Руханият • 07 Маусым, 2019

Ұлт жүгін арқалаған нар тұлға

1798 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биылғы күнтізбе халқымыздың тарихи тұлғаларының өмірімен тығыз байланысты айрықша даталарға толы. Осындай алыптардың қатарында қазақ журналистикасының кемеңгері, көрнекті жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаевтың 90 жылдығы аталып өтуде.

Ұлт жүгін арқалаған нар тұлға

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Кәкімжан Қазы­баев туралы: «Белгілі журналист-жазу­шы және қоғам қайраткері болған Кә­кімжан Қазыбаевты қызмет барысында жақсы танып-біліп едім. Ол шын мәнінде білімді, парасатты, xалықтың игілігі үшін бүкіл қабілет-қарымы мен қаламгерлік қайратын аянбай жұмсаған дарын иесі, жаны жайсаң азамат еді. Қалың жұртшылық оны құрмет тұтып, жадында сақтап келеді» деп Кәкеңнің 70 жылдық мерейтойына жіберген жеделхатында  тебірене еске алады.

Ал заңғар жазушы, Мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев өзінің үзеңгілес ағасы туралы: «Мамыражай, жайма-шуақ, кеңпейіл Кәкімжан аға ызғарлы кезеңдерден кейінгі руxани тоңды жібітуде ерекше қайраттылық танытты. Әдебиетімізде, қоғамдық ойымызда, әлеуметтік көңіл күйімізде өшпес із қалдырды» деп жазады.

Ағамыздың арамыздан кеткеніне де 30 жыл толды.

Кәкімжан Қазыбаевтың өмірі мен қызметі туралы жазу маған бір жағынан жеңіл, бір жағынан қиындау. Жеңіл дейтінім – менің балалық шағым сол керемет ортада өтті әрі сол кездегі ес­теліктер тізбегі әлі көз алдымда. Ал қиын дейтінім – Кәкімжан ағаның өмі­рі тақтайдай тегіс жарқын сәттер мен маңызды оқиғаларға толы болған жоқ, оның өмірі халқымыздың аса бір күрделі тағдырымен байланыс­ты бол­ды. Сондықтан да Кәкімжан Қа­зы­баевтың өмірлік ұстанымдары мен аза­маттық келбетін анық әрі нақты көрсететін тұстарын жазуға бел будым.

Жастайынан ол қайшылыққа толы мейірімсіз кезеңнің, жаппай коллектив­тен­дірудің, ашаршылықтың ауыр жыл­дары қазақ халқына жасалған гено­цидтің, 30-жылдардағы саяси репрес­сияның, Ұлы Отан соғысының аяусыз қиындығы мен ауырлығын тартып өсті. Ата-анасынан ерте айырылып, же­тім­діктің де небір қиыншылықтарын көрді.

Тағдырдың осындай тәлкегі сол тұста Кәкімжан аға сынды мыңдаған қа­зақ жастарының балалығы мен жас­тық шағын ұрлаған еді. Әсіресе осы ұр­пақ кейін қазақстандық алпысыншы жыл­ғылардың феноменінің іргетасына айналды.

Сол кезеңдердің ызғары бола­шақ журналист-жазушының азамат­тық мі­незі әрі шығармашылық қалыпта­суына іздерін қалдырса керек. Туабіт­­кен ізденгіштік, байқампаздық, ең­­­бек­­­қор­лық, сабырлылық, асқан да­рын­­дылық Кәкімжан ағаның кәсіби таң­дауын алдын ала болжағандай.

Мектепте оқып жүргенде қосымша ауыл есепшісі ретінде жұмыс істеп, кейін Қазақ мемлекеттік универ­сите­тінің журналистика факультетіне оқуға түседі.

1952 жыл Кәкімжан ағаның өмі­ріндегі ең бір елеулі кезең: универ­си­тетті тәмамдап, публицистика саласында алғашқы еңбек жолын бастайды. Оның газет беттеріндегі алғашқы жазбаларынан бастап соңғы жарияланымдары әлеуметтік әділдік, ұрпақ арасындағы тарихи сабақтастық, Отанға деген сүйіспеншілік, қоғамдағы рухани келісім сынды бір тізбекке құрылған шығармашылық лаборатория іспетті.

Қазақ ауылының өмірі, адамдардың шырғалаңға толы тағдыры, отбасылық өмірдің беріктігі, тұлғаны соғыстағы және тылдағы ерлігі мен патриотизмі арқылы пайымдауы – Кәкімжан Қазы­баев шығармаларының өзегі.

Асқан ұйымдастырушылық әрі басқарушылық қабілетке ие Кәкімжан аға әдеби қызметкерліктен бастап «Лениншіл жас» (бүгінгі күндегі «Жас Алаш») газетінің жауапты хатшысы, «Коммунизм таңы» (кейін «Жетісу» атанған) газеті редакторының орынбасары, ҚазССР баспа, полиграфия және кітап саудасы Мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары, ҚазТАГ-тың директоры, Қазақстан КП ОК хат­шысы, «Қазақстан коммунисі» жур­­налының редакторы лауазымына дейін­гі қызметтік жолдан өтті.

Журналистік қызметті он орап әкет­­­кен ол кәсіби қарымын өзіне  тән жауап­кершілік әрі жаңашылдықпен көтере білді.

Атақты халық батыры, белгілі жазушы Бауыржан Момышұлымен кездесуі – оның тағдырына бұйырған бақ еді.

Себебі сонау 1958 жылы Кәкімжан аға Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі туралы алғаш мақала жазған болатын. Тарихи тұлға, даңқты қолбасшы Ба­уыржан Момышұлы Кәкімжан Қазы­бавқа Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев туралы шығарма жазуға қолқа салады.

Бұл туралы Кәкімжан ағамыз Бауыр­жан Момышұлының: «Әрі жауынгер әрі командир ретінде бұл оқиғаның адам сенгісіз екенін білем әрі түсінем. Рақымжан сол тозақтың ішінде болған, сол тозақтан аман шыққан! Жеңіс жалауын тіккен!.. Сол бір тозақта оның өзінің тірі қалуы – керемет ға­жайып жағдай! Біздің басымызға келіп қон­ған Жеңіс деген бақыт – сол анау Рақымжан, Рақымжандар!» деген сөзін дәйек ретінде келтіретін.

1966 жылғы осы бір келелі кеңестен кейін Рейхстагқа ту тіккен қазақ баты­рының ұлы ерлігіне арналған «Кер­неген кек» («Священная ненависть») атты деректі повесть жарық көре­ді.

Бұдан жарты ғасыр бұрын, шектен тыс қуатты идеологиялық жүйенің қара­ма-қайшылығына толы сол тұста, біздің қазақтың Рақымжанының Рейхстагқа бірінші болып Мемлекеттік жалауды тіккендігі туралы повесть жазуын нағыз азаматтық батырлық деуге болады.

Бұл повесть авторға үлкен әдебиетке жол салды. Бұдан кейін Кәкімжан Қазыбаев қазақ әдебиетінің алтын жылнамасына енген шығармалар шоғырын жазды. Оқырман оның «Құпия», «Ыз­ғар», «Сұрапыл», «Аманат», «Қы­шыма», «Ақиқатқа ар серік», «Октябрь өрендері» романдары мен «Қара сел» атты пьесасын ұмытпақ емес.

Ал «Ызғар» мен «Аманат» романдары «Наказ», «Изморозь» деп  орыс тілінде жарияланды.

Ұзақ жылдар Кәкімжан аға қазақ халқының тарихындағы зобалаң кезең – ашаршылық туралы материалдар жинады. Көзінің тірісінде кітап ретінде шығарып үлгермесе де, ұлы Батыр Қазыбаевтың күш салуы арқасында бұл шығармасы «Сұрапыл» деген атпен жарық көрді.

Ол тұста одақтас республикалар үшін ұлттық құндылықтарды ұлықтау мүмкін емес еді, тіпті тыйым салынған деуге әбден болады. Алайда, Кәкімжан аға осындай қиындыққа қарамастан,  халқының рухани мүддесі мен оның ұлттық сипатта қарқын алуы жолында өлшеусіз қызмет етті.

Республикалық партия ұйымы­ның жетекшісі Д.А.Қонаевтың қол­да­уы­мен жаңа мәдени жобаларды іс­ке асы­руға ықпал етті. Алғаш рет рес­пуб­ликалық телеарнада ақындар айтысы, «Тамаша» ойын-сауық бағдар­ла­масы жарыққа шығып, кеңінен ел­дің сүйікті бағдарламасына айналды.  Мұқан Төлебаевтың, ағартушы-ғалым Шыңғыс Уәлихановтың 150 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралардың биік деңгейде аталып өтуі – қазақ хал­қының тарихи-мәдени мұрасының қайта өрлеуінің бастапқы нүктесі еді.

КСРО Ғылым академиясы ғалым­дары форумының және ЮНЕСКО-ның тарапынан Шығыстанушылардың халықаралық форумының Алматыда өтуі мен 4 сериялы фильмнің түсірілуі – осындай іргелі жобалардың кемелденген кезеңі болатын.

Еліміздегі алдыңғы буын ағалар 1979 жылғы «неміс оқиғасын» ұмыта қоймағаны анық.

Бір қарағанда, бұл мәселе жабық күйінде болғанымен, 1985 жылы Кремль «Ақмола неміс автономиясы»­ идеясын жасанды түрде «маздата» түседі. Кәкімжан Қазыбаевты Мәс­кеуге шақырады. 1985 жылғы 2 жел­тоқсандағы хатшы М.В.Зимяниннің қатысуымен өткен партияның Орталық Комитетінің жабық мәжілісінде респуб­ликадағы қоғамдық-саяси жағдай мен ұлттар арасындағы қарым-қа­ты­настарды сол кезде шиеленістіруге әкелуі мүмкін болған негізсіз көтерілген идеяға   Кәкімжан аға тойтарыс береді. Ол  өз баяндамасында «... нам не нужна автономия, ради автономии», деп ашық айтып, осындай күрделі мәселе тек қана халықтың қолдауымен шешілу керектігін көтереді. Кейін ағаның қойын дәптерінде «Мен ұзақ жылдар үнсіздік атты алып күштің құрсауында болдым, алайда халқымның ар-ожданы мен абыройы тапталған шақта үндемей қала алмадым», деген жүрек тебірентерлік сөздері сақталыпты.

Бұл тақырып жабық күйінде қал­ғандай болады. Алайда, Кәкімжан Қа­зыбаев үшін бұл оқиға аяқ астынан ат­қарып жүрген қызметінен ақырын «Қазақстан коммунисі» журналына қызмет «ауысуымен» аяқталады.

Кәкімжан ағаның өмір жолындағы сынақ пен үрейді, жеңіс пен жетістікті өмірлік жары Орынша апа тең бөлісті. Ол ағамыздың жары, ұл-қызының анасы ғана емес, сындарлы шақтарда үзеңгілес досы әрі сырласы  да бола білді. Атақты Мемлекет қайраткері, республиканың атқару комитетінің төр­ағасы Ұзақбай Құлымбетовтің қы­­зы Орынша апа жастайынан қуғын-сүр­гіннің зардабын тартып өскен, «халық жауының ұрпағы» деген жазықсыз күйе жағылған буынның өкілі. Ол – Кәкім­жан аға әулетінің тірегі әрі ша­ңырағының шырақшысына айналған абзал ана.

1989 жылдың 21 қазанында ұлтының жүгін арқалаған нар тұлғаның, тарихты жасаған арда ұлдың, ұлттық өрлеу кезеңі –  жаңа кезеңнің жаршысының жүрегі соғуын тоқтатты. Ол өзі арман еткен, өзі жазған Тәуелсіздіктің – мемлекет тәуелсіздігі таңының атуына 785 күн қалғанда дүниеден өтті.

Кәкімжан ағаның жазу үстеліндегі күнделігінде мына соңғы өлең жолдары жазылған екен:

«...Жылы сөздер

Ұмтылдырар өрге тек.

Жылы сөздер

Жүрек тербер перне көп.

Жылы сөзбен

Қопарасың тауды да,

Жылы сөйле,

Жағымды бол елге тек!»...

Бұл өлең жолдары өз халқының – Кәкімжан Қазыбаев сынды сүйікті әрі даңқты ұлының есімін жадында сақтаған ұлтының шері мен мұңына, қуанышы мен жетістігіне, арманы мен үмітінің ақталу жолына тағдырын арна­ған тұлғаның өмірлік және шығар­машылық жолының эпилогы десе де болғандай.

 

Ерлан АРЫН,

экономика ғылымдарының докторы, профессор