Қоғам • 07 Маусым, 2019

Салтанаттың сутаж өнері

879 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Барлық адамның бойында жасырынып жатқан бір өнер бар. Бұл қабілет түрлі жағдайда «тіріледі». Оны тіршілік, сүйіспеншілік, сағыныш, тіпті кейде мұқтаждық та оятады.

Салтанаттың сутаж өнері

Заманға бейімделген қыз-келіншектеріміздің құрақ құ­рауға, текемет басуға, бір қарыс жіп­сіз-ақ, жүннен тамаша киім үлгілерін жасауға деген құл­шыныстары қайта оянғанын көріп жүрміз. Он саусағынан өнері тамған замандастардың ісмерлігі тәнті болуға тұрарлық. Даралыққа бастайтын бұл өнер талай дарынды абыройға бөлеп, асырап отыр.

Жібек, алтын, күміс түсті жіп­термен зерленіп, асыл, табиғи тастармен көмкеріліп жасалатын сутаж өнеріне ден қойған Салтанат бала күнінен өнерге жақын болды. 7-8-сыныпта оқып жүргенде қаладағы туыстарының үйіне қыдырып келіп, ауылды сағынып салатын суреттері әлі жадында. Салтанаттың сал­ған су­реттерін көрген немере әп­кесі анасына «Қызыңыз сурет­ті жақсы салады екен, дизайн ма­мандығына оқытқаныңыз жөн», – деп ке­ңес берген. Ұлттық бір­ың­ғай тестілеуден үріккен сол кезең­дегі талай оқушы сияқты, Сал­танат та 9-сыныпты бітіріп, колледжге құжат тапсыруға ше­шім қабылдайды. 

Анасы бұл шешімін құптап, екеуі Алматыға келіп Орал Таң­­­сықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжіне құжат тапсырды. Салтанат өз ма­мандығын таңдауда қа­телеспепті, арнайы сурет мек­тебін бітіріп келген ұл-қыз­дар­дан қалмай, «Сәндік театр өнері» мамандығы бойынша колледжді үздік бітіріп шықты. Өз ісіне мығым, бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын қазақ­тың қаршадай қызы бұдан әрі оқуын «Сымбат» сән академия­сында жарнама дизайны маман­дығы бойынша жалғады.

Қазір Салтанат Амангелді­қызы тұрмыста. Өскен-өнген үл­кен әулеттің ибалы келіні. Жұбайы Ерік Дүйсембаев Қа­зақ­­тың М.Әуезов атындағы мем­лекеттік академиялық драма театрында қоюшы-суретші. Салтанат өз мамандығы бойын­ша емес, ауруханада жұмыс істеп жүрсе де, сүйікті ісін тастамай ел ішінде сутаж деп аталып кеткен қолөнермен айналысып, қыз-келіншектерге арнап түрлі әшекейлер жасап жүр. Жасаған әшекейлері көздің жауын алады. Олардағы түстердің үйлесімі мен талғам нәзіктігі адамды бір­ден бау­райды. «Шебердің қолы ор­тақ» деген халқымыз да­рын­ды адамның заман ағы­мы­на сай түрленген өнердің бар­лығын меңгере алатынын болжаса керек. Салтанат та заман ағымына сай, жаңа өнер түрін өз күшімен меңгеріп, өз қиялымен әшекейлердің дизайнын тудырады. Оның қолынан шыққан заттар кіп-кіш­кентай болғанмен, оны жасау үшін темірдей төзім мен иненің көзінен өткендей ыжда­ғат­тылық керек екенін аңғару қиын емес. 
Ендеше, бүгін Салтанаттың шебер қолы мен ұшқыр қия­лынан шыққан әшекейлермен танысыңыздар.