Өйткені жастар ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге бейім, масылдық пиғыл басым, қоғамдық пайдалы іске ынтасыз, құлықсыз деген секілді айыптаулар жиі айтылатындықтан кейде таразы басы қай жаққа ауатынын білмей дал боласың. Жаһандық бәсекелестік жағдайында бұл буынның арасында шынайы өндірістік еңбектің қадірі төмендеп, беделі түскендей көрінгенімен, шын мәнінде олай емес екеніне Ж.Қизатов атындағы ауыл шаруашылығы колледжінде өткен «Жас келсе – іске!» атты ауылдың еңбекші жастарының республикалық форумында жауап тапқандай болдық. Салалық кәсіподақ қызметкерлері, әлеуметтік әріптестер, Ақмола, Қостанай, Қызылжар өңірлерінен жиналған делегаттар алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым Жастар жылы аясында ұйымдастырылып отырған үнқатысу алаңының мән-маңызына тоқталып, өмірлік еңбек ұстанымдарын, ынталандыру қағидаттарын қалыптастыру, жаңа мамандықтарды меңгеру, тоғышарлық психологиядан арылу, заңды құқықтарын білу мәселелері бойынша ашық талқылауға бір кісідей қатысып, ұсыныстар айтуға шақырды. Еліміздің қоғамдық өмірінде, нақты экономика саласында жастарымыздың алатын орны зор. Біз кәсіподақ тарапынан қордаланған түйткілдер мен кедергілерді жоюға әр кез көмектесіп отырамыз. Федерацияға 2 миллионға жуық адам мүше болса, үштен бірі – жастар. Олардан белсенді іс-қимыл, бәсекеге қабілеттілік қарымын күтеміз, деді ол.
Ақмола облысынан келген Дәулет Есқақов кадр тапшылығын теріскей аймақтардағы өзекті мәселелердің қатарында атады. Ол жас мамандардың тұрақтамауын әлеуметтік жағдайлардың толыққанды жасалмауымен байланыстырды. Ауыл жастары жеке кәсіп құруға, шағын бизнеспен айналысуға ниеттенгенімен шарасыз. Себебі несие алайын десе, кепілге қоятын дүние-мүлкі жоқ. Екіншіден, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы орныққан жастар үшін баспана сатып алуға берілетін қаражаттың көлемін 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтқан дұрыс. Қазір нарықтағы үйлердің бағасы қымбат. Үшіншіден, өндірістік тәжірибеге келген студенттер ішкі жаңалықтардан хабарсыз болып жатады. Сондықтан үйретуші тәлімгерлер, кураторлар тағайындау дәстүрін қайта жаңғыртқан жөн.
Петропавлдағы І.Дәуітов атындағы қызмет көрсету саласы колледжінің студенті Снежана Бельдің айтуынша, техникалық білім беру ұйымдарында материалдық-техникалық база ескірген, жаңалауды қажет етеді. Тіпті қарапайым құрал-жабдықтардың өзі қат. Заманауи құрылғыларды қалай пайдалануды білмегендіктен кәсіби білім кемшін түсіп жатады. Өндірістік тәжірибеден өткендерге еңбекақы төлеу ұсынысы да аяқсыз қалып келеді. Осы жағынан жұмыс берушілерді міндеттейтін пәрменді шара керек секілді. Қостанай облысы С.Баймағамбетов атындағы Әулиекөл мектеп-гимназиясының мұғалімі Анастасия Жукова шетелдерде тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берілсе деген өтінішін айтты. Мен ағылшын тілін үйрену курсынан өттім. Білімімді одан әрі жетілдіргім, толықтырғым келеді. Сырт жерлерде білім берудің, оқытудың тың тәсілдерімен танысу артықтық етпес еді, деді жаңашыл ұстаз.
Жиналғандар ауыл шаруашылығы саласының нағыз кәсіп иесі, Уәлиханов ауданы «Жолдасбай-Агро» ЖШС-нің бақташысы Рауан Бралиннің сөзін ұйып тыңдады. Төгілген тердің өтеуі ретінде кеудесінде ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені жарқырайды. Ол бар бақытын ауылдан тауып, кәсіби біліктіліктің озық өнегесін көрсетіп келеді. «Еңбек етсең емерсіңнің» бір мысалы! Республикалық ауыл шаруашылығы ардагерлері кеңесі басқармасының төрағасы Михаил Трошихин, «Akademy of labour relations» мекемесінің бас директоры Бибігүл Нұрашева, Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіподақтар бірлестігінің жетекшісі Ерік Нұрақаев, жергілікті кәсіпкерлер палатасының директоры Дархан Қалиев, тағы басқалар жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздерінде жас мамандардың еңбек жолында кездесетін кедергілерді еңсерудің жолдарын ортаға салды.
Есіл ауданы «Азия-Тораңғұл» ЖШС-нің басшысы А.Гольцердің жастарға деген қамқорлығы өзгелерге үлгі етілді. Мұнда ондаған баспана, фельдшерлік-акушерлік пункт тұрғызылып, мәдениет үйі қалпына келтіріліпті. Мамандарды қысқа мерзімді курстарда оқытып, шеберлігін жетілдіру мақсатымен жылына 1,5 миллион теңге бағытталады. «Ақселеу», «Нежинка-Ерке», «Мәмбетов және К», «Гусаковка», «Қос ағаш» секілді шаруашылықтарда да жас мамандар үшін бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған.
Б.Әбдірайым кәсіподақтар қозғалысының белсенділеріне 300 мың теңгенің ақшалай сертификаттарын табыс етті.