01 Ақпан, 2013

Дүбірге толы дүние

264 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Дүбірге толы дүние

Жұма, 1 ақпан 2013 6:57

Жаңа президент бұрынғылардай бола ма?

Чехияда президенттік сайлаудың екінші турында елде бұрын үкіметті басқарған Милош Земан жеңіске жетті. Ол соңғы турда өзіне қарсылас болған бірінші вице-премьер, сыртқы істер министрі Карел Шварценбергті 10 пайыздай айырмашылықпен жеңді.

 

Жұма, 1 ақпан 2013 6:57

Жаңа президент бұрынғылардай бола ма?

Чехияда президенттік сайлаудың екінші турында елде бұрын үкіметті басқарған Милош Земан жеңіске жетті. Ол соңғы турда өзіне қарсылас болған бірінші вице-премьер, сыртқы істер министрі Карел Шварценбергті 10 пайыздай айырмашылықпен жеңді.

Бұл жолғы сайлаудың үлкен ерекшелігі бар. Бұрын бұл елде пре­зидент парламенттің қос па­ла­тасының бірлескен мәжілісінде сайланса, енді президентті халық ті­ке­лей сайлап отыр. Содан да олар­дың өкілеттігі жоғары деуге болады.

Жалпы, бұл елде президенттік институттың орны бөлектеу. Конституция бойынша ел парламент­тік демократияны ұстанып, бұл лауазымға негізінен ресми мін­дет­тер атқару жүктелсе де, жаңа кезеңде президент болған қай­раткерлер ел өмірінде, тарихында айтарлықтай із қалдырды. Айта­лық, Чехословакиядағы 1989 жыл­ғы «Жұмсақ революцияның» жетекшісі болған жазушы Вацлав Гавел 1993 жылы ел екіге бөлін­генде, жаңа Чехияның алғашқы президенті болып сайланды. Конституция бойынша оған ресми міндет атқару жүктелсе де, елдің демократиялық жолға түсуінде ол шешуші тұлға болды. Тек өз елін­де ғана емес, бүкіл Еуропа­дағы, қала берді әлемдегі беделді тұлғаға айналды. Өзіне деген ха­лықтың құрметіне бөленіп, ол ел­ді екі мерзім – он жыл бас­қарды.

Қазіргі президент Вацлав Клаус та (оның өкілеттігі биылғы 7 нау­рызда бітеді) екі мерзім ел би­лігі тізгінін ұстап, өзінің «міне­зімен» жұрт есінде қалды. Чехия Еуропа қауымдастығына кірге­ні­мен, Клаус интеграцияның тым тереңдеуіне қарсылық білдіріп отырды. Сол үшін оған «еуроскептик» деген сипаттама да бе­рілді. Бұл Еуропа қа­уымдаст­ы­ғының басшыларына да, ел ішіндегі біраз қайраткерлерге де ұнаған жоқ. Ал оны ұнатқандар да аз емес еді. Ел сыйлады.

Бұлардың орнын басқысы кел­гендер де аз болмаған – тоғыз адам сайлау күресіне қосылды. Олар­дың ішінде басқалардан шоқ­тығы биік тұрған тұлға болмады. Алға­шында күрес екі экс-премьер Милош Земан мен Ян Фишер арасында өтер делінген. Сірә, Фишерге оның компартия қатарында бол­ғаны кедергі кел­тірді. Соның салдарынан жастар арасында қолдау­шысы көбірек болған Шварценберг екінші тур­ға өтті.

Земанды ауылдық жердегілер көбірек қолдапты. Сарапшы­лар­дың айтуларына қарағанда, ауыл­дағыларға жаңа президенттің қа­рапайымдылығы, дәмді тағамға құмарлығы ұнаса керек. Сондай-ақ, оны қазіргі президент Клаус­тың еуроскептиктік саясатын сынаушылар да қолдаған. Ең қызы­ғы – Клаус та өз саясатын бел­сен­ді сынаушы болған Земанды жақтаған көрінеді.

Ал Земанның өзіне келсек, келесі жылы 70-ке толатын ол саясатқа ертерек араласқан. 24 жа­сында компартияға өтіп, екі жылдан кейін елге Варшава шарты әскерінің кіргеніне қарсылық білдіремін деп, партиядан шығып қалады. 1993 жылдан социал-демократиялық партияны басқа­рады. 1998-2002 жылдарда – премьер-министр, 2003 жылы прези­денттік сайлауға түсіп, Клаустан жеңіліп қалды.

Елдің бұрынғы президенттері беделді болды. Земанға бұл да сын.

 

Сыртқы саясат елдің келбетін көрсетеді

 АҚШ-та мемлекеттік хатшы ауысады. Парламенттің жоғарғы палатасы бұл қызметке белгілі саясаткер Джон Керриді бекітті. Ол елдің қазіргі тарихындағы тағы бір белгілі қайраткер Хиллари Клинтонды алмастырады.

Мемлекеттік хатшы сыртқы саясат мекемесінің басшысы са­нал­ғанымен, бұл елде бұл қызмет бас­қа елдердегі сыртқы істер минис­трінен көш биік.  АҚШ-та вице-пре­зидент қызметі де бар. Бірақ, жұрт президенттен кейін көбіне мем­лекеттік хатшыны кө­реді. Жалпы, бұл елдің тарихында вице-президенттер жұрт­тың есін­де қала бермейді, ал жұрт ұмыт­пайтын мем­­лекеттік хатшылар жетерлік. Әріге бармай-ақ, Бзежинский, Кис­­синджер, Олбрайт, Райс, Хиллари Клинтонның аттарын айт­қан­да, біраз әлемдік оқи­ғалар ойға оралады.

Бұл елдегі жақсы дәстүр – жетекші кадрлар жиі ауыспайды. Ынтымақта жұмыс істеп жатады. Сірә, оларды ел мүддесі жақын­дастырса керек. Енді бұрынғы бас хатшы саналатын Хиллари Клинтон партия ішінде Барак Обамамен қарсылас болды. Бұл күресте Обаманың жолы болған­нан кейін, ол өз партияласының тілеулесіне, серігіне айналды. Ал Обама билікке келгенде, оның үлкен саясаттағы оң қолы болды. Бір мерзім бойында сыртқы саясатын жүзеге асырды.

Керридің келуі де кездейсоқ емес. Мынау бүгінгідей әлемде болып жатқан үлкен саяси, эко­номикалық өзгерістер заманында АҚШ-тай супердержаваның саясатын көрнекті тұлғалардың ұс­таға­ны бұл елге ғана емес-ау, басқа­ларға да қажет. Керри үлкен саясатта белгілі адам. Президент­тік күреске де қосылғаны бар. Соңғы екі сайлауда ол Барак Обамаға үлкен қолдау көрсетті. Бүгінгі үл­кен қызметке ұсыныс­ты прези­дент­тің сол қолдауға қай­тарымы деп қабылдамаған жөн. Бұл, ең алдымен, Керридің қайраткерлік қа­рымына баға десек ләзім.

Енді жаңа мемлекеттік хатшы қандай бағытты ұстанады дегенде, саясатшылардың жауабы бел­гілі – Барак Обаманың бағдарла­масы. Бәлкім, кейбір мәселелерге басымдау назар аударылар. Ішкі де, сыртқы да саясаттың уақыт­тың талабымен біршама өзгере­тіні бар. Бірақ, негізгі бағыт айнымайды – АҚШ әлемдік экономикада да, әлемдік саяси өмірде де жетекші ықпалды күш болып қалуға тиіс.

Соңғы кезде, Керридің мем­хат­шылыққа баратыны белгілі бол­ғалы бері, оның «сыртқы саясат – экономикалық саясат» деген сөзі ауызға көп алынып, мәтелге де айналғандай болып жүр. Оны әр­кім де айтуы мүмкін, бірақ сырт­қы саясат тізгінін ұстайтын адам айт­қанда, ол жаңа бір мәнге ие болатындай. АҚШ-тың сырт­қы саясаты ел экономикасына қызмет етеді.

Жұрт президентке үміткер Ромнидің сайлау науқанындағы күшке негізделген пікірлерін ұмыта қойған жоқ. Ал Обама Батыс пен Шығыстың арасындағы, ислам әлемімен байланыста өз­ара сенімге көбірек көңіл аудар­ғаны белгілі. Осы бағыт жалға­суға тиіс. Тіпті, Ресейдегі соңғы кездегі АҚШ-қа қарсы даңғаза айқайға қарамай, бұл елдің Ресеймен де, Қытаймен де тіл та­бысуға ұмтылатыны аңғарылады.

АҚШ-тың сыртқы саясаты дегенде, ешкім де Ираннан аттап кете алмайды. Бұл жөнінде Керри өз ойын ашып айтты: Обама мәселені дипломатиялық жолмен шешуді қалайды екен, ал өзі де оны қолдайды. Соғыс АҚШ-қа да керек емес. Әсіресе, үлкен соғыс, ядролық қарумен соғыс. Иранға байланысты саясат сол үлкен со­ғыстың алдын алуға бағытталған.

Араб дүниесіндегі, Таяу Шы­ғыстағы жағдай, әсіресе, Сирия­дағы қантөгіс жаңа мемхатш­ы­ның біраз ұйқысын шалалайтыны анық. Обаманың кезінде бұл жағ­дайларға АҚШ күшпен араласқан жоқ. Белсенді дипломатиядан нәтиже күтіп отыр. Сол дипломатияны енді Джон Керри жүргізеді.

Мамадияр ЖАҚЫП,

«Егемен Қазақстан».