Елбасының тапсырмасы бойынша құрылған және импортты алмастыруға бағытталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатына республикалық бюджеттен 600 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржының 200 млрд теңгесі агроөнеркәсіптік кешендегі өндірісті және қайта өңдеуді несиелендіруге, 400 млрд теңгесі өңдеуші өнеркәсіпке және кейбір қызмет түрлеріне бағытталады.
Айта кету керек, «Альфарух Logistic» ЖШС жобасы – «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша бүгінгі күнде республикадағы ең ірі жоба. Субсидиялаудың арқасында компания Қарағандыда ірі сауда-логистикалық орталық салуға кіріскен. Бұл азық-түлік тауарларын сақтауға және тасымалдау шығындарын қысқарту есебінен олардың бағасын төмендетуге мүмкіндік береді.
– Бұл жоба облыс экономикасына ғана емес, жалпы Қазақстанның экономикасына да оң әсерін тигізеді деген ойдамыз. Біз сапасы жағынан импорттық тауарлардан кем түспейтін, алайда бағасы анағұрлым төменірек отандық өндіріс тауарларына қол жеткізе аламыз, – дейді Қарағанды облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ ӨФ директоры Тимур Екеев.