Қоғам • 07 Маусым, 2019

Жоғары білім лидерлері бас қосты

788 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада Жоғары білім беру көшбасшыларының VIII еуразиялық форумы (EHELF) басталды. Жыл сайын ұйымдастырылатын ауқымды шараға жиналған шетелдік және отандық сарапшылар «Болашақ талабына сай түлектер» тақырыбын талқылады. Форумға 12 елден 300-ге жуық делегат қатысты.

Жоғары білім лидерлері бас қосты

Жиынның ашылуында сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова қонақтар мен қатысушыларды құттықтап: «Цифрлы қоғам мен білім экономикасы бар жаңа жаһандық өркениет туындауда және біздің еліміз осы уақыт талаптарына сай болуы керек. Ал жастар еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы болуы тиіс», деді. Г. Әбдіқалықова форум магист­ральды идеялар мен адами капи­талды дамыту жобаларын әзірлеу­дің жүйелік алаңына айналғанын атап өтті. Премьер-Министрдің орынбасарының айтуынша, мемле­кет­тік саясаттағы басымдық­тар­­дың бірі – білім беруді дамыту. Қазір көп­деңгейлі жүйе жұмыс істеу­де, сондай-ақ заң­нама­лық база жетіл­дірі­луде. Үде­мелі дамудың бірден бір куәсі – жоғары оқу орындары санының 131-ге дейін артуы. Онда 540 мыңнан астам студент білім алып жатыр.

Өз кезегінде сөз алған Назарбаев Университет президенті Шигео Катсу бүгінде біздің өзгермелі, күт­пеген, күрделі және бір мәнді емес әлемде өмір сүретінімізді еске салды. «Біз сандық прогресс, компьютерлік технологияларды дамыту, жасанды интеллект, big data дәуірінде өмір сүреміз. Жасанды интеллект жүйесі бір жағынан адам ресурстарын ауыс­тыратын дәуірде, бірақ екінші жағынан жаңа мамандықтар үшін қажеттілік туғызады. Әлем өзгеріп жатыр, сондықтан бізге, жоғары оқу орындарына, студенттерге біздің клиенттеріміз ретінде ұсынатын қызметтерді жақсарту үшін форум тақырыбына қойылған сұраққа жауаптарды анықтау маңызды», деп атап өтті.

Айта кетейік, екі күнге созылатын форум аясында спикерлермен пікірталас және сұхбат ұйымдастырылды. Онда пленарлық сессияларға қатысушылар жоғары оқу орындарының студенттерді еңбек нарығының өзгермелі сипатына бейімдеп даярлау, сондай-ақ болашақ көшбасшылар мен жауапты азаматтардың әлеуетін дамыту мүмкіндігін талқылады. Форумдағы кездесулер мен пікір алмасу арқылы халықаралық сарапшылар мен отандық мамандар арасында өзара тәжірибе алмасу көзделген.