«Золотой колос» минералды тыңайтқыштар зауытының технологы Алексей Ульчинмен әңгімелескенімізде қазақстандық аграршылармен жұмыс істеу тиімді әрі сенімді екенін айтты. Ресей немесе Беларусте дайындалған минералды тыңайтқыштар біздің елдің климатына да, жер бедеріне де сәйкес келеді екен. «Қазақстанға тыңайтқыш өнімдері Ресейден ғана емес, ҚХР, Германия және ЕО елдері, Бразилиядан жеткізіледі. Бірақ РФ тыңайтқыштарына сұраныс басым екенін байқап жүрміз. Өйткені құрамында өсімдіктің эволюциялық табиғи жолмен жерден нәр алатын мүмкіндігін қосымша қоректендіретін дәрумендер жеткілікті. Жалпы, Ресей мен Беларусьтың тыңайтқыш шығаратын кәсіпорындары КСРО кезіндегі тәжірибені сақтап қалуымен ерекшеленеді», дейді ресейлік зауыттың өкілі.
Қазақстанға қажетті тыңайтқыштың 90 пайызы алыс-жақын шетелдерден келсе, 10 пайызы ғана өзімізде дайындалады екен. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2018 жылы минералды тыңайтқыш сатып алу үшін 13 млрд теңге бөлген еді.
Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 2 млрд теңгеге көп екен. Аталған қаржы 277 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алуға жұмсалыпты. Бұл бүкіл егістік жерлердің 11 пайызын бір рет тыңайтуға жетеді. Демек, біз өз күшімізбен егіс алқаптарының 11 пайызын ғана сауықтыра аламыз. Қалғаны – шетелдіктердің еншісінде. Мамандар сол 89 пайыз импорт өнімнің сапасына «жарнамасы» ғана кепілдік беретінін айтады. Елімізде «Қазфосфат», «ҚазАзот» сияқты тыңайтқыш өндіретін агрокомпаниялар өнімдерін шетелдерге экспорттайды. Бағасы қымбат болғандықтан, ішкі нарықта сұранысқа ие емес.
Жамбылдық кәсіпкер Тимур Сегізбаевтың айтуынша, мемлекет фермерлерге субсидия беруге әрқашан дайын. Алайда, фермердің тұқымды немесе минералды тыңайтқышты қай елден алатыны қызықтырмайтын сияқты. Мемлекет пен фермер арасындағы байланыс қаржылай қолдаумен ғана шектелген. «Егер мемлекет тарапынан отандық тұқым немесе минералды тыңайтқыштарды сатып алғандарға көтерме бағамен субсидия берілсе, бұл отандық өнім өндірушілерге үлкен қолдау болып, бағаның импорттық өнімдермен теңесуіне жол ашар еді. Бұл тәжірибе барлық елдерде бар. Олар отандық өнім өндірушілерді осындай жолмен қолдап, мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз ете алады. Бізде мемлекеттің фермерге көмегі субсидия берумен шектелсе, отандық минералды тыңайтқыш шығаратын компаниялар әлі ұйықтап жатыр. Жүгіріп жүріп нарық көзімен, өрісін ішкі нарықтан іздеу жағы кемшін», дейді Т.Сегізбаев.
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Рақымжан Елешевтің айтуынша, 1980 жылдары 1 миллион тоннадан астам минералды тыңайтқыш қолданып, орта есеппен 1 гектарға 25 кило азот, фосфор, калий тыңайтқыштарын топыраққа енгізсек, қазір бұл көрсеткіш шамамен алғанда 15 есеге кеміген. «Мамандар өнім сапасының төмендеуін ауа райының қолайсыздығымен байланыстырып жүр. Ауа райынан емес, жердегі қажетті қоректі заттарды дұрыс қамтамасыз етпеуден болып отыр. Дамыған елдерде минералды тыңайтқыштарға өнімділікті арттырудың агрохимиялық тиімді тәсілі ретінде қарайды. Франция агрохимиктер қоғамының мәліметіне сәйкес, 1 кило тыңайтқыш берудің нәтижесінде бидайдың өнімі – 7,5, күріш – 8,6, жүгері – 9,8 килоға артады екен. Ал елімізде қазір ауыл шаруашылығында тыңайтқыш қолдану тым азайып кетті. Қазақстан бүгінде тыңайтқыштар қолдану жөнінен (әр гектарға 16-20 кило – ірілендірілген шаруашылықтарда, 5-6 кило – ұсақ шаруашылықтарда) дамыған елдерден де (340-480 кило), ТМД елдерінен де (160-280 кило) қалып қойды. Оның үстіне соңғы жылдары органикалық тыңайтқыш енгізу де күрт кеміп кетті. Егер 1990 жылға дейін Қазақстанда жылына 1 миллион тонна тыңайтқыш шығарылса, қазір бар болғаны 40-50 мың тонна ғана шығарады екенбіз. Ал бізге бүгіннің өзінде кем дегенде 650 мың тонна тыңайтқыш керек. Болашақта 1,3 миллион тонна қажет болады», дейді Р.Елешев.
Отандық минералды тыңайтқыштар ішкі нарыққа емес, импортқа басымдық берген. 2017 жылғы деректер бойынша минералды тыңайтқыштағы импорттың үлесі 89 пайызға жетіпті. Қалған 11 пайызы – отандық өнім. Ал 2017 жылдан бастап минералды тыңайтқыштар импорты 5,4 пайызға өскен. Бірақ мұның өзі қажеттілікті қанағаттандырмай отыр. «Қазақстандық фосфордың сапасы өте жоғары. Шетелдік зауыттар оны ірі партиямен сатып алып, құрамын түрлі тыңайтқыштармен байытып, қымбат бағаға сатады. Ішкі нарықта қазақстандық тыңайтқыш өндіріп отырған компаниялар өнім құрамын байытып, түрін әртараптандыратын кез келді. Сол кезде ғана оған деген сұраныс көбейіп, баға арзандайды» дейді мамандар.
Кәсіпкер Арман Әбділдаевтың айтуынша, отандық минералды тыңайтқыштардың елімізде сұранысқа ие болмауының себебі – жоғары бағада емес, минералды тыңайтқыш түрлерін көптеп шығаруға ықылас танытпауда. Мысалы, «Қарметкомбинат» металл қалдығынан тек қана сульфат-аммоний шығарады, тыңайтқыштардың түрін көптеп шығару – зауыттың міндеті емес деп біледі. Ал Өзбекстанда аммиак селитрасымен қоса карбамид, КАС (карбамид-аммиак қосындысы) өндірілсе, «ҚазАзот» аммиак селитрасынан басқа ештеңе шығармайды. «Мемлекеттік индустриялық бағдарлама бойынша «Қазфосфат» жылына 500 мың тонна фосфор калий шығаратын цех ашты. «ҚазАзоттың» карбамид немесе КАС шығаратын мүмкіндігі бар. Олар осы мүмкіндікті неге пайдаланбайды? Биотехнологияның мүмкіндігі минералды тыңайтқыштарға да жетті. Құстың саңғырығы, шөптің шіріндісі тәрізді табиғаттың қойнауында жатып қорытылған органикалық заттардан тыңайтқыш дайындауға мүмкіндік бар. Әлем химия емес, биорганикалық тыңайтқыштарға басымдық бере бастады. Қазақстанда биорганикалық тыңайтқышқа сұраныс өте жоғары», дейді А.Әбілдаев.
Кәсіпкердің айтуынша, Ресей, Украина және Өзбекстандағы ірілі-ұсақты минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыттардың Қазақстанда сауда нүктелері бар. Олар осы арқылы маусым кезінде Қазақстанның алыс аймақтарына барып, өнімдерін жарнамалай алады. Сондай-ақ өнімдерін өткізу үшін фермерлермен келісімдік шешімдерге баруға дайын. Мысалы, аймақтық деңгейде семинарлар өткізеді. Семинарға қатысқан фермерлердің аты-жөндерін жазып алып, оларға өз өнімдерін сынама ретінде пошта арқылы тегін жібереді. Жыл бойы байланыстарын үзбейді.
Ғаламторда шетелдік минералды тыңайтқыш шығаратын зауыт диллерлерінің Қазақстаннан нарық көзін іздеген жазбаларынан көз сүрінеді. 2018 жылы Қазақстанда шығарылған минералды тыңайтқыштарды сатып алуға мемлекет тарапынан 13 млрд теңге бөлінді. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 2 млрд теңгеге көп. Экономика ғылымдарының докторы, профессор Мырзакелді Кемел Қазақстан тыңайтқышты ең аз пайдаланатын елдердің қатарында екенін айтады. Минералды тыңайтқыштардың бәріне «химия» деп шошып қарайтын сенімсіздік синдромы көп көкейінен сейілмей тұр. Ел арасындағы «минералды тыңайтқыш өнімнің табиғи құрамын бұзып жібереді» деген сөздің де әсері болуы әбден мүмкін.
Мақта, жоңышқа, жеміс-жидек тұқымы, тыңайтқыш оңтүстікте Өзбекстан мен Қытайдан, солтүстікте Ресейден келеді.
«КСРО кезіндегі ауыспалы егістікті ұмыттық. Бұл жүйе жердің құнарын бір қалыпта сақтауға мүмкіндік беретін. Ал қазір оған орала алмаймыз. Себебі жерді пайдалану құқын меншік иелері шешеді. Жерді демалдырмаса, құрамындағы калий, азот түрі азаяды. Біз минералды тыңайтқыштар арқылы оның орнын толықтырып отырамыз. Қазіргі жағдайда жердің органикалық құрамы төмендеп кеткендіктен, өнімділік азайып барады. Мұны оңтүстік пен солтүстіктегі көршілеріміз көріп, өз пайдасына жұмыс істетіп жатыр», дейді М.Кемел.
Ол сонымен бірге жерге қалыпты мөлшерден көп тыңайтқыш ендіруге болмайтынын ескертті. Біздің жағдайымызда әр гектарға тым болмаса 10 килодан, жылына екі рет енгізу керек. Бұл «ҚазАзот», «Қазфосфат» сияқты ірі кәсіпорындардың жұмыс қуатын 150 пайызға дейін көтеруге және жыл бойына тоқтаусыз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Еліміз жыл сайын 400 мың тонна аммиакты селитра, 225 мың тонна фосфор шығарады. Өнімдері ішкі нарық үшін бағасы қымбат болғандықтан экспортқа кетеді. Біз калийді бүгінге дейін Ресейден, «Уралкалий» компаниясынан аламыз. Қазақстанда калий шығаруға мүмкіндік бар. Тек оның өнім түрін көбейтіп, дистрибуциялық желілерді ашу керек. Егер шығарылатын өнім түрлерін екі есеге дейін көбейтсек, өз қажетімізді өзіміз өтей аламыз», дейді М.Кемел.
Минералды тыңайтқыштар шығаратын кәсіпорындардың толық қуатында жұмыс істеуіне жол бермей тұрған кедергілер қолдан жасалып отыр. «Шетелдік тыңайтқыштарға берілетін субсидияны азайтып, соның есебінен отандық өнімдерге берілетін субсидияны көбейтсе, оның бағасына да, өнім түрлерінің көбеюіне де әсер етер еді. Ең бастысы, ғалымдардың жобаларын зауыт зертханаларында сынап көруге мүмкіндік туады. Біздің негізгі импортерлеріміз ДСҰ мүшелігіне қарамастан, өз өнімдерін ашық түрде қорғайды, ішкі нарықта сырттан келген өнімдердің үстем болып кетуіне жол бермейді», дейді экономист-ғалым.
Ол сонымен қатар қазақстандық өнім өндірушілерде диллерлік жүйе әлсіз дамығанын тілге тиек етті. Өнімді жартылай ғана өңдеп, экспортқа шығару үшін диллердің түк те қажеті жоқ. Бұл жүйе – сол өнімнен бес-алты түрін дайындап, оны ішкі нарыққа шығару үшін керек.
«Ерте көктемде, жер көбесі сөгіле салысымен Ресейден, Қытайдан диллерлер қаптап кетеді. Еліміздің оңтүстігі – берісі Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары өзбекстандық тыңайтқыш шығаратын кәсіпорындардың еншісінде. Сондықтан бұған еліміздің ауыл шаруашылығы университеттерінің түлектерін тартуға болады. Басты әрекетті өз нарығымызды өзімізге қайтарудан бастау керек. Бұл фактор шағын және орта бизнеске қосымша тыныс береді. Біздің жағдайымызда мұның өзі бізге үлкен салмақ болып тұр», дейді М.Кемел.
АЛМАТЫ