1993 жылдың қарашасында Қазақстанның ұлттық валютасы пайда болды. Ширек ғасырдан аса қызмет көрсетіп келе жатқан теңге қазір еркін өзгермелі бағамға көшті. Сондай-ақ 26 жыл ішінде АҚШ долларына қатысты 80 есе, нақты айтқанда 4,69 теңгеден 380 теңгеге дейін арзандады. Ұлттық валюта төрт ашық девальвацияны бастан кешірді. Freedom Finance Life өмірді сақтандыру компаниясының зерттеуінше, әр девальвация кезінде орта есеппен 47%-ға (немесе долларға қатысты 70 теңгеге) арзандаған. 2015 жылдың екінші жартысында рекордтық құнсыздану болды. Сол кезде теңге бірнеше айда 95,8%-ға (179 теңгеге) – доллар үшін 186 теңгеден 365 теңгеге дейін арзандады.
Сарапшылар девальвация дағдарыстық құбылыс еместігін, сол арқылы көптеген процесті, соның ішінде экспорттан түсетін табыс пен отандық өндірушілер тауарларының тартымдылығын арттыруға пайдалануға болатынын айтады. Алайда, халықтың жинақ ақшасының құны мен сатып алу қабілетін төмендететіні, инфляция деңгейін көтеретіні және адамдарды шетел валютасына салым салу арқылы депозиттен бас тартуға мәжбүр ететіні де бар. Бұл халықтың өмір сүру сапасына кері әсер етеді және валюта бағамының «секіруі» алдындағы қорқынышты тудырады.
Ұлттық банк 2019 жылдың наурыз айында жүргізген сауалдама нәтижелері бойынша, респонденттердің 63,6%-ы жуықта теңгенің долларға шаққандағы бағасы арзандайды деп күтуде. Бұл орташа статистикалық көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.
Бүгінде қазақстандықтар жеке жинақтарын қалай сақтау керектігі туралы жиі ойланады. Ұлттық банктің соңғы үш жылдағы мәліметі бойынша, орта есеппен қазақстандықтардың 20%-да ғана жеке жинақ бар. Олардың көпшілігі ақшаны банктік депозиттерде (62%) және қолма-қол нысанда (30%) сақтауды қалайды. Қазақстандықтардың 78%-ы жинақтау жүйесінде теңгені қалайды, 29%-ы АҚШ долларында, 7,3%-ы Ресей рублінде және 5,7%-ы еурода жинақтайды. Қаржыгерлердің айтуынша, жинақтарды девальвациядан қорғау үшін төмендегідей қадамға барған дұрыс.
Бірінші, ақшаны бірнеше валютада сақтаңыз. Егер барлық жинақ теңгемен сақталса, девальвация оны құнсыздандырады. Ал барлық ақшаны долларда сақтаса, валютаны сатып алу және сату кезіндегі бағамдық айырмада жоғалтады. Ең тиімді нұсқа – бірнеше валютада сақтау. Теңгерім мақсат пен шығынға байланысты. Егер барлық шығын теңгемен болса, басым бөлігін ұлттық валютада, қалғанын доллармен немесе еуромен сақтаған жөн.
Екінші, жинақтың бір бөлігін депозитте сақтаңыз. Ұлттық банктің мәліметі бойынша, 2019 жылдың наурыз айында Қазақстандағы инфляция 4,8% болды. Ақшаны құнсызданудан қорғау үшін оны «жұмыс істеуге» мәжбүрлеңіз. Ең қарапайым және қолжетімді әдіс – банк депозиттері. Оның табыстылығы ресми инфляциядан асып түседі. Мысалы, теңгедегі депозиттердің табыстылығы – 11%-ға дейін, ал долларда 1%-ға дейін. Депозиттер үш жағдайда оңтайлы: егер күрделі қаржы құралдарын (мысалы, инвестициялау) түсінбесеңіз; қаржы резервін құру және оған «жылдам» қол жеткізу немесе 2-3 жылға инвестициялауға дайын болып, бірақ тәуекелден қорықсаңыз.
Үшінші, бағалы қағаздарды сатып алыңыз. Бағалы қағаздар банктік депозиттерге қарағанда кіріс әкелуі мүмкін. Алайда, бұл қаржы құралы бәріне қолайлы бола бермейді. Акциялардың бағасы жиі өзгеретіндіктен құнын үнемі қадағалап отыру керек. Сондай-ақ акциялар ұзақ мерзімді перспективада жақсы, ал қаржы резервін құру үшін қолайлы емес. Яғни күтпеген жағдайға ақша қорын ұстау тиімсіз. Және қаржы резерві болған кезде ғана инвестициялау керек. Ал тәуекелден қорықпасаңыз, акциялардың құнын қадағалауға дайын болсаңыз және сенімді брокерді тапсаңыз, бағалы қағаздарға инвестициялар жасау ең оңтайлы жол. Сонымен қатар шетелдік компаниялардың акцияларына инвестиция салсаңыз, шетел валютасында болғандықтан жоғары кіріске ғана емес, девальвациядан қорғауға да кепілдік береді.
Төртінші, бағалы металл алыңыз. Бағалы металға салым салу көп ақша әкелуі мүмкін. Өйткені мұндағы кіріс депозиттерге қарағанда әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Десе де бұл активтерге инвестиция салуды қиындататын көптеген жайт бар. Әуелі, қымбат металдардың құны, әдетте, алыпсатарлық бағаға байланысты. Бұл бағаны болжау қиын. Инвестиция салу үшін тәжірибе мен білім қажет.
Бесінші, өмірді сақтандырудың жинақтаушы полисін рәсімдеу. Бұл депозит және жазатайым жағдайлардан сақтандыру жинағы болмақ. Мұндай полистер ұзақ мерзімге жасалады (3 жылдан бастап және одан да көп) және жинақтауды ғана емес, сонымен қатар шарттың барлық мерзімінде сақтандыру қорғанысын да қамтамасыз етеді. Мұндай бағдарламалардың табыстылығы басқа қаржы құралдарына қарағанда жоғары болуы мүмкін. Мысалы, Freedom Capital бағдарламасы бойынша валютадағы кірістілік 3,1-ден 3,28%-ға дейін болады. Бұл валюталық банктік депозиттерге қарағанда көбірек.