отбасы да өзгеге өнеге бола ала­тын құтты шаңырақ. 45 жыл бірге ғұмыр кешкен Ысқақовтар отба­сынан 8 бала, 24 немере өрбіп отыр. Отбасының негізгі тіршілігі «Ыс­қақовтар» шаруа қожалығы. Шаруа­шылық картоп, көкөніс өсі­ру­мен айналысады. Тұңғыш ұлдары Маратбек шаруашылық жетекшісі болса, Рашит бас инженер, Дархан қырман меңгерушісі, Нұрсұлтан экономист, Азамат агроном, Рақым­бек механизатор. Қыздары да қол қусырып қарап отырған жоқ. Мөл­дір мен Гүлзира бірі мал дәрігері болса, екіншісі көкөніс өсіруші. Ал немерелері атасы мен әжесін үздік оқуларымен, спорттағы және өнердегі табыстарымен қуантуда. Талапты немерелері Жанатбек мектепті алтын белгімен бітіріп, ата-әже тілегін ақтаса, Замира есімді немересі би өнерінің хас шебері.

Ақмола облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ана­лар кеңесінің төрайымы Зере Қиы­қова екінші орынға ие болған Степ­ногор қаласында тұратын Орал­баев­тар отбасына дипломдарын табыс етті. Бұл отбасы мектепке дейінгі тәрбие мекемесін ашып, мемлекеттік-жекешелік әріптестігі орайында елге игілігі тиіп отырған шаңырақ. Бестөбе кентіндегі отбасы иелігіндегі «Асыл» және «Алтын» балалар бақшасына 150 жеткіншек барады. Оның 47-сі көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамта­ма­сыз етілген отбасылардың балалары. Оларға тегін қызмет көрсетіледі.

Байқауда Целиноград ауданында тұратын Кемеңгеровтер отбасы үшінші орынға ие болды. Сөз ара­сында бұл отбасы Алашорда қоз­ға­лысының іргетасын қалау­шы­лар­­дың бірі Қошке Кемең­гер­овтің ұр­пақтары екенін айта кеткен жөн. Өнер­ді өмірлеріне серік еткен отбасы мүшелері әуелете ән шырқап, құйқылжытып күй тартып, жиналған жұрттың көңілінен шықты.

Өзге отбасылар да сыйлықтан құралақан қал­ған жоқ. Сандықтау ауда­нындағы Мусха­нов­тар, Ерей­мен­тау ауданын­да­ғы Аман­таев­тар, Зеренді ауда­нын­да­ғы Штирлер отба­сылары ынталандыру сый­лық­та­рына ие болды.

 

Ақмола облысы