Қоғам • 07 Маусым, 2019

Ант қабылдады

1170 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1992 жылы жасақталған Қазақстан Республикасы Президентінің күзет қыз­ме­ті мен Республикалық ұлан қосылу жолымен 2014 жылғы 21 сәуірде Қазақстан Рес­­публикасының Мем­ле­кет­тік күзет қызметі болып қайта құрылған бола­тын. Әскери өмірдің айна­сына айналған қуат­ты құрылым 27 жыл қата­ры­нан ел игілігі мен қоғам қауіпсіздігі жолында табанды түрде қызмет етіп ке­леді. Ширек ғасыр бо­йы өз жұмысын мінсіз атқар­ған Мемлекеттік күзет қыз­ме­тінің қатары биыл да жас сар­баздармен толығып отыр.

Ант қабылдады

Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін еліміздің әр өңірінен іріктелген 285 жас сарбаз Алматыдағы 0111 әскери бөлімінде салтанатты түрде әс­кери ант қабылдады. Бұл рәсім әскерилер үшін ерекше жо­рал­ғы саналып, сарбаздардың бойын­да­ғы патриотизм, Отанға және Президентке адал болу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мем­лекеттік күзет қызметінің қата­рында адал қызмет атқару тәріз­ді қасиеттерге тәрбиелейді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне Мем­лекет басшысының, күзеті­ле­тін адамдар мен объектілердің қауіп­сіздігін қамтамасыз ету, мем­лекеттік эталондарды күзету және мемлекеттік-протоколдық іс-шараларға қатысу жөніндегі маңызды және жауапты миссия жүктелген. Салтанатты рәсімде ант қабылдаған сайдың тасын­дай сарбаздар бұл міндет­тердің салмағын анық сезі­не­тіндей. 

Мемлекеттік күзет қызметі бас­тығының орынбасары – объек­тілер қорғау қызметінің бас­шысы генерал лейтенант Мұхтар Аюбаев салтанатты шара барысындағы алғы сөзінде: «Сіз­дердің қызметтеріңіз әрбір қазақстандық отбасының ты­ныш­­тығы мен ертеңгі күнге де­ген сенімділігінің кепілі. Бұл жерде нағыз жауынгер болып шың­даласыздар. Отанды рия­сыз сүю дәл осы жерден бас­тау алады. Сіздер мұнда отан­сүйгіштік, адамгершілік сияқты ізгі қасиеттердің бар­лы­ғын бойларыңызға сіңіріп, табанды әрі төзімді болуды үйре­не­сіздер. Алдағы бір жылда жан аямай қызмет етіп, ұлттық намы­сымыздың туын биіктен жел­біретіңіздер!» деп, жас сарбаз­дарға жігер беріп, атаулы күнмен құттықтады. 

Өте жауапты міндеттерді мін­сіз атқару үшін аталған Қыз­­метте сарбаздардың ке­шенді дене шынықтыру және жауынгерлік даярлығына баса назар аударылады. Олар сап­тық амалдарды, жауынгерлік қарудан ату машық-дағдысын, сондай-ақ жауынгерлік техниканы құрғақ жерде және суда жүргізуді және тағы басқа­лар­ды меңгереді. Спорттық жетіс­тік­тері бар жауынгерлердің әртүрлі деңгейдегі, оның ішінде әлем­дік дәрежедегі спорттық жарыс­тар­ға қатысу мүмкіндігі мол. 

Әскери ант қабылдау рәсі­мі­не  Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметкерлері өздерінің шеберліктерін, кәсіп­қой­лығы мен іс-қимыл­да­ры­ның үйлесімдігін көрсетіп жиыл­ған­дар­ды тәнті етті. Өз кезегінде жас сарбаздар да қысқа мерзімде алған машық-дағдыларын, соның ішінде қарумен және қарусыз игерген саптық амалдарын көрсетіп, көпшілік алдында салтанатты маршпен жүріп өтті. Сондай-ақ Президенттік үрмелі аспаптар оркестрі мен құрмет қарауыл ротасы плац-концерттің (дефиле) жаңа бағдарламасын көрермен назарына ұсынды.

Отан алдында ант қабыл­да­ған сарбаздар алдағы уақытта Мемлекеттік күзет қызметінің Нұр-Сұлтан мен Алматы қалала­рын­дағы әскери бөлімдері бо­йынша таратылып, әскери мер­зім аралығында жүктелген аса жауапты міндеттерді атқа­ру­ға кірісетін болады. 


АЛМАТЫ