Руханият • 07 Маусым, 2019

Суретші Дана Жүсіпованың жеке көрмесі ашылады

1098 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2019 жылдың 11 маусым күні Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында суретші Дана Жүсіпованың «Шабыт» атты жеке көрмесі ашылады. Экспозицияда қылқалам шеберінің кескіндемелік және акварельдік мәнерде орындаған 26 туындысы қойылады.

Суретші Дана Жүсіпованың жеке көрмесі ашылады

Суретші шығармашылығының басты бағыты – пейзаж бен натюрморт. Оның шығармашылығындағы аспан кеңістігі, таулар мен су романтикалық сезімге толы. Табиғат пен сәулетке деген құштарлықты суретші өзінің әрбір жұмысында түстік палитра арқылы ғана емес, ауамен де береді. Дана Жүсіпова майлы бояуға қандай шебер болса, акварельде де асқан сезімтал.

Картиналары Қазақстанның сұлу табиғатынан, көбінесе біздің көз тоймас көрікті тауларымыздан алған әсерінің күшімен жазылған. «Лондон», «Милан», «Алма-Арасан шатқалы», «Самал жел», «Жұлдызды аспан», «Венеция», «Темза жағалауында», «Үлкен Алматы көлі», «Үлкен Алматы шыңы», «Лондондағы Әулие Павел соборы», «Тау таңы», «Көкжайлау» атты туындылары мен «Айылқияқтар» топтамасы суретші үшін оның шығармашылық жетістіктерінің көрінісі болмақ. Оның жұмыстары жеке коллекцияларда сақтаулы. Көрмеге қойылған туындылары Дана Жүсіпованың зор шығармашылық әлеуетінің кішкентай бөлшегін ғана ашады.