Руханият • 08 Маусым, 2019

Андрей Фоменконың «Кәдімгі тарих» көрмесі ашылды

792 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыдағы Esentai Gallery ғимаратында тарихшы, өнер сыншысы, аудармашы әрі эссеист Андрей Фоменконың «Кәдімгі тарих» атты көрмесі ашылды.

Андрей Фоменконың «Кәдімгі тарих» көрмесі ашылды
Оған 70 сурет қойылған. Esentai Gallery-ның директоры Тоғжан Сақбаеваның айтуынша, әрбір сурет зерттеуге негізделгендіктен мұндай суреттер топтамасы көпшілікке бұрын-соңды көрсетілмеген.

Андрей Фоменко көрмеге 2017 және 2018 жылдары Маңғыстау облысына барған кезде түсірген суреттерін қойған.

Автор Үстірт шоқысы, Сор Түзбайыр, Шерқала, Айрақты тауында, Каспий теңізінің жағасында және Маңғыстаудың өзге де жерлерінде болған. Ол жергілікті жер бедерін, жануарлар мен өсімдік әлемін, мазарлар мен зираттар, петроглифтер, Шақпақ ата мешітін, жергілікті тұрғындарды суретке түсірген.

«Кез келген адам Ай, Марс, Венераға бара алмауы мүмкін, бірақ Маңғыстауға бара алады. Бұл табиғат жағдайы өте қатал аймақ. Онда тіпті тұщы су да жоқ, есесіне тұз көп, жылдық орташа температурасы өте жоғары. Климат жағдайына табиғаты да сай. Құдды метафизикалық әлемге өтіп кеткендей. Физикалық және метафизикалық әлем арасындағы дәл осы шекара мені таңдандырады. Суреттерімнің барынша қарапайым, анық, қатаң, өзі баяндап тұрғандай болғанын қаладым», деді ол.

Салааралық зерттеулер кафедрасының профессоры, өнер саласындағы практик, өнертану ғылымының докторы Андрей Фоменко Санкт-Петербург қаласында тұрады және сонда жұмыс істейді. Зерттеулерінің негізгі тақырыбы: советтік фотоавангард. Суретке түсіру теориясы бойынша бірнеше кітап шығарған. Орталық Азияны жақсы біледі. Әкесі Қырғызстандағы Манас әуежайының құрылыс жобасына жетекшілік еткен кезде бірнеше жыл сонда тұрған. Бішкектегі көркемөнер училищесінде оқыған.