Аймақтар • 06 Маусым, 2019

Ұлы дала хикаялары

963 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылғандай, ұлттық құндылықтар мен рухани байлық ұлт бірегейлігінің негізіне айналуы тиіс. Көне Тараз шаһарында заманауи өнер туындыларын жұртшылыққа насихаттау мақсатында тұңғыш рет «Ұлы дала хикаялары» атты сурет көрмесі ашылды.

Ұлы дала хикаялары

Көрмеге қойылған халқымыздың бай тарихынан сыр шертетін туындыларды тамашалау мақсатында тараздық тұрғындар Жамбыл облыстық қазақ драма театрына қарай ағылды. Мұнда мүсін, кескіндеме, графикалармен қатар, инсталляция, объект, перформанс, видео және медиа-арт бағыттары да қамтылған. «Ұлы дала хикаялары» атты сурет көрмесіне Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова арнайы барып, көрме жұмысымен танысты.

Тараз төрінде ұйымдастырылған көрме барысында көрермендерге Алмагүл Меңлібаева, Сәуле Сүлейменова, Рашид Нүрекеев және Асхат Ахмедьров сынды 10-нан астам танымал суретшілердің туындылары таныстырылды. Ал, аталған көрменің халықаралық жетекшісі Лиза Ахмадидің айтуынша, бұл туындылар әлемнің 20-дан астам елдерінен жоғары бағасын алған. Суретшілердің шығармаларында көшпенділердің салт-дәстүрі, жалпы дала мәдениеті қамтылған. Ал, осынау ұлттық құндылықтарды өнер тілінде сөйлету үшін осы саладағы бүкіл әлемнің ең озық және мейлінше шеберлік үлгілерін қолдануға барлық мүмкіндіктер жасалған. Сонымен қатар, көрме жетекшісі көрермен назарына ұсынылған туындылар ұлттық болмысымызды айшықтап, өнер және мәдениет, табиғат тамашалары сияқты құндылықтарды суреттейтіндігін айтады. Мұнда Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған «Атқа міну мәдениеті», «Ұлы даладағы ежелгі металлургия», «Алтын адам», «Түркі әлемінің бесігі», «Ұлы Жібек жолы», «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» тарауларындағы ел тарихында айрықша орын алатын дүниелерге қатысты туындылар да көрме төрінен орын алды.

Тараз тұрғындары алдағы бір ай бойы Жамбыл облыстық қазақ драма театрына барып, көрмені тегін тамашалай алады. Бұдан кейін көшпелі көрме керуені Сыр бойына, яғни Қызылорда қаласына қарай жол тартатын болады.