07 Маусым, 2019

ШҚО-да көпбалалы отбасылардың оқуға түсуіне жеңілдік жасалады

1334 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл көпбалалы отбасылардың студенттеріне 3 миллиард теңге қарастырылып отыр.

ШҚО-да көпбалалы отбасылардың оқуға түсуіне жеңілдік жасалады

Төрт ай бұрын Өскеменде өткен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ХХІІ конференциясында Шығыс Қазақстанда көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары балабақшадағы тамақтану төлемінен босатылатыны, өңірдегі әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың колледжде оқитын балалары тамақпен және шәкіртақымен тегін қамтылатыны, сонымен қатар аймақтағы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың мектеп жасындағы балаларына форма сатып алуға 500 миллион теңге көлемінде жәрдем көрсетілетіні жайында айтылған еді.

Қазір өңірде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға әлеуметтік көмек көрсету мәселесі қаралуда. 5 маусымда Өскеменде атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалуы бойынша өткен жиында баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың келтірген деректеріне сүйенсек, биыл аймақтағы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың 1087 оқушысы (оның ішінде 898-і 9 сыныпты, 189-ы 11 сыныпты аяқтамақ) мектеп бітірмек. Ағымдағы жылы тегін кәсіптік-техникалық білім беру үшін облыстық бюджеттен 6200, республикалық бюджеттен Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы бойынша 1730 орын бөлініпті. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен жылына 4,5 миллиард теңге, оның ішінде биыл көпбалалы отбасылардың студенттеріне 3 миллиард теңге қарастырылып отыр екен. Аудандық және қалалық білім бөлімдері қазіргі уақытта көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларының облыс колледждерінде білім алуға тілек білдірушілерін анықтау жұмыстарымен шұғылданып жатқан көрінеді. «Жақында Семейде болғанымда маған бір көпбалалы отбасы баласының жеке меншік колледжде оқитынын айтты. Бұл мәселені қалай шешуге болады?» деп сұрады жиында аймақ басшысы орынбасары Әсем Нүсіповадан. Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселені мемлекеттік тапсырыс аясында шешуге болатынын тілге тиек етті. «Өңірдегі қала мен аудан әкімдері облыстық Білім басқармасы мен білім бөлімдерімен бірлесе бұл мәселені тікелей бақылауына алсын. 1087 түлектің ішінде оқуға түскісі келетіндерді анықтап, оларға тиісті жеңілдіктер жасалуы керек. Біз уәде бердік, сөзімізде тұруымыз керек», – деді облыс әкімі.


ӨСКЕМЕН