Қоғам • 07 Маусым, 2019

Еңбек – бәрін де жеңбек

1990 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейінгі толқынды еңбекке тарту, ынталандыру жайы қалай деген сауал қойылса, күмілжіп қалатынымыз рас.

Еңбек – бәрін де жеңбек

Өйткені жастар ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жү­ру­ге бейім, масылдық пиғыл басым, қоғамдық пайдалы іске ынтасыз, құлықсыз деген секілді айыптаулар жиі айты­латындықтан кейде таразы басы қай жаққа ауатынын білмей дал боласың. Жаһандық бәсекелестік жағдайында бұл буынның арасында шынайы өнді­­рістік еңбектің қадірі тө­мен­­деп, беделі түскендей кө­­рін­­генімен, шын мәнінде олай емес екеніне Ж.Қизатов атындағы ауыл шаруашылығы колледжінде өткен «Жас келсе – іске!» атты ауылдың еңбекші жастарының республикалық форумында жауап тапқандай болдық. Салалық кәсіподақ қызметкерлері, әлеуметтік әріптестер, Ақмола, Қостанай, Қызылжар өңірлерінен жинал­ған делегаттар алдында сөй­ле­ген сөзінде Қазақстан кәсіп­одақ­тар федерациясының тө­ра­ғасы Бақытжан Әбдірайым Жастар жылы аясында ұйым­дас­тырылып отырған үнқатысу алаңының мән-маңызына тоқта­лып, өмірлік еңбек ұста­ным­дарын, ынталандыру қағи­дат­тарын қалыптастыру, жаңа маман­дықтарды меңгеру, тоғы­шар­лық психологиядан арылу, заңды құқықтарын білу мәсе­лелері бойынша ашық талқы­лау­ға бір кісідей қатысып, ұсы­­­ныстар айтуға шақырды. Елі­­міздің қоғамдық өмірінде, нақты экономика саласында жас­тарымыздың алатын орны зор. Біз кәсіподақ тарапынан қордаланған түйткілдер мен кедер­гілерді жоюға әр кез көмек­те­сіп отырамыз. Федерацияға 2 миллионға жуық адам мүше болса, үштен бірі – жастар. Олардан белсенді іс-қимыл, бәсекеге қабілеттілік қарымын күтеміз, деді ол.

Ақмола облысынан келген Дәулет Есқақов кадр тапшылығын теріскей аймақтардағы өзекті мәселелердің қатарында атады. Ол жас мамандардың тұрақ­тамауын әлеуметтік жағдай­лар­дың толыққанды жасалмауымен байланыстырды. Ауыл жастары жеке кәсіп құруға, шағын бизнес­пен айналысуға ниеттенгенімен шарасыз. Себебі несие алайын десе, кепілге қоятын дү­ние-мүлкі жоқ. Екіншіден, «Дипломмен – ауылға!» бағдар­ла­­масы арқылы орныққан жас­тар үшін баспана сатып алуға берілетін қаражаттың көлемін 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтқан дұрыс. Қазір нарықтағы үйлердің бағасы қымбат. Үшіншіден, өндірістік тәжірибеге келген студенттер ішкі жаңалықтардан хабарсыз болып жатады. Сондықтан үйретуші тәлімгерлер, кураторлар тағайындау дәстүрін қайта жаңғыртқан жөн. 

Петропавлдағы І.Дәуітов атындағы қызмет көрсету саласы колледжінің студенті Снежана Бельдің айтуынша, техникалық білім беру ұйымдарында ма­териалдық­-техникалық база ескір­ген, жаңалауды қажет етеді. Тіпті қарапайым құрал-жаб­дық­тардың өзі қат. Заманауи құрылғыларды қалай пайдалануды білмегендіктен кәсіби білім кемшін түсіп жатады. Өндірістік тәжіри­беден өткендерге ең­бек­ақы төлеу ұсынысы да аяқ­сыз қалып келеді. Осы жағы­нан жұмыс берушілерді мін­дет­тейтін пәрменді шара керек секілді. Қостанай облысы С.Баймағамбетов атындағы Әулиекөл мектеп-гим­на­зия­сы­ның мұғалімі Анастасия Жукова шетелдерде тәжірибе жинақ­тау­ға мүмкіндік берілсе деген өтінішін айтты. Мен ағылшын тілін үйрену курсынан өттім. Білімімді одан әрі жетілдіргім, толықтырғым келеді. Сырт жер­лерде білім берудің, оқы­ту­дың тың тәсілдерімен танысу артықтық етпес еді, деді жаңашыл ұстаз.

Жиналғандар ауыл шаруа­шы­лығы саласының нағыз кәсіп иесі, Уәлиханов ауданы «Жолдасбай-Агро» ЖШС-нің бақташысы Рауан Бралиннің сөзін ұйып тыңдады. Төгілген тердің өтеуі ретінде кеудесінде ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені жарқырайды. Ол бар бақытын ауылдан тауып, кәсіби біліктіліктің озық өне­гесін көрсетіп келеді. «Ең­бек етсең емерсіңнің» бір мысалы! Республикалық ауыл шаруашылығы ардагерлері кеңе­сі басқармасының төрағасы Михаил Трошихин, «Akademy of labour relations» мекемесінің бас директоры Бибігүл Нұра­ше­ва, Солтүстік Қазақстан облыс­тық кәсіподақтар бір­лес­­тігінің жетекшісі Ерік Нұра­қа­ев, жергілікті кәсіпкерлер пала­та­сының директоры Дархан Қалиев, тағы басқалар жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздерінде жас мамандардың еңбек жолында кездесетін кедер­гі­лерді еңсерудің жолдарын ортаға салды. 

Есіл ауданы «Азия-То­раң­ғұл» ЖШС-нің басшысы А.Гольцердің жастарға деген қамқорлығы өзгелерге үлгі етіл­ді. Мұнда ондаған баспана, фельдшерлік-акушерлік пункт тұрғызылып, мәдениет үйі қалпына келтіріліпті. Маман­дарды қысқа мерзімді курс­тар­да оқытып, шеберлігін жетіл­ді­ру мақсатымен жылына 1,5 миллион теңге бағытталады. «Ақселеу», «Нежинка-Ерке», «Мәмбетов және К», «Гуса­ков­ка», «Қос ағаш» секілді шаруа­шы­лықтарда да жас мамандар үшін бірқатар әлеуметтік жеңіл­дік­тер қарастырылған. 

Б.Әбдірайым кәсіподақтар қозғалысының белсенділеріне 300 мың теңгенің ақшалай сертификаттарын табыс етті.


Солтүстік Қазақстан облысы