07 Маусым, 2019

Алмас Сырғабаев. Ұмытуға болмайды

1851 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық музейде суретші-кескіндемеші Алмас Сырғабаевтың «Жоқ, ұмытуға болмайды!» атты шығармашылық көрмесі өтіп жатыр. XX ғасырдың 20-50-жылдарындағы жаппай саяси қуғын-сүргін тақырыбына арналған экспозиция жүрек түкпіріндегі ең бір аяулы сезімдерге қозғау салады.

Алмас Сырғабаев. Ұмытуға болмайды

Көрмеге аяқ басқан адам ең әуелі қақ ортаға құрылған темір торға келіп тіреледі. Ал оның арғы жағынан қисая шөккен балбал тас көзге шалынады. Автор бұл көріністі мың жылдықтардан жеткен ұлттық мәдениетімізді жойып жіберуге бағытталған тоталитарлық жүйенің, большевиктік шаралардың бастауы деп түсіндіреді. Тарихқа үңілсек, 1937 жылғы 15 тамыздағы КСРО-ның ІІХК-ның № 00486 бұйрығы «Отанын сатқандардың» отбасы мүшелеріне қарсы жаппай қуғын-сүргінді бастауға мұрындық болды. Төбеңізден төніп тұрған тұтқындар азаптаудың күштілігі жағынан «Даладағы тамұқ» атанған осынау лагерлердің таршылықты тұрмысынан хабар беретіндей. Жер жыртып, қамыс орғанан тарамыстанған қарулы білек салдырап бос қалыпты, әне-міне соңғы демі үзіліп кетердей екі иінінен күрсіне дем алады.


– Астанаға алғаш келгенімде жолдастарым астанаға таяу жердегі Ақмол ауылындағы «Алжир» мемориалды-музей кешеніне алып барды. Сол жерден халықтың қуғын-сүргін жылдарындағы қиын-қыстау тағдырына қатысты мол дерекке жолықтым. Осыдан кейін шығармашылығым жүрмей қойды, бес жыл бойы терең толғаныста жүрдім. Ақыры қасіретті жылдар тақырыбына қатысты пайымымды осылай жеткізуді жөн көрдім, – дейді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Алмас Сырғабаев.

Кенеп бетінде күрделене түскен қара, қызыл, ақ түстердің буырқанысы суретшінің жан тебіренісін анық аңғартады. Композиция формасындағы қарапайым анықтық қуғын-сүргіннің өзге де жан түршіктірерлік көріністерімен беттестіреді: аштықтан көмусіз қалғандардың ақ сөңке сүйектерін аралай жорғалаған жылан кейпіндегі ажал ысылы, бұғаудағы сұрықсыз, азапты өмірдің тозағы менен мазағы қасіретті жылдардың азалы күйін шертеді. Тұтқындағы шерлі ананың отырысынан «Абақтыда айдан, күннен жаңылдым, Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым» деген мағжандық сарын күңірене естілгендей. «Қанша зобалаңды бастан өткерген қазақ халқының зары мен мұңы бүгінгі ұрпақтың құлағында қалып, жүрегінде сақталуы тиіс», деген суретші адам жаны мен ұлт тағдыры көркемөнердің берік ұстыны болуы керектігін айтады.

Алмас Болатханұлы 1979 жылы Алматы облысы Райымбек ауданында дүниеге келген. Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінде білім алған. Республикалық «Ұлан» балалар мен жасөспірімдер газетінде көркемдеуші редактор болып қызмет атқарған. «Диалог Еуразия» платформасының ұйымдастыруымен Түркия мемлекетінің үш қаласында (Ыстанбұл, Бурса, Измир) шығармашылық көрмелері ұйымдастырылды.